Екі миллионнан асып жығылатын тұрғыны бар мегаполисті бір сәт электр қуатынсыз елестетудің өзі қиын. Энергия тапшылығы әсіресе шаһардың шет аудандарында байқалған. Кей нүктелерде жарты сағатқа, ал кей аумақтарда 1-2 сағат көлемінде тоқ болмаған. Бағдаршамдардың істен шығуына байланысты жол қозғалысында азды-көпті келеңсіздік туындағанымен, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін салалардың жұмысында пәлендей іркіліс бола қойған жоқ. Алматы қаласы мен облыс аумағын түгелдей дерлік электр энергиясымен қамтып отырған «Алатау Жарық» компаниясы аталған жайға қатысты анықтама берді.
«Алатау Жарық компаниясы» АҚ «Солтүстік-Оңтүстік» жоғары вольтті электр тарату желісінде орын алған апаттық жағдай салдарынан электр қуатынан ажыратылған Алматы қаласының тұтынушыларын жарықпен қамтамасыз ету толық көлемде қалпына келтірді. Ағымдағы тәуліктің 13 сағат 53 минутында барлық ажыратылған абоненттерге электр энергиясы берілді. Энергиямен жабдықтаудағы үзіліс 1 сағат 48 минутты құрады. Апат кезінде мегаполистің әкімшілік аудандары бойынша барлығы 92 мыңнан астам тұтынушы жарықсыз қалды. Оның 88,5 мыңы – тұрғын үйлер мен пәтерлерге тиесілі», деп мәлімдеді жауапты мекеменің баспасөз қызметі.
Дәл осы уақыт аралығында жалғыз Алматыда ғана емес, Алматы облысының аумағында, сондай-ақ Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының кей жерлерінде энергия тапшылығы туындаған. Тұрғындарды алаңдатқан ахуалға қатысты сәл кейінірек мәлімдеме жасаған Энергетика министрлігі бұл жайт Орталық Азияның энергия жүйесіндегі апаттық теңгерімсіздікке байланысты болғанын жеткізді. Желіде Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасының бірқатар өңірінде де электр қуаты уақытша істен шыққаны туралы ақпарат тараған болатын.
«Аталған жайтқа байланысты «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» желісіне 500 кв электр энергиясының транзитіне шамадан тыс жүктеме түсті. Осыған байланысты оңтүстік аймақ тұтынушыларының едәуір бөлігін ажырату арқылы «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитінің апаттық бөлінуі орын алды. Шектеулер көлемі 1500 мегаваттан асты. Атап айтқанда, Алматы қаласы мен Алматы облысында – 1000 МВт, Жамбыл облысында – 300 МВт, Түркістан облысында – 500 МВт және Қызылорда облысында – 20 МВт. Жиіліктің төмендеп кетуі салдарынан Өзбекстан, Қырғызстан энергия жүйелері толық өшірілді. Автоматиканың іске қосылуына байланысты Жамбыл ГРЭС, Шымкент ЖЭО-3, Қызылорда ЖЭО-6 және Алматы облысының электр стансасының өшірілуіне жол берілген жоқ», деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.
Сала мамандары мұндай жайлардың орын алуы қалыпты құбылыс екенін, сондықтан бұған алаңдауға негіз жоқтығын, қаланы жарықпен қамту жүйесі күн санап жетіліп келе жатқанын жеткізді.
Десе де Алматыда энергия саласына қатысты өзекті мәселе жоқ емес. Еліміздегі ең алып мегаполистің кей аудандарындағы жерасты электр желілерінің тозығы жетіп тұрғанын бұған дейін мамандар пікірімен алға тартқан едік. Жүргізілген зерттеуге сәйкес қаланың кейбір жерасты нүктелеріндегі бүгінге дейін қолданылып келе жатқан электр сымдары сонау Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін орнатылғаны анықталған. Бұл сымдар қанша жерден төзімді әрі берік десек те, тоқтың аты тоқ. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Әлемнің «ақылды қалаларының» қатарына қол созған Алматы үшін бұл кешеуілдетпей шешімін табуға тиіс мәселенің бірі. Өркениетке қосылғысы келетін мегаполис алдымен қуат көздерін реттеп алғаны жөн.
АЛМАТЫ