Президент • 27 Қаңтар, 2022

Президент Орталық Азия үшін IT-мектептер ашуды ұсынды

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында үнді компанияларын Қазақстанға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz

Президент Орталық Азия үшін IT-мектептер ашуды ұсынды

«Қазақстанда электрондық үкімет тиімді жұмыс істеуде, экономиканың барлық жүйе құраушы секторларын цифрландыру, смарт-қалаларды, медицина мен білім беруді дамыту жөніндегі жобалар іске асырылуда, цифрлық шешімдер банк-қаржы жүйесінде табысты қолданылуда», деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия - Үндістан» саммитінде сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы бүгінде жасанды интеллект, Big data, интернет-заттар, онлайн-коммерция және киберқауіпсіздік сияқты салаларды дамыту үлкен сұранысқа ие болып отырғанын айтты. Бұдан басқа, Қазақстанда телекоммуникация, электрондық өнеркәсіп, сондай-ақ электрондық техниканың құрастыру өндірістері саласындағы зертханаларды құру жөніндегі жобалар қызығушылық тудырады.

«Біз осы бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастыққа дайынбыз. Үнді компанияларын қазақстандық нарыққа шақырамыз. Мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT -мамандарды даярлау міндетін қойдым. Осыған байланысты бізге Үндістанның тәжірибесі де, Үндістанның IT және инженерлік кадрларды оқытудағы бай тәжірибесі де қызықты. Практикалық қадам ретінде «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі базасында Bagmane технологиялық паркімен және басқа да үнді IT-алыптарымен бірге Орталық Азия үшін инженерлік кеңсе мен ақпараттық технологиялар мектебін ашуды ұсынамыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.