«Хофбург» сарайында Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Сарыбайдың Австрия Республикасының Федералдық президенті Хайнц Фишерге Сенім грамотасын тапсыру салтанаты болып өтті.
Сұхбат барысында қазақстандық дипломат Австрия басшысына Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сәлемін жеткізді. Өз кезегінде, Х.Фишер Қазақстан басшысының жылы лебіздеріне ризашылығын білдіре келе, Қазақстан-Австрия қатынасының дамуына үлкен маңыз беретінін атап өтті. Сауда-экономикалық байланыстың табысты өрбуін айта отырып, ол бұл саланың зор әлеуетіне назар аударды.
Елші Қазақстан Австрияның жасыл технологиялар, құрылыс және туризм салаларындағы үздік жетістіктерін есепке ала отырып, осы ел тарапынан инвестициялардың ұлғайтылуына мүдделі екенін атап өтті. Қ.Сарыбай Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі австриялық компаниялар үшін тиімді алаң бола алатынына назар аударды.
Сұхбат соңында Х.Фишер Президент Н.Назарбаевқа өзінің ізгі тілектерін жеткізіп, елшіні лауазымдық міндеттеріне ресми кірісуімен құттықтады.
«Егемен-ақпарат».