Ұлыстың ұлы күні Самарқанның көк тасы да ериді деседі. «Жан жылуы» да наурыздың күні секілді қатқан жүректерді жібітті. Ұлыстың ұлы күні қар астынан бәйшешек гүл қылтияды. «Жан жылуы» да сол гүл секілді жанға жылылық, құштарлық сыйлайды. Ендеше, «Жан жылуының» қайырымдылық концерті Наурыздың қарсаңында аталып өтуінің мәні зор. Себебі, Ұлыстың ұлы күні – адамдарды татуластыратын, қайырымдылық жасайтын, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беретін ұлық мереке.
«Қазақстан» ұлттық арнасындағы талай жанның өмірге құштарлығын оятып, жүректерге жылу сыйлаған «Жан жылуы» бағдарламасының эфирге шыққанына биыл бес жыл. Осыған орай Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақстан» ұлттық арнасы қайырымдылық кешін ұйымдастырды. Концертке бағдарламаның арқасында өмірі үлкен өзгерістерге ұшырап, көрерменнің көп көмегін көрген кейіпкерлер де шақырылыпты. Кеш барысында олардың күрделі тағдырынан сыр шертетін бейнекөріністер көрсетілді.
«Бес жылдың ішінде «Жан жылуы» эфирге шығарған кейіпкерлердің басым бөлігі бүгінде мүлдем өзгерген. Айталық, Дидар Қайыпов қайырымды, жүрегінде ізгілік шуағы мол жандардың көмегімен емделуге 7 мың АҚШ долларын жинап қана қоймай, Алматы облысы әкімдігі тарапынан баспанаға қол жеткізіп, мемлекеттік тегін протезге ие болды. Бүгінде Дидар аяққа тұрып, тіпті үйленуге де талпыныс жасап жатқанға ұқсайды. Сондай-ақ, морт сыну бер жағы, сүйектері бордай үгітіліп бара жатқан үш жасар Аружан мен 10 жастан енді ғана асқан Рамазан сынды қос мұңлық та жарық дүниеде қалуға деген үміттің соңғы сәулесін осы «Жан жылуынан» іздеп келген еді. Ата-аналары, тіпті қолына ұстап, бауырына басуға қорқатын халге жеткен Аружан мен «тым құрыса өзі отырса ғой» деп армандайтын Рамазанды бағдарламадан көрген жұрт еріксіз егіліп қана қоймай, қолдарынан келгенше қаражат жинап берген. Нәтижесінде, тағдыры егіз екеу де Мәскеуге барып емделіп, өздігінен отырып, тіпті Аружан жүре алатын да халге жетіп отыр. Айта кету керек, Аружанға көмек қолын созған «Жас Отан» жастар қанаты. Олар қайырымдылық концертін ұйымдастырып, алты миллион теңге қаражат жинап берген. Ал Астана қаласы әкімдігі Рамазанға екі бөлмелі пәтер сыйлаған. Қазір ол үйден болса да сабақ оқып жүр. Бұдан бөлек, кезінде анасы балалар үйіне өз қолымен тапсырған Асқар Иманқұлов 9 жасқа толғанда «Жан жылуы» арқылы Сарыағаштан өзіне мейірімді ата-ана тапты. Расында, осы бес жылда қаншама адамдардың кеудесіне үміт дәнін сеуіп, өмірге құштарлығын арттырса, жеке өзіме денсаулық пен өмірдің қадірін түсінуді үйретті», дейді «Жан жылуы» бағдарламасының продюсері, жүргізушісі Ақбаян Сапарбаева.
Шынымен, бұл концерт өзгелерден өзгешерек болғаны даусыз. Оның жүргізушілері де ерекше, олар – қоларбаға танылса да мемлекеттік қызметпен бірге телеарна жүргізушілігін қатар алып жүрген жігерлі жігіт Ардақ Отарбаев пен Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Самат Андреев. Ал олардың қасында «Қазақстан» ұлттық телеарнасының продюсері, тележурналист Ертай Нүсіпжанов пен «Жан жылуы» бағдарламасының жүргізушісі Ақбаян Сапарбаева болды. Кешке сондай-ақ, Досымжан Таңатаров, Гүлнұр Оразымбетова, Бақыт Шадаева, Ардақ Балажанова, Жаңабай Өтегенұлы, Майра Ілиясова сынды қазақ эстрада жұлдыздарымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған «Қоларбадағы бишілер» тобы мен «Шашу» отбасылық ансамблі де өнер көрсетті. Ал концерттен түскен қаржымен абайсызда марганцовка ұнтағын жұтып қойып, өңеші күйіп қалған төрт жасар алматылық Әсет Жиенбековке көмек көрсетілмек.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан Омаров,
«Егемен Қазақстан».