Қоғам • 27 Қаңтар, 2022

Жалға алынған баспана құнының 50 пайызын мемлекет төлейді

1953 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеке тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлем беру тетігін әзірледі, деп жазады Egemen.kz.

Жалға алынған баспана құнының 50 пайызын мемлекет төлейді

Атаулы тұрғын үй көмегі жалға алу құнының 50%-ын мемлекет, қалған 50%-ын жалға алушы төлейді қағидатына негізделеді. 

Жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алғаны үшін берілетін төлемді табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға тарату ұсынылады. Бүгінгі таңда елімізде мұндай 70 мың жан бар. 

Олар: көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Осы санаттағы азаматтарға жалға берілетін тұрғын үй құнының жартысын тағайындау көзделеді. 

Оператор ретінде «Отбасы банкін» анықтау ұсынылды. Өтініш берушілер үшін мынандай негізгі талаптар қойылады:

1) Қазақстан Республикасының азаматтығы; 

2) отбасының (азаматтың) әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 (алты) айдағы жиынтық табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспауы;

3) «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес баспанаға мұқтаж ретінде есепке қойылып, тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін алуы;

4) тұрғын үйдің меншік иесі мен жалға алушы арасында жасалған, сондай-ақ құқықтық кадастрда тіркелген шарттың болуы.