Таным • 27 Қаңтар, 2022

Жұлдызы жанған журналист

525 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Сәулелі сөз өнеріне құлай ғашық болған кезі есінде жоқ. Әйтеуір, балаң шағында, балғын кезінде. Сөз қадірі бөз қадірінен арзандамай тұрған, салмағы саф алтындай уақыт. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдың үлкен-кішісі қолдарынан кітап пен газет түсірмейтін.

Жұлдызы жанған журналист

Көзін ашқаннан көңіліне түйгені адамдардың бұқаралық ақпарат құрал­дарына деген көл-көсір құрметі мен ықыласы. Әйт­се де ешкім бауыр еті баласына «журналист бол» деп бата бермейтін. Кейін осы жайды көп ойлады. Сөйтсе, қолынан кел­мейді деп емес, журналист болу кез келген жанға жалынан ұстата бермейтін жампоз кәсіп деп есептеген болар деп түйсінетін.

Бар ғұмыры осы салада өткен, бүгін­де жетпістің асуына табан іліктіріп отыр­ған жүйрік журналист Бақберген Түйме­байұлы да төртінші, бесінші сыныптарда оқып жүргенінде, «кім боламын?» деген тақырыптағы шығармаға «журналист боламын» деп жазып көрген емес.

Сегізінші сыныптан кейін аудан орта­лығындағы тех­­ни­кумның мал дәрігер­лерін дайын­дайтын бөліміне оқуға түсті. Бірақ іштегі алабұртқан балғын сезім, сөз өнеріне деген құштарлық бұл мамандықты құлай сүйе қойған жоқ. Ынта кем, ықылас солғын болған соң білім алудың да мәні болмады. Екі айдан соң үйге оралған. Енді техникум жақ­қа тракторға тіркеп тартсаң да барғысы келмейді, бүк түсіп жатып алған. Жай жатқан жоқ, балаң жүректегі балғын сезімдерді ақ қағаздың бетіне жыр қылып түсіре бастады.

Арада екі ай өткен соң тоғы­зыншы сыныптың партасына қайта отырды. Айыбын жуғы­сы келгендей, білім теңізі­не тереңі­рек сүңгіген. Орта мектепті бі­ті­­ріп шығар кезде үй ішінде абыр-сабыр басталды. Марқұм әкесі айтады: «Журналистерді республикадағы жалғыз университет оқытады екен. Ондағы алатыны елу бала ғана». Арғы жағы белгілі. Сол елудің қатарына ене аласың ба, жоқ па деген сойылдай сауал тағдыр жолына кесе-көлденең жатып алатындай. Ар­ман­дай алыс Алматыға ат ары­тып жете ала ма? Асау арман жалынан ұстатар ма? Шілденің ортасы ауа көңілге қорқыныш кірген. Қайран да қайран әкенің де шыдамы таусылған болуы керек, бір күні ымырт үйіріле самолеттің билетін алдына лақтыра салғаны. Ертеңгі билет екен. Бұған салса қазір ұшуға дайын. Анасы таң атқанша дәу қара шабаданды мың рет тексеріп шыққан шы­ғар. КазМУ-дің қабылдау комис­сиясындағы Тұрымтай апай баласы келгендей қарсы алды.

– Заттарыңды әрі-бері сүй­рет­пей, мына жерге қойып кет. Никольский база­рының жанын­дағы жатақханаға жол­­дама бере­мін, емтиханға мұқият дайын­дал. Шығармашылық конкурсқа әкел­­ген материалдарың бар ма? – деп сұрап қояды.

«Қазақстан пионері» мен ау­дандық газетке шыққан төрт материалы бар еді. Неге екенін кім білсін, жаңа ғана жүзінен мейірім нұры төгіліп тұрған апайы басын шайқады. Әлде балаң қаламмен жазылған балауса дүниелерді азырқанды ма екен? Әйтсе де, шығармашылық сынақтан өтіп кеткені. Қазір ой­лап қараса, өзінің клас­тасы әрі үлгілі оқушы Олжабай туралы жазған «Қызыл галстукты бала» деп аталатын суреттемесі мен ауылдағы пошташы Кәмен атай туралы жазылған мақаласы көңілдерінен шықты білем деп ойлап қояды.

