Елімізде «Туған жер» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.
Туған жерге оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айырықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизм көріністерінің бірі.
Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан жастарының бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік өте жоғары. Мемлекет басшысының саясатын жақтап және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға атсалыса отырып еліміздің жастары мемлекетіміздің көркеюіне өзіндік үлестерін қосуда. Соның бір мысалы ретінде Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылы жастарының игі істерін айтуға әбден болады.
Қазақстан Респубикасы Тәуелсіздігінің 30 жыл толу құрметіне ұштастыра отырып, «Туған жерге тағзым», «Түлек, туған жеріңді түлет» ұранымен 1993 жылы туған азаматтар мектеп бітіруіне 10 жыл толуына орай Түгіскен ауылының көркеюіне өздерінің қолтаңбасын қалдыруды жөн көріп, ел сүйсінерлік іс тындырды. «Перзент парызы – кіндігі кесілген туған жерінің, халқының жарқын болашағы үшін қызмет ету. Бұл болашаққа бағытталған сауапты, ізгілікті іс деп білеміз», дейді түгіскендік жастар.
Біз ауылымыздың орталық саябағына биіктігі 5 м, диаметрі 2,5 м болатын тұғыры ақ түс, алтын түсті «Шаңырақ» белгісін орнаттық. Шаңырақ қазақ халқының күнделікті тіршілігінде, мәдени өмірінде ерекше орынға ие болуымен қатар, ұлттық санамызда сан түрлі қырынан танылып, ел рәміздерінің бірі Елтаңбамызда бейнеленген.
Шаңырақ көтеру – халқымыздың керемет салты. Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін ерекше сәт. Біздің аталған белгіні орнатудағы негізгі мақсатымыз ауылды көркейтіп қана қоймай, ырымдап, жас отбасылардың қазақ халқының санының көбеюіне үлестерін қосса деген ниетімізді жеткізу еді. Белгіге «Шаңырақтарыңыз биік болсын» деген тілегімізді жаздық. Қазіргі таңда «Шаңырақ» ел игілігіне берілді. Орталық саябаққа көрік беріп, әрі отбасын құрған жастардың фотоға түсу локациясына айналды. Бұл біз үшін үлкен жетістікпен қатар ауылымызға құс қанаттымен сепкен су тамшысындай ғана тартуымыз.
Игі істер ауылымызда жыл сайын жалғасын табуда, оған аға-апаларымыз, іні-қарындастарымыз атсалысуда. Соның жарқын көрінісі ретінде ауылымыздағы мешітті, спорт кешенін, «Тәуелсіздік монументін», «Бәйтерек» макетін, «Қыран құс» ескерткішін, «Жан жүрегім Түгіскен», «Түгіскен» жазбасын т.б. айтуға болады. Ауылымыздан шыққан түлектердің туған жерге деген құрметі осылайша көрсетілуде. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», деп қазақ халқы бекер айтпаған шығар. Сондықтан да осы шағын мақаланы жаздым. Ауылдарымыз көркейе берсін.
Сабыржан ӘБІЛҚАЙЫР,
Түгіскен ауылының тұрғыны
Қарағанды облысы