Қазақстан • 27 Қаңтар, 2022

Жаңа Қазақстан құру – тәуелсіздікті нығайту кепілі

1901 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде халықты қырғыннан аман алып қалу мақсатында батыл қадам жасады. Егер теріс пиғылдағылардың жалпақ жұрт куә болған қанқұйлы әрекеттеріне қарсы шұғыл түрде қатал шара қолданбағанда, дәл бүгінгі таңда ел ішін бүлік билеп, бейкүнә бейбіт тұрғындар зардап шегіп, тәуелсіздігіміздің іргесі шайқалатыны сөзсіз еді.

Жаңа Қазақстан құру – тәуелсіздікті нығайту кепілі

Енді біздің алдымызда Президент айтқандай, жаңа Қазақстанды құру міндеті тұр. Осынау іргелі міндетті еңсеру үшін бірінші кезекте Президенттің маңына топтасып, оның күн тәртібіне шығарған бастамаларына қолдау білдіргеніміз абзал.

Бүгінде түрлі ақпарат көздері, әлеуметтік желілер арқылы кейбір азаматтар Үкіметті түгелдей таратып жіберуге үндеп жүр. Егер солай жасалса, оның соңы елді тығырыққа апарып тіремей ме? Иә, кеше ғана қайта жасақталған Үкі­метті алақайлап мақтап ала жөне­лу­ден аулақпын. Дегенмен осы Үкі­мет­ке мүмкіндік берген орынды. Өйт­кені Үкімет құрамына енгісі ке­ліп өзеуреген топтың ішінде бі­лік­ті мамандар мен тәжірибелі қызметкерлердің бар екеніне менің күмәнім бар. Осындайда француз жазушысы Проспер Мерименің атақты «Таманго» новелласы еріксіз еске түседі. Онда шексіз де түпсіз теңізде жүзіп келе жатқан кемедегі құлдарды кеме капитаны сенім артқан көмекшісі Таманго есімді қара нәсілді үгіттеп бүлік жасатады. Бүлікшілер капитан мен экипаж мүшелерін түгел өлтіріп тастайды. Енді әрі қарай кемені жүргізетін ешкім болмай қалады. Оларды үгіттеп бүлікке бастаған Тамангоның өзі, тіпті компастың тілін білмейтін болып шығады. Осы­лай­ша, құлдықтан құтылдық деген топ теңізге батып өлу қаупіне тап болады. Айтайын дегенім, ел арасына ши жүгірткіш кейбір саясаткерлер «Өзі көтере алмайтын шоқпарды беліне байламаса екен».

Президент Қ.Тоқаевтың жаңа Қа­зақ­станның ендігі дамуы­на бәрі­міз атсалысайық. «Бір жаға­д­ан бас, бір жеңнен қол шыға­ра­йық!» деген хал­қымыздың ежелгі даналығын дәл бүгінгі таңда әр қазақ, әр қазақ­­стандық есінде ұстауы керек. Әр таңға шүкірлік етіп, ынты­ма­­ғы­мыз­ды сақтап, тәуел­сіз­ді­гі­міз­ді қас­тер­лей білгеніміз – жақсы күн­дер­мен қауышуымыздың кепілі болса керек!

 

Шаяхмет Алжанбай,

ақын