Президент • 27 Қаңтар, 2022

Президент АӨСШК-ке қазақстандық төрағалықтың басымдықтарын белгіледі

389 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес қазақстандық төрағалықтың басымдықтарын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент АӨСШК-ке қазақстандық төрағалықтың басымдықтарын белгіледі

«Әлемде болып жатқан оқиғалар терроризм, экстремизм, трансұлттық қылмыс қазіргі заманның өзекті сын-қатерлері болып қалатынын көрсетеді. Бұл жағдайда АӨСШК қызметі ерекше өзектілікке ие. Қазақстан форумның қазіргі төрағасы болып табылатыны және АӨСШК кеңістігінде қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту үшін барлық күш-жігерін салатыны белгілі. Форумның одан әрі институционалдық дамуы, оның халықаралық ұйымға айналуы бұл жұмысқа жаңа серпін береді деп санаймыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия - Үндістан» саммитінде сөйлеген сөзінде.

Президент Кеңестің әлеуеті мен мәртебесін нығайтудағы Үндістанның рөлі зор екенін атап өтті.

«Биыл АӨСШК мерейтойлық саммиті өтеді, Моди Мырза Сізді Қазақстанның елордасында көреміз деген үміттенемін. Форум аясында талқылауға шығарылатын өзекті мәселелердің қатарында ауған мәселесі де бар. Біздің саяси көзқарастарымыз бен жеке сенімімізге қарамастан, біз Ауғанстан мен оның халқын гуманитарлық дағдарыстың бұрын-соңды болмаған қиындықтары мен қауіп-қатерлерімен жалғыз қалдырмауымыз керек. Қазақстан өз тарапынан Ауғанстанмен іс жүзіндегі өзара іс-қимылды жалғастырып, мезгіл-мезгіл оған азық-түлік, бірінші кезекте қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмектер түрінде көмек жібереді. Қауіпсіз және тұрақты Ауғанстан Азия елдерінің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге және орнықты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.