Әдебиет • 26 Қаңтар, 2022

Аманатқа адалдық

1329 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Халқымыздың жарқын келешегі үшін өлшеусіз қызмет жасаған кемеңгердің айтулы мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтілмек. Бүгінде ұлт ұстазының туған еліндегі Ахаң мен Жақаң атындағы әдеби музейде Алаш ардақтысының 1909 жылы Санкт-Петербург қаласынан жарық көрген орыс мысалшысы И.Крыловтан аударған «Қырық мысал» кітабы мен 1911 жылы Орынборда басылған «Маса» жинағының түпнұсқасы сақталған.

Аманатқа адалдық

Ұлт руханиятының қазынасына ай­налған құнды қос кітап мұражайға қайдан келді, енді соған тоқталайық.

Ахмет атамыз Қостанай облысы Жан­­гел­дин ауданы Ақкөл ауылында өмір­ге келген. Ақкөл –­ айналасы 50-60 шақы­­рымға созылған, балығы тайдай ту­лап, аққу ұшып, қаз қонған үлкен көл. Көрнекті қайраткер туған жеріне шамамен соңғы рет 1926 жылы табаны тиіпті. Одан кейінгі өмір деректеріне үңілсек, ардақты азамат 1929 жылы Алаш арыс­тарымен бірге Алматыда қамауға алынып, сол жылдың соңында Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтіледі. Одан әрі ол кісіні Архангельскіге жер аударып, зайыбы мен қызын Томскіге жіберді. 1934 жылы Қызыл Крест комиссиясында қызмет еткен жазушы М.Горкийдің әйе­лі Е.Пешкованың қолдаухатымен Алаш ардақтысы босатылып, отбасымен Алматыға оралады.

«Жангелдин мұ­ра­­жайлар кешені» мекемесінің басшысы Гүлбану Сәрсекенің айтуынша, Ахмет Бай­тұрсынұлы жары Бәдри­сафамен бірге соңғы рет туған жеріне келгенде елді ара­лап, ауылдастарымен жүздесіп, сағы­ны­шын басады. Торғай жұрты да оларды құшақ жая қарсы алып, төбелеріне көтеріп, құрмет көрсетеді. Осы сапарында Ахаң өзімен бірге жоғарыда атаған екі кіта­бын ала келіп, жақын інісі Смағұлға сыйлайды.

Арада жылдар өтіп, елім деген ер­лер­­дің басына қара бұлт төнген қиын уақыт туады. 1937 жылы көрнекті тұлға­ны «халық жауы» деген жазықсыз жала­мен тұтқындап, кейін ату жазасына ке­седі. Сұрқия саясаттың салқыны Ахаң­ның елдегі ағайындарына да тиеді. Сон­дай қиын шақта Смағұл Ахмет ағасы­ның берген екі кітабын аман сақ­тап қалу үшін, ешкімге көрсетпей жасы­рын түрде киізге орап, жерге көмед­і. Сосын ержеткен баласы Ерденге көрсетіп: «Есің­де болсын, бұл – Ахаңның кітабы. Ұлты үшін басын бәйгеге тіккен Ахмет ағам­ның халық жауы болуы мүмкін емес. Мен оған сенбеймін. Қазір уақыт мың құбылып тұрғанымен, заман өзгереді. Бұлтты күндердің артынан жарқырап күн шығады. Сол кезде Ахаң да ақталып, есімі елімен қайта қауышары хақ. Сонда осы кітапты қазып аласың» деп аманат етеді.

1988 жылы қазақтың бес арысы: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұр­сынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов ақта­лып, ақ түйенің қарны жарылған күн туды. Қос арысымен қайта қауышқан Торғай елі де қуанып, сол жылы Жангелдин ауда­ны орталығында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовты еске алуға арналған үлкен жиын өтеді. Сонда Алаш ардақтыларының көзін көрген ақсақалдар мен зиялы азаматтар олардың өмір жолы мен шығармалары туралы парасатты сөз сөйледі. Әліби Жангелдин музейінің директоры, атақты педагог, өлкетанушы Ғазез Әмірханов ел адамдарына Ахаң мен Жақаңның еңбектері мен олар тұтынған заттары болса, музейге беріңіздер деп ұсынысын жеткізеді. Бұдан кейін Ғазез аға Ақкөлдегі Ахаңның туысы Ерден ақсақалдың қолында ұлт ұстазының кітаптары бар екенін біліп, ол кісіден соны сұрап барғанда, қария ашылып ештеңе айта қоймайды.

«Мен Әліби Жангелдин музейіне 1990 жылы жұмысқа орналастым. Көктем айы болатын. Ерден ақсақал мұражайға келіп, бізден «Ғазез бар ма?» деп сұрады. Қолында қағазға ораған бір зат болды. Біз ол кісіні екінші қабаттағы директордың кабинетіне нұсқап жібердік. Бір кезде Ғазез ағай бәрімізді кабинетіне шақырды. Ерден ақсақал бүктелген қағазды ашып, Ахмет атамыздың елу жылдан аса жерге көміп сақтаған екі кітабын қолына алып: «Бұл маған әкемнің тапсырған аманаты. Ол кісі «Ахмет түбі ақталады» деп айтты, айтқаны келді. Аманатқа қиянат жасағым келмеді. Енді Ахмет ағаның кітаптарын жалпақ ел көріп, жас ұрпақ тәлім алатын мұражайда тұрғанды жөн санаймын» деп көзіне жас алып сөйлегені есімде қалды. Біраз жыл жерде көміліп жатқан қымбат қазынаға жылдардың сызы тигенімен онша бүлінбеген, жақсы сақталған. Ах­мет Байтұрсынұлы ұсталғанда ол кісі­нің қол­жазбалары мен еңбектері де тәр­кі­­ленеді. Елімізде «Қырық мысал» мен «Ма­са» жи­­­­нақтарының сақталған түп­нұс­қасы санау­­­­лы ға­­на. Бір-екеу десе бола­ды. Соның бірі – біз­­д­ің музейде тұр­ға­ны мақтаныш», деді «Жан­гелдин мұра­жай­лар кешені» меке­месінің басшысы Гүлбану Сәрсеке.

«Жангелдин мұражайлар кешені» мекемесіне төрт музей қарайды, соның бірі – Ахаң мен Жақаңның әдеби музейі. 1991 жылы маусым айының басында Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың республикалық күндері дүркіреп өтті. Осы іс-шара аясында қос арыстың әдеби музейі ашылып, оған олардың еңбектері мен ел ішінен жиналған жәдігерлер қойылды. Бұл тойға Алматыдан зиялы қауым өкілдерімен бірге Ахаң мен Жақаңның қыздары Шолпан мен Гүлнәр апай да ұрпақтарымен келіп, қатысады. Сонда қонақтар ұлт ұстазының қос кітабының түпнұсқасын көріп, оның қалай сақтап қалған тарихымен танысып, керемет әсер алады.

Кеңес заманында Ахмет Байтұр­сынұлының елдегі жақын ағайындары да біраз қуғын көрді, олардың ішіндегі оқыған азаматтарды лауазымды қызметке қойған жоқ. Ал әке аманатына адалдық танытқан Ерден қария ұзақ жыл Ахаң туған Ақкөлде қарапайым өмір кешіпті. Ұзақ жыл шопан болып еңбек етіп, бертінде дүниеден озған.