Аймақтар • 27 Қаңтар, 2022

Алматыда кәсіпкерлерге өтемақы төлене бастады

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен алғашқы екі кәсіпкерге өтемақы төленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда кәсіпкерлерге өтемақы төлене бастады

Александр Ткаченко «Мобил» сауда үйінде ұялы телефондардың сатылымымен айналысқан. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде оның дүкені тоналып, астан-кестені шықты. Нәтижесінде кәсіпкер 3,2 млн теңге көлемінде шығынға батты. Ол барлық қажетті құжаттарды рәсімдегеннен кейін, оған толық көлемде қаражат аударылды.

Тағы бір кәсіпкер Әркенжан Мырзабаев «Азия парк» және «Максима» сауда үйлерінде екі дүкенді жалға алып, балалар киімін сатқан. Бүліктің нәтижесінде оның бизнесіне 1,8 млн теңге залал келтірілді. Оған да өтемақы қаражаты аударылды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Алматыда тәртіпсіздік пен тонау салдарынан 1581 кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккен. Жалпы шығын сомасы 45,6 млрд теңгені құрайды. Залал сомасын айқындау жөніндегі өңірлік комиссия зардап шеккен объектілер бойынша деректерді жинауды жалғастырады.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес қала ШОБ-қа бірнеше бағыт бойынша қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсетеді. Зардап шеккен бизнес субъектілері жылыту, газ, сумен жабдықтау және кәріз бойынша коммуналдық шығындардан үш айға босатылды. Сонымен қатар, қала меншігіндегі үй-жайларды жалға алатын кәсіпкерлер 6 айға жалгерлік төлемнен босатылды.