Осындағы төрт ұлдың бірі – Зият 1903 жылы туған. «Әкесі Шәкәрім 1931 жылдың 1 қазан күні кенже ұлы Зиятты және елдің белгілі адамдары Идаят пен Ғылымбайды Шақпақтастағы қорасына шақырып алады. Қажы айтады: «Мен көп ойландым, барар жер, басар тау қалмады, тіпті өлер сағатымның таянғанын да байқамай келіппін. Ендігі ойым Қытайға кететіндерге Зиятты қосамын. Ондағы ойым, менің өлімімді ол, оның өлімін мен көрмейін дегенім еді» деп жазады шәкәрімтанушы ғалым Асан Қайырбекұлы.
Сөйтіп, тағдырдың тауқыметімен Қытай еліне ауып барған Зият 1932 жылы көктемде Үрімжі қаласына барып арнаулы оқу орнына түседі. 1934 жылдан Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағының оқу-ағарту саласында қызмет істеп, ойын-сауық істерін жолға қоюмен шұғылданады. Шәкәрім мен Абай өлеңдерін, әндерін насихаттайды.
Алтай асып келген Зият Шәкәрімұлына сол дәуірдегі жәдитшіл-ағартушы, тегі айыртаулық Сейітқазы Нұрбаев ұстаз өз қызы Мүнираны қалыңсыз қосқан. Мүнира Үрімжіде орыс мектебінде оқыған. Кейін әке жолын қуып ол да ұстаз болған. Зияттың ұлы Мереке бастауыш класты өз анасының қолынан оқыпты. Екінші қызы Мариямды да қызыл сүргіннен жан сауғалап барған Ғымран Иманғожин деген білімдар адамға ұзатқан...
Кеңестік қызыл саясаттың салдарынан ол жаққа қашып барған қазақ зиялыларына да тыныштық болмайды. 1937 жылы олардың басына зор зобалаң туды. Халықтың бетке ұстар интеллигенциясы жаппай ұсталып, қырғынға ұшырап, неше түрлі жаламен құртылды. Міне, осылардың қатарында 1937 жылы Зият та тұтқындалып, содан қайтып оралмайды.
Зияттың жетім қалған жалғыз ұлы Мереке арғы беттегі жалғыз туысы Тәкежанның немересі – атақты Әзімбайдың Бердешін паналаған. 1955 жылы Бердеш тұл жетім Мерекені Зайсан арқылы Қазақстанға алып өткен. «1955 жылы 10 мамыр күні екі еларалық келісім бойынша Зайсан арқылы Құнанбай тұқымынан тараған 10 шақты отбасы Қазақстанға өтіп, Молотов колхозына орналасыпты. Сөйтіп, Мерекенің хабарын білген Ахат (Шәкерімұлы) атамыз кісі жіберіп оны Алматыға алдырыпты» деді Мереке ағамыздың жары Клара апамыз.
Бір қызығы, осы Мереке атамыз өзі қаншалық қиындық көріп жүрсе де, әкесінің қолжазба мұраларын сақтап, бергі бетке аман-есен алып өткен екен. Соның бірі – осында біз сөз етіп отырған Зият ақынның «Күз» атты өлеңі. Бұл өлеңді семейлік өлкетанушы қарындасымыз, қазіргі таңда елордадағы Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері Ләззат Әлжан 2007 жылы Мереке ата Зиятұлын арнайы іздеп барып, қарияның қорынан алған екен. Жыр әлі баспа бетін көрген жоқ. Бүгін реті келіп тұңғыш рет жарияланып отыр.
«Бұдан басқа Мереке атамыздың қолынан Зият Шәкәрімұлының «Сілбі» деген дастанын және екі әнін алған едім. Екі ән жайлы кезінде «Ертіс өңірі» газетіне мақала да жаздым», дейді Ләззат Тілеуғожақызы.