ЭКСПО шежіресі: Льеж, 1905 жыл
Кезекті Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі Бельгияның Льеж қаласында 1905 жылы 27 сәуір мен 6 қараша аралығында өтті. Халықаралық көрме Бельгия тәуелсіздігінің 75 жылдығына және король ІІ Леопольдтің билік құрғанына 40 жыл толу құрметіне арналды.
Билікқұмар және мақтау сүйетін қатыгез монарх ІІ Леопольд тарихта өзінің атын қалдыру мақсатында, өзінің корольдігінде Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізу туралы шешім қабылдады. Көрме Бельгияның сол кезде көлемі жағынан екінші қаласы болып саналатын Льеж қаласында өткізілетін болды. ІІ Леопольд бүкіл әлемге өзінің байлығын паш етуді мақсат тұтты. Ал оның байлығы шынында да жетерлік еді.
Бельгия королі бұл байлыққа ерен қатыгездігінің арқасында Конго өзенінің бойындағы африкалық елдерді басып алып, құлдыққа айналдыру барысында қол жеткізген еді. Конго өзені бассейнінде мекен ететін халықтарды құлдыққа айналдыру саясатын шексіз қаталдықпен жүргізген ІІ Леопольд замандастарының арасында «тәж киген маклер» деген атқа ие болған еді. Бельгия королі қорғансыз африкалықтардың қанын судай ағызып, олар мекендейтін өңірдің байлығын барынша иеленді. ІІ Леопольдтің құлдарға деген қаталдығы туралы талай аңыздар тарады. Ол сәл ғана кінәлі болған құлдардың бірден қолдарын немесе аяқтарын шауып тастап отырған. Тарихшылардың дерегі бойынша, ІІ Леопольд билік құрған кезеңде Конго еліндегі тұрғылықты халықтың саны 20 миллионнан 10 миллионға дейін құлдыраған.
Қанішер корольдің құлдық саясатын жүргізген өңірлердегі асқан қатыгездігі еуропалықтар тарапынан талай рет сынға алынды. Алайда, ІІ Леопольдтің шешімімен өткізілгелі отырған Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесіне Австрия, Болгария, Дания, Франция, Аргентина, Бразилия, Канада, АҚШ сияқты 29 мемлекет ресми түрде қатысуға келісімін берді. Ал Қытай, Жапония, Испания және Германия мемлекеттері Льеж қаласында өткізілетін ЭКСПО көрмесіне бейресми қатысушылар ретінде тіркелді.
Халықаралық көрмені өткізу қарсаңында Льеж қаласы қайта құрылды. Көрме қалашығына жақын маңайдағы тұрғын үй кварталдары толығымен абаттандырылды. Альберт каналы және Орт, Маас өзендері арқылы жаңадан бірнеше көпірлер салынды. ІІ Леопольд Бүкіләлемдік көрме өткізу шараларына ешқандай қаржы аямады. Қалада жаңадан трамвай желісі салынды. Жергілікті өзен айлағы түбегейлі қайта жабдықталып, Еуропадағы ең ірі айлаққа айналды.
Көрме қалашығы Льеж қаласының ең көрікті жеріндегі 66 гектар бау-бақша аймағында қоныс тепті. Көрме қалашығы құрылыс нысандарын салуға король қазынасынан мол қаржы бөлінді. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізуде қалыптасқан дәстүр бойынша, Льеж қаласындағы көрмеге қатысатын әрбір мемлекет өздері қол жеткізген ғылым мен техника жетістіктерін барынша көрсетуге тиіс еді. Осы дәстүрге сәйкес көрмеде сол кезеңдегі ғылым мен техника жетістіктері кеңінен көрініс тапты. Әсіресе, көрмеге келушілерді баспа саласындағы жаңалық, қазіргі тілмен айтқанда полиграфиялық өнер саласындағы инновация ерекше қызықтырды. Көрмеге белгілі суретшілердің туындыларының жаңа технологиямен жасалған көшірмелері қойылды. Бұл көшірмелердің түпнұсқамен дәлдігі көрермендерді ерекше таңдандырды. Міне, осы баспа саласындағы жаңа технологияның жетістіктерінің нәтижесінде кітап басу өндірісі жаңаша сипат алды. Көп бояулы, түрлі-түсті журналдар шығарыла бастады. Көрмеде алғаш түрлі-түсті бояумен шығарылған плакат келушілердің көз жауын алды. Осы кезеңнен бастап түрлі-түсті бояумен шығарылатын плакаттар әртүрлі тауарларды жарнамалайтын жарнама құралына айнала бастады. Нақ осы көрме өткізіліп жатқан күндерде техникалық гуаш бояуының жаңа технологиялары өндіріске енгізілді. Льеж қаласында жалауы алты ай бойы желбіреген бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің құрметіне композитор Жан-Теодор Раду салтанатты рәсімге арналған кантата жазып шығарды. Көрме қалашығында салынған көркем-өнер сарайы сол заманғы сәулет өнерінің ерекше туындысы ретінде бағаланды. Бүкіләлемдік көрменің жәдігерлері қойылған осы сарай кейіннен Льеж қаласының иелігіне берілді. Бүгінде осы сарайда Льеж қаласының қазіргі заманғы өнерінің мұражайы орналасқан. Осы ретте айта кететін тағы бір мәселе, 1905 жылғы Льеж қаласында өткен Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің көптеген жәдігерлерін бельгиялықтар күні бүгінге дейін сақтап келді. 1905 жылғы көрмеде көпшілікті таңдандырған көптеген жәдігерлер Льеж қаласында өткен Бүкіләлемдік көрменің 100 жылдығына орай қайтадан мұражайларға шығарылды. Ұқыптылықпен сақталған бұл жәдігерлер уақыт сынына төтеп беріп, бүгінгі көрерменнің көзайымына айналуда.
Қатыгездігімен аты шыққан ІІ Леопольд осы көрмені өткізу барысында замандастарының арасында пайданың көзін таба білетін қаржыгер ретінде де танылды. Бельгияда өткен осы көрмені алты ай мерзім ішінде 7 миллионнан астам адам тамашалады. ІІ Леопольд бұл көрмені өткізу барысында жеке қазынасынан шығарылған мол қаржыны қайтарып қана қоймай, 75 117 бельгиялық франк көлемінде таза табыс тапты.
Льеж қаласы дүниежүзілік ауқымдағы айтулы шара – Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізу жөніндегі дәстүрін бұдан кейін де сәтті жалғастырды. Басқасын былай қойғанда, оған осыдан бір-екі жыл бұрын Льеж қаласы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құрметіне ие болу жолындағы бәсекеге түсіп, Астананың бірден-бір қарсыласы болғандығы куә. Абырой болғанда, Халықаралық көрмелер бюросы ұйымына мүше 160-тан астам мемлекеттің 100-ден астамы елордамыз – Астананы қолдап дауыс беріп, тарих шежіресінде ерекше салтанатпен аталатын ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрмесін өткізу құрметі Қазақстанға бұйырды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».