120 мыңнан аса адам тегін кәсіптік білім алады
Алғашқылардың бірі болып сөз алған Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова:
«Бүгінде мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиешілердің 27 пайызында тиісті мамандықтары жоқ. 51 пайызы ғана бүгінге дейін біліктілік санаттарын өзгертті. Сонымен бірге балабақша деңгейіндегі бір топқа бекітілген тәрбиешілердің жеткіліксіздігін, яғни олардың жұмысында ауыртпалық бар екенін көріп отырмыз. Осы мәселелерді шешу үшін 2022 жылдан бастап былтыр бекітілген модельді іске асыру басталады. Оның ішінде бағдарламаларды қайта қарастыру, мектепке дейінгі мекемелердің ішіндегі тәртіпті, талаптарды біріздендіру қолға алынады», деді.
Министрдің бірінші орынбасары айтқандай, биыл кемі 70 мың педагог жаңа білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Ал мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатында Маңғыстау, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарында білікті педагогтерді тарту үшін арнайы бағдарлама іске асырылады. Оларға жоғары жалақы коэффиценті, баспана жалдау және коммуналдық төлемдер шығындарын өтеу секілді әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұл жұмыс аталған аймақтарда білім беру сапасы бойынша үлкен алшақтықты азайтуға бағытталған.
«Президенттің тапсырмасына сай колледждерде білім алу бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Биыл 120 мыңнан аса қазақстандық тегін техникалық және кәсіптік білім ала алады. Бұл – 2021-2022 оқу жылымен салыстырғанда 25 мыңға көп. Сонымен қатар кәсіпорындардың колледждерді шефтік қамқорлыққа алу тәжірибесін дамытып, дуальды білім беруді кеңейту көзделіп отыр», деді Ш.Каринова.
Елімізде онлайн-университеттер ашылады
Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, Қазақстанда онлайн-университеттер ашылады.
«Министрлік жоғары білім беру жүйесінде оқытудың жаңа құралын енгізуді жоспарлап отыр. «Онлайн оқу» білім алудың жаңа форматына айналады. Елімізде алғашқы онлайн-университеттер ашылады. Жалпы, жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттар саны 5 мыңға артады. Оның 60 пайызы техникалық мамандықтар бойынша бөлінеді. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасын қайта қарастыру бойынша жұмысты бастадық», деді Қ.Ерғалиев.
Оның баяндауына қарағанда, алдағы уақытта техникалық және ІТ бағытта жоғары білім беру грантының саны 20 мыңнан 30 мыңға көбейеді. Соның ішінде Маңғыстау мен Атырау облысындағы техникалық жоғары білім беру бойынша мемлекеттік тапсырыс саны 10 мыңға артады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік беделді жоғары оқу орындарының Қазақстандағы филиалын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр елімізде британдық Де Монфорт Лестер университетінің филиалы ашылған еді. Биыл М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында Аризона университетінің филиалын ашу жоспарланған», деді Білім және ғылым министрінің орынбасары.
Оның айтуынша, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында техникалық бағыттағы шетелдік ЖОО филиалдары ашылмақ.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, техникалық бағыттағы кадрларды даярлауға баса мән берілмек. Техникалық және IT салаларға арналған гранттар 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылады. Батыс өңірлердің, Маңғыстау, Атырау облыстары мектептерінің түлектеріне грант бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына білім гранттарын беру мәселесі қарастырылатын болады. Ғылым саласын тұрақты қаржыландыру жалғасады. Ғалымдарға ғылыми идеяларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ұсынылды. 2 мыңнан аса ғалымға алған гранттарына қарамастан тұрақты түрде жалақы төленеді. Біз ғылыми-зерттеу институттарын материалдық-техникалық жаңарту жұмыстарын жалғастырамыз. Сондай-ақ әр ғылыми-зерттеу институттарын дамыту стратегиясын бекітеміз және ЖОО мен ғылыми институттардың тығыз қарым-қатынасын дамытуға арнайы кешенді шаралар қабылдаймыз», деді Қ.Ерғалиев.
Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Сондықтан кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, балалардың өмір сүруіне, білім алуына және дамуына қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылады. «Қазіргі таңда Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен «Бала құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы мақұлданып жатыр. Соның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы қудалаудың (буллингтің) алдын алу, психологиялық қызмет мәселелері бойынша бірқатар түзету қабылданады. Министрлік 8 түрлі бағытты қамтитын Балалар жылына арналған кешенді іс-шаралар жоспарының жобасын әзірлеп жатыр. Оның қатарында сапалы білім беру, толыққанды қосымша білім мен тәрбие беру, балалардың денсаулығын нығайту және қорғау сынды басқа да мәселе бар», деді вице-министр Бибігүл Асылова.
Деректер қоры ашық болады
Орынбасарларының сөзін қорытындылап, кей тұсын толықтырған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруде енді сапа талап етілетінін жеткізді.
«Балабақшалар тексеріледі, аттестаттау енгізіледі. Бұған дейін біз балабақшалар санын арттырумен айналыстық, енді сапаны талап ететін кез келді. Орта білім саласында ең маңызды жұмыс – пәндер бойынша білім беру бағдарламаларын жаңарту. Президенттің техникалық мамандықтарға мән беру туралы тапсырмасын орындау үшін мектептегі математикалық білімді дамытуға ерекше назар аударуымыз қажет. Сондықтан мектептерде математика пәнін топтарға бөліп оқыту қарастырылып жатыр. Және технология, еңбек пәндерін де бұрынғыдай топқа бөліп оқыту жүйесіне қайта көшу керек. Бұған қоса Ұлттық білім беру деректер қорындағы (ҰБДҚ) жеке мәліметтерден басқасы қоғамға ашық, қолжетімді болуы қажет», деді А.Аймағамбетов.
Жиынға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов білім мен ғылым саласындағы біршама жетістікті атай келе, жауапты ведомство өкілдеріне, жергілікті атқарушы органдарына бірқатар міндет жүктеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне өңір әкімдерімен бірлесіп, қаржыландыруды теңестіруді және қалып қойған өңірлердің білім беру деңгейін арттыруды тапсырамын. Әсіресе, ауылдық жерлердегі педагог тапшылығы проблемасын түбегейлі шешу керек. 2021 жылдың қаңтар айында білім беру мәселелері жөніндегі заңмен қосымша білімге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы енгізілді. Мемлекеттік білім беру, спорттық, шығармашылық тапсырыстарды біріктіретін қосымша білім берудің бірыңғай порталын құру қажет. Содан соң жиынға қатысып отырған барлық өңір әкімдіктерінің өкілдері, үш ауысымды мектептер саны азаюдың орнына жыл сайын көбейіп