Спорт • 27 Қаңтар, 2022

«Кішкентай Геркулес»

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан 55 жыл бұрын, яғни 1967 жылдың қаң­та­рында Болгарияның Кырджали өңірінде Наум Шаламанов есімді нәресте дүниеге келді. Уақыт оза ол өз дәуірінің теңдессіз спортшыларының бірі әрі бірегейіне айналды.

«Кішкентай Геркулес»

Өзінің алғашқы табыста­рына Наум Болгарияның туы ас­тында өнер көрсеткен кездері қол жеткізді. Бірақ тегі түрік болғандықтан, ол үнемі өзінің тарихи отанына оралуды аңсай­тын. Содан 1986 жылы Мель­бурнде өткен жарыста қонақ­үйден қашып шығып, бірден Түр­кияға тартты. Екі дүркін әлем чемпионынан айырылған болгариялықтар Халықаралық ауыр атлетика федерациясына шағымданып, өтемақы ретінде 1 250 000 АҚШ долларын талап етті. Ол кезде бұл өте көп ақша еді. Десек те олардың бұл өті­ніші қанағаттандырылып, асқан дарын иесі халықаралық аренада Түркияның намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды.

Анадолы еліне келген бетте ол бірден өз есімін Наим Сүлей­маноғлы деп өзгертті. Одан кейін-ақ көптеген толағай табысқа қол жеткізді. Өзінің спорттық карьерасында Наим үш дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Атап айтсақ, 1988 жылы Сеул, 1992 жылы Барселона және 1996 жылы Атлантада өткен ғаламдық ойындарда алдына жан салмады. Сөйтіп, оның есімі үш дүркін Олимпия ойын­дарының жеңімпазы атанған тұң­ғыш зілтемірші ретінде тарих­­та қалды. 1985-1995 жылдар ара­лығында өткен әлем чем­пио­наттарында жеті мәрте топ жар­ды. Бес рет Еуропа бірін­шілігінде қарсылас шақ келтір­меді. Әлем кубогын үш мәрте ұтып, со­циалистік бағыттағы мем­лекеттердің басын қосқан «Дос­тық» додасында да дара шықты.

Сүлейманоғлы 2000 жылы Сиднейде алауы тұтанған Олим­пия ойындарында да бой көрсетті. Бірақ 33 жастағы ардагер ауыр атлеттің жасыл құр­лықта бағы жанбады. Содан кейін ол үлкен спорттан қол үзіп, Түркия парламентінің депутаты болды. Басқа да қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Өкінішке қарай, «Кішкентай Геркулес» атанған атақты спорт­шының өмірі қысқа болды. 2017 жылдың 18 қарашасында Наим бауыр циррозы дертіне ұшырап, фәниден бақиға аттанды. Даңқты ауыр атлет небәрі 50 жыл ғұмыр кешті.

Ауыр атлетика тарихында Сүлейманоғлыдан кейін тағы үш апайтөс Олимпия ойындарында үш рет бас жүлдені олжалады. Олар – түркиялық Халил Мутлу мен қос грекиялық Димас Пиррос және Кахи Кахиашвили. Бірақ әлем чемпионаттарындағы жетістіктері бойынша олар­дың ешқайсысы біздің кейіп­керімізбен теңесе алмайды. Аталған жарыста Наим жеті мәрте алтын тұғырға көтерілсе, Халил бес және Димас пен Кахи үш реттен сол белесті ба­ғын­дырды. Сондықтан да осы спорт түрі тарихындағы ең атақты спортшы деп Сүлей­ма­ноғлыны атасақ еш қате­леспейміз. Сонымен қатар Түр­кия тарланбозының 46 рет әлем рекордын жаңартқанын да айта кеткен жөн.