Коронавирус • 26 Қаңтар, 2022

Жастар арасында жылдам тарап жатыр

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл 24 қаңтардағы мәлімет бойынша облыста коронавирусқа қатысты 124 жағдай анықталды. Оның 43-інен ауру белгілері байқалған, басым бөлігі симптомсыз. Ал инфекциялық стацио­нарда 368 науқас ем қабылдап жатыр. 40 мыңға жуық тұрғын коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын қабылдады.

Жастар арасында жылдам тарап жатыр

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов ауруды анықтау мен алдын-алу бағытындағы жұмыстарды саралап өтті.

– Қазір облыс «қызыл ай­мақтар» қатарында тұр. Індет жұқтырушылар қатары да күн сайын артып барады. Дертті ден­­детпеудің жалғыз амалы – екпе алу. Осы күні облыста вак­цинаның 1 компонентін алғандар 92,6 пайыз болса, екінші бөлігін сал­дырғандар да осы межеге жетіп қалды. Ал ревакциналаудан 39 537 тұрғын өткен. Сондай-ақ 8 мың доза «Спутник-Лайт» вак­цинасы жеткізіліп, барлық ем­ханаға жөнелтілуде, – деді Ж.Шайым­бетов.

Індетке шалдығушылар облыс орталығында көп тіркеліп отыр. Аудандар арасында Шиелі және Жаңақорғанда вирус жұқ­тырғандар басым. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бас­шысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова 20-39 жас аралығындағылар індетке жиірек ілігіп отырғанын айтып өтті.

– Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балалар арасында да көбірек байқалып отыр. Облыста коронавирус инфекциясынан бө­лек, жіті респираторлық вирус­ты ин­фекциялардың эпидахуал­ы күр­деленіп тұрғанын да айта ке­тейік. Соңғы аптадағы көрсет­кіштер өткен кезеңдермен салыс­тырғанда 1,5 есеге артқан, – деді Әлия Мүтәліпқызы.

 

Қызылорда облысы