– Оныншы сыныптан кейін ҚазМУ-ге топ етіп түсе қал­ған­дықтан, бейне бір он бірін­ші сы­ныпқа түскендей балаң да алаң көңілде едік, – дейді Бақ­берген Түймебайұлы. Журна­листика факультетінің деканы Тауман Амандосов баршамызды жинағанда, әр облыстан келген үміткерлердің қатары ойсырап қалғандай көрінді. Ви­ноградов көшесіндегі 88-үй­дегі жатақханадамыз. Бір-бірі­мізбен енді танысып жатырмыз. Ішімізде кім жоқ дейсіз, ақын да, жазушы да осында, әр­тістер де бар екен. Өнер деге­ніңіз жетіп артылады. Сол жылдары аттары дүркіреп тұрған Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жатқа айтады, Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Жа­қау Дәуренбековтің газет-жур­налдарға шыққан мақала­ларын оқыған кезде аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Бірде деканаттан бізге «Лениншіл жасқа» барасыңдар деді. Сол газетте абитуриенттерге арналған рубрика ашылған екен. Үлбіреген үмітпен жазған дүниелерімізді ұсындық. Жолы болғандардың ішінде мен де бармын. Сол бір сәт қанат бітіріп, сенімімді нығайтты.

Оқуға жаңа түскен студент­тер­дің алдында не стипендия алу, не жатақхана алу деген таңдау тұрған. Екінің бірі. Біреуін алсаң, бірі жоқ. Амалсыздан стипендия алуға келіскен. Ендігісі пә­тер табу. Пәтер де табылды, пәтер­мен бірге жақсы жолдас та. Болат Шырынбеков екеуіне Сауытбек Абдрахмановтың жолыққаны. Үшеуі Котовский көшесіндегі 19-үйде тұрды. Ұядай ғана шағын бөлме. Сауытбектің қара шабаданы – қазына. Бәрі кітап. Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқа­нов, Толстой мен Пушкин де осында, Бунин мен Хемингуэй де жүр. Бақыт екеуі таң қалған. Журфакта да осыны оқыта ма? Жүректері май ішкендей кілкіді.

1975 жылы журналистика факультетін бітіргеннен кейін қияндағы Ақмоланың облыстық «Коммунизм нұры» газетіне жолдама алған. Әп еткен бетте, солтүстік өңірдің сұрқы жылы қабылдай қоймады. Қазанның қара суығы апшыны қуырып тұр. Ақмолада он күндей жүрген болар, жерсіне алмады. Әйтеуір, бір абыройы болғанда облыстық газет басшылары бізге «кадрдың қажеті жоқ» деген анықтама жазып бергені. Сол анықтама арқылы қолына дипломы тиді. Өзінің туған өлкесіндегі, яғни оңтүстіктегі Қазығұрт ауданының сол кез­дегі «Ленин өсиеті» деп ата­ла­тын газетінде жұ­мыс істеді. Аты аудандық газет бол­ғанымен, жұмыс мұнда да қай­нап жататын. 1978 жы­лы Қа­зақстан Жазушылар одағы­ның «Жазушы» бас­пасына ре­дак­торлық қызметке алынды. Сөз арасында аудандық газетте мұндай мәртебелі орынға кез келген қаламгердің алына бер­мейтіндігін сыналай айта кетсек те артықтығы болмас.

– Жан жарым Бақыттың отба­сылық жағдайына орай 1980 жылы көрікті Көкшеге қоныс аударуына тура келді. Содан бері осы аруақ қонып, нар шөккен киелі жердің бел баласына айналдым, – дейді Бақберген Түй­мебайұлы, – әуелі облыстық «Көк­шетау правдасы» газетіне орналастым. Жазғаным үзбей жарияланып, ел танып еңселенген кезде бөлім меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі, кәсіподақ ұйымының төрағасы болдым.

Газет редакторы белгілі қа­­лам­гер, марқұм Жанайдар Му­­син еді. Теріскей өңірде қа­зақ журналистері тапшы кез. Бақ­­бергенді ұжыммен таныс­тырған кезде Қазақстан Жазу­шылар одағының баспасы «Жа­зу­шы­ның» аударма редакциясында қызмет атқарғандығына сал­мақ түсіре сөйлесе керек. Ред­коллегия алқасының мүше­лері: «бұл бала осал болмады ғой, қызмет мектебі де мықты екен» дескен. Көкшенің күйеу баласы – Бақберген қаламгерлердің қалың ортасында болғандығын бірден байқатып, «тастай батып, судай сіңіп» жүре берген. Ал­ғашында жүйрік журналист Маман Ементаев басқаратын ауыл шаруашылығы бөлімінде істесе, кейін белгілі ақын Төлеген Қажыбаев басшылық жасаған партия тұрмысы бөліміне ауыс­қан.

Қаламы шашасын шаң бас­пас майда жорға, енжарлығы жоқ, барынша жинақы, шымыр ойлылығы талайды көрген көптің көңілінен шықса керек. Жасыратыны жоқ, ол тұста пар­тиялық талаптар үдесінен шығамыз деп сан журналист талай рет шамырқанып, сан рет тауы шағылып жататын сәт аз болмайтын. Редактор Жанайдар Мусин журналистердің қарым-қабілетін тереңірек білгісі кел­ген­діктен бе екен, кез келген та­­қы­рыпты жазуға жетелеп, ар­­найы тапсырма беріп отыра­тын. Шынтуайтында бұл бір үл­кен мектеп. Түпкі ой, журна­лист адам қасаң қалыпта қалып қоймай, әмбебап болсын деген ниет те. Міне, осындай сын­­дарлы сынақтан сүрінбей өт­­кен Бақберген Амалбеков 1992 жылы республикалық «Еге­мен Қазақстан» газетіне тілшілік­ке ауысқанда, кез келген тақы­рыпты жеріне жеткізе жазатын, шеберлігі мен тәжірибесі қаптал жететін қарымды қалам иесі еді.

Ел газеті «Егеменде» ширек ғасыр еңбек етті. Тақырып та са­на­луан. Өңірдің жылт еткен же­тістігін, жалпақ жұртты жақсы іске бағыттау, жаңа, тиімді бастамаларды насихаттау, қарапайым еңбек адамдарының тіршілігін қаузап жазу дейсіз бе, ат үстінен түскен жоқ. Қалам қайратын танытты.

Журналистің жүгін таразыға тартқы­мыз келіп уақыт табымен сарғайған газет тігінділерін ақтарып шықтық. Міне, жампоз журналистің қаламынан ту­ған, көкейкесті тақырыпты қау­заған сүйек­ті мақала. «Ден­дро­парк демеу күтеді». Бура­бай баурайындағы ағаш тұқы­мын өсірумен айналысатын ұжым­ның қомақты мәселелері. Ма­қаланы оқып шыққанда өзіміз де бұл тараптағы білімімізді біраз же­тіл­діріп қалғандаймыз. Ағаш түрінің мыңнан асатынды­ғын кім білген. Кәдімгі қарағай­дың өзінің елуден астам түрі бар. Сан жылдар бойы орман шаруашылығы ғылымын көркейтуге септесіп келе жат­қан ұжым мәселесі шашетектен екен. Автор­дың өзімен тілдескенімізде бұл мақала ел газеті – «Егеменде» жарияланған соң Қа­зақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лісінде қара­лып, шешімін тапқан екен. Міне, ел ішіндегі көзден таса, көңіл­­­д­ен жырақ қалған, әйтсе де, өте қа­жетті дүниенің тынысын дөп басып, жаза білген жур­на­листің еңбегінің жанғанын көрсететін дүние. Ендігі бір қау­заған тақырыбы елорда мен Бурабайдың арасын жалғап жатқан күре жолдың күрмеуі көп сәттері. Ел тәуелсіздігін ал­ған кезде бұл жолдың бабы ке­ліс­пей жатқандығы шындық. Міне, осы жайды «Күре жолда да күрмеуі көп мәселе бар» деп жазған екен. Жалғыз жолдың жайы ғана емес, жол бойындағы жолаушыларға көрсетілер қыз­мет те тәптіштеліпті.

Мына бір жайды айта кетпей болмас. Егін орағының қызып тұрған шағы. Кейіпкеріміз сол кездегі Көкшетау облысы­на қарас­ты Чистополье ауданын­да­ғы «Жаркөл» кеңшарына бара қалады. Күнімен егістік алқап­тарды аралайды. Қас қа­рай­ған соң кеңшар директоры Назымбек Жағыпаров шай ішуге шақырады. Алдарына ас келіп, әңгіме-дүкен өрбіген кезде кеңшар директоры ұлының сырқаттанып жүргенін айтады. Жүрегі дімкәс екен. Ол тұста бүгінгідей жүрекке ота жа­­сау тә­жірибеге енбеген уа­­қыт. Жаз­дың күні Ресейдің Ново­сі­бір қаласындағы жү­рек аурулары клиникасымен хабарлас­­­қан екен. Шақырту күзде келіпті. Енді ба­райын десе, жауапты науқан. Бармайын десе, бауыр еті баласын емдету керек. Тығырыққа тірелген жайы бар. Қайран да қайран әкенің бір қолын екі ете алмай ет жүрегі елжіреп отырғанын көрген Бақберген аға жұлып алғандай, «мен апарып келейін» депті. Сөйтіп, төрт күн уақытын балаға арнаған. Сапар сәтімен аяқталыпты. Кейін ауруынан құ­лантаза жазылған жеткіншек Көкшетау қаласындағы техни­калық институтқа оқуға түсіп, офицерлік шен алған. Арагідік көшеде кездесіп қалғанда жүгіріп келіп сәлем береді екен. Осы та­қылеттес тағы бір оқиғаны айта кетсек, артық болмас. Бірде бұ­рынғы Уәлиханов ауданына барған. Шаруасын тиянақтай келе көшеге шықса, көз таныс азаматтың жолыға кеткені. Кәдім­гі облыстық «Көкшетау правдасына» мәнді мақалаларын жариялап тұратын жергілікті тілші Тілеухан Мәженов. Қытайдан келген азамат. Амандық-сау­лық сұрасқан соң Тілеухан Бақ­бер­­генді уақытша тұрып жат­қан жеріне алып келеді. Сөйтсе әл­дебір мекеменің от жағатын қазандығы. Мына жайды көрген­де журналистің иманы қасым болады. Мынандай жерде де тұру­ға, күн көруге бола ма? Іле осы жайды аудандық газеттің редакторы Айдархан Кәріпхановқа және аудан басшыларына айтып құлағдар етеді. Мәселенің байыбына барған басшылар жергілікті тілшінің жағдайын жасап берсе керек.

Баяғы балғын шақтағы өлең өлкесіне деген құмарлығы да көкірегінен бір шық­пай қойды. Газет жұмысынан қолы қалт еткенде, мөлдіретіп жыр жазатын. «Ке­рім­сал» атты алғашқы жыр жинағы жарық көргенде, Көкшедегі ойлы оқырман елең еткен. Әр жолы ой астарына атан түйе­ге жүк болар сыр бүккен, өзіндік айтары бар өлеңдер оқы­ған жанның жан-дүние­сін баурап, ғажайып бір әлемге сүңгі­тіп жібергендей. Орталарын Келес өзені ғана бөліп жатқан, қанат­тас қонған екі ауыл­дың қарапайым тірлігін сипаттайтын «Сырлы өзен» атты өлеңін оқып қараңызшы:

Қиял құсы қайда ұшып самғады?

Бәлкім, жанын жастық

шақпен жалғады.

Қарсы алатын шарбағына сүйеніп,

Екі ауылдың ерте тұрған шалдары.

Көкірегін қоламтаның шо­ғындай қыз­ды­рып жататын көне суреттер. Кәдімгі қараша ауылдың қоңырқай тіршілігі. Жа­ны­на жақын ел адамдарының естен кетпес бейнесі. Әдемі емес пе?! Әрине, әдемі!

Осы жинақтағы:

Айнам болып айдын көл,

Тарақ болған саумал жел.

Немесе

Уысымда жібек жел – шашың қалды,

Үлестіріп жатқандай мөлдір аспан.

Әйтпесе,

Ұйқысынан оянатын жұлдыздар,

Шелегіңнің сыңғыр-сыңғыр үнімен,

– дейтін шумақтардан ақын Бақ­берген ағаның қаламынан туған қапысыз әде­мі суреттерді көресіз. Көресіз де, өз жаныңызға да жақын, өзіңіз де айтқыңыз келген көріністер еске түседі. Жүрек туралы жазғаны жүрекке жететіндей.

Бармақтай ғана ардақтым,

Сындарға талай салмақпын.

Бір тұтам мына өмірге,

Барымды беріп қалмақпын.

Сенесіз. Өйткені, ақын

сендіре сөйлейді.

Қазақстан Журналистер ода­­ғы­ның мүшесі Бақберген Амал­­беков «Керім­сал», «Қаржы поли­циясының қарымы», «Әлем­ге әдемі қараңыз», «Қайығын қи­сайт­пағандар қағидаты», «Сы­рын ұғу әлемнің – түзуімен сә­­лем­­нің» атты жинақтардың ав­торы. Сондай-ақ «Зеренді көктемі» жас ақындар жинағын құрастырып, ондаған талапкерлерге оң сапар тіледі.

Күйеуліктен бауырлыққа ауыс­­­­­­қан Бақберген ақын Көкше­тау өңірінен өзінің баян­ды бақы­тын тауып, Алаш жұртының игі мұратына әлі де қызмет етіп келеді. «Ақпарат саласының үз­дігі», Қазақстан Журналистер ода­ғы сыйлығының лау­реаты, Қа­зақстанның құрметті жур­на­лисі Бақберген Амалбеков бүгінде республикалық «Ақиқат арнасы» газетінің облыстағы меншікті тілшісі.