Елбасы өз жолдауларында білім беру сапасына үлкен көңіл бөліп, бәсекеге қабілетті, сауаттылығы жоғары елге айналу міндетін алға қойып келеді. Иә, бүгінгідей қарыштап дамыған заманда ғылым мен білімнің озық технологиялары мен инновациялық әдіс-тәсілдерін меңгерудің, кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламаларын енгізудің өміршеңдігі айқын сезіліп отыр. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы білім мен кәсіби машықты заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдарына айналдыра отырып, ұстаздардың кәсіби шеберлігін көтеріп, қалыптасқан іс-тәжірибелерін тарату, курс және курсаралық кезеңдерде білімдерін жетілдіру талабынан ауытқыған емес. Біліктілікті арттырудың жаңартылған үлгісі бойынша педагог кадрларын қайта даярлау жүйесінде сапалы білім беру қолжетімділігі мен әлемдік стандарттар өлшемін жетекшілікке аламыз.
Біз алдымен ұжым мүшелерінің іскерлігі мен біліктілігіне сүйенеміз. Өйткені, курстық дайындық бағдарламасының сапалы болуы, оқыту әдістемелерінің тиімділігі көп нәрсені шешеді. Оқытушылар құрамының 9,3 пайызын ғылыми дәрежесі бар оқытушылар, 43,3 пайызын магистрлер құрайды. Бір-екі жыл көлемінде қатарымыз тағы 12 магистрмен толығады. Деңгейлік бағдарламалар орталығының 11 жаттықтырушысы Кембридж халықаралық емтихан кеңесінің, «Назарбаев зияткерлік мектебі» ААҚ педагогикалық шеберлік орталығының сертификатын иеленген. 26 оқытушының халықаралық және республикалық деңгейдегі сертификаты бар. 2 кафедраның 19 оқытушысы, 11 сертификатталған жаттықтырушы, бөлімдердің 20 қызметкері «Назарбаев зияткерлік мектебі» және Кембридж университетімен бірлесіп әзірлеген бағдарламалар бойынша курстық даярлық шараларын өткізуге жетекшілік етеді. Бұдан тысқары филиалдың өз өлшемдеріне сәйкес қалыптасқан дәстүрлерді жаңғырта отырып, педагогикалық қызметтің үлгілі үдерістерінен қалмау, бастамашылдықтарды қолдау жағына да ерекше назар аударылады. Әсіресе, корпоративтік мәдениетті жаңғыртпайынша білім беру ортасында бәсекелестікті өрістету мүмкін емес. Атап айтар болсақ, кәсіби дамыту, шығармашылық ұмтылыс, командалық рух, алқа болып шешім қабылдау арқылы біліктілікті арттырудың оңтайлы жолдарын табуға болады. Бұл салаға мектеп, лицей, гимназия және тағы басқа білім беру ұйымдары кеңінен қатыстырылып, білім сапасын қоғам мен еңбек нарығының жоғары талаптарына үйлестірудің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланады. Ұжымда 9 қазан «Жас қызметкерлердің шығармашылық және өзіндік кәсіби іске асыру күні» ретінде аталып өтеді. Мұндағы мақсат аға буын әріптестерінің бай іс-тәжірибесін насихаттауды, өзара шығармашылық байланысқа түсуді, жастардың тұлғалық, кәсіби дағдысын шыңдауды көздейді. «Жастар бастамасы» қоғамдық бірлестігі орталығы да білім беру кеңістігінде акциялар, флешмоб, таныстырылымдар ұйымдастыру арқылы өз жобаларын сәтті жүзеге асырып келеді.
Филиал оқытушылары мен облыс педагогтары бірлесіп жазған оқулықтар мен әдістемелік құралдар шығару тәжірибесі оң үрдіс тапқан. Көптеген оқулықтар мен әдістемелік құралдар осындай ортақ ойдан туып, сапалы білім берудің алғы идеялары, білім беру мен мәдениет салаларындағы өзгешеліктер, инновациялық жаңалықтар тоғысқан. Алда да оқу, оқыту әдістемесін жетілдіруге бағытталған шығармашылық ізденістердің авторлық еңбектері жарық көреді. Ал, курстық даярлықтар кезінде «Мұғалімнің әдебін және корпоративтік мәдениетін қалыптастыру», «Педагогикалық беделтану», тағы басқа тақырыптар аясындағы сабақтарға қызығушылық көп. Өз кезегінде әр курс кураторлық сағаттармен ашылады. Онда оқытушылар біліктілікті арттырудағы жаңа білім беру саясатына, ұсынылып отырған элективтік үлгінің философиясына, оқу материалының орналасу қисынына, интерактивті сабақ үлгілерін таңдауға, даярлық курсының қатысушыларын бағалау жүйесіне кең түсінік береді. Мұның өзі курсқа қатысушылар мен оқытушылар арасында сындарлы әріптестік қатынас орнатуға септігін тигізері анық. Курстық даярлықтың соңында тыңдаушылардың шығармашылықтары топтық есептер, стендтік материалдар, әдістемелік ұсыныстар, эссе, білім беру жобалары, ақындық, дыбыс және бейнематериалдар түрінде көрініс табады. Корпоративтік мәдениетті дамытудың басқа да жолдары қарастырылған. Мәселен, филиал сайтында материалдарды орналастырудағы жеделдік мен ұтқырлықтың, мазмұн сапасының, тәжірибе құндылығының, тексеру мен талдаудағы әдістемелік жаңашылдықтың мәні ерекше. Проблемалық-тақырыптық семинарларда SWOT талдау мәселелері, оларды шешу жолындағы ресурстарды айқындау, кадрлық, ұйымдастырушылық, ақпараттық, технологиялық, өзіндік білім беру жайлары жүйелі талқыланады. Тақырыптардың өзектілігі, ғылымилығы, тәжірибелік маңыздылығы баса ескеріледі. Кадрлармен жұмыс істеуде «білім – өмірдің барлық ағымында» деген философиялық тұжырымды сіңіру – алғышарт. Бұл қағидатты кең түрде жүзеге асыру курстық дайындықпен қатар әлеуметтік-мәдени ізденістерді де қажет етеді.
Филиалдың биылғы қызметі корпоративтік мәдениетті көкейкесті етуге, педагогикалық қоғамдастықтың шығармашылығын дамытуға бағытталған. Ол үшін «Ауыл мектебі», «Жаңа мектеп», «Білім берудегі көшбасшылық» секілді педагогтардың кәсіби шеберлігін жетілдіруге арналған конкурстарға басымдық берілген. Тәлімгер-педагог пен жас маманның бірлескен жұмыстарына қатысты дөңгелек үстелдер, пікірталастар, педагогикалық шешендікке байланысты тренингтер, семинарлар, пікір алмасу алаңдары кеңінен пайдаланылады. «Өрлеу» сараптамасынан өткен оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендері жалпы жинаққа енгізіліп, «Біліктілікті арттыру курсының жаңартылған ең үздік бағдарламасы», «Біліктілікті арттыру курсының ең үздік ОӘК» байқауларына қатысады.
Білім және ғылым министрлігі мен облыс әкімінің арасындағы меморандумға сәйкес биыл 3500-ге жуық мұғалімді жаңа форматтағы біліктілікті арттыру курстарына, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқу-тәрбие үдерісіне пайдалану, білім мен тәрбиенің өзекті мәселелерін дамыту бағдарламалары бойынша ғылыми және тәжірибелік деңгейде даярлықтан өткізуді жоспарлап отырмыз. Филиал ұжымының бірлескен шығармашылық жұмыстары өз жемісін беріп келеді.
Алма МЫРЗАЛИНОВА,
педагогика ғылымдарының докторы,
Айна ҚАРАБАТЫРОВА,
аға оқытушы.
ПЕТРОПАВЛ.