Әлем • 26 Қаңтар, 2022

Бердімұхамедов Ұлыбритания елшісін тығырыққа тіреді

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2022 жылғы 11 қаңтарда Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Түркіменстандағы жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Люси Уайлд ханымды қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бердімұхамедов Ұлыбритания елшісін тығырыққа тіреді

Кездесу барысында елші президентке сенім грамотасын тапсырған. 

Люси Уайлд президентке II Елизавета ханшайым мен премьер-министр Борис Джонсонның ыстық сәлемін жеткізіп, Түркіменстанның теңдік, өзара құрмет және тиімділік қағидаттарына негізделген байланыстарды нығайтуға бейіл екенін білдірді. 

Ал Г. Бердімұхамедов түрікмен-британ қарым-қатынастарын әртараптандыру қажет екенін айтқан. 

Бұдан бөлек тараптар сыйлық алмасты. Британ дипломатиялық миссиясының басшысы Г. Бердімұхамедовке фарфордан жасалған ыдыс пен Ханшайымның жылқылары туралы кітап сыйлады. Президентте елшіні құр-қол қайтарған жоқ. Ол оған қымбат бағаланатын түркімен кілемін сыйға тартты. 

Айта кетелік, Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі өз қызметкерлерінің сыйлық қабылдауына қатысты анық және қатаң саясат ұстанады. 

Ережеге сәйкес, шетелде жұмыс істейтін британдық дипломаттарға құны 140 фунт стерлингке дейінгі сыйлықтарды сақтауға рұқсат етілген. 

Уайлд ханымға берілген кілем қымбатырақ болғандықтан, ол оны сақтау үшін Ханшайымның қазынасына айырмашылықты төлеуі керек. Әйтпесе, сыйлық Уайлд ханымның Түркіменстандағы қызметі аяқталғаннан кейін Ұлыбритания үкіметіне аукцион арқылы сатылады.