Меркі ауданындағы мектептердің біріндегі 44 жастағы Х. атты мұғалима есірткі заттарын сақтағаны және сатқаны үшін ұсталды. Оның үй-жайын тінткен кезде 34 бума марихуана табылды.
Күдікті ұстаз полицияға есірткілерді сатып алушылардың арасында өзінің оқушылары да болғанын мойындаған. Жергілікті білім саласында қызмет еткеніне тоғыз жылдай уақыт болған оның өзі екі балалы ана. Тергеу барысында есірткі өткеру сияқты былғаныш іс-әрекетке оны азаматтық некедегі күйеуі мәжбүрлегені белгілі болды. Полиция қызметкерлері, сонымен бірге, есірткі сатумен айналысқан мұғалиманың Тараз қаласы мен Меркі ауылында тұратын 7 «әріптесін» де қолға түсірді.
Облыстық ІІД есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы Шопырхан Жапабаевтың айтуынша, қолға түскендердің бәрі қылмыстарын мойындарына алған. Сондай-ақ, ұстазынан есірткі сатып алған оқушылар да белгілі болды.
Қазір тергеу одан әрі жүріп жатыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы,
Меркі ауылы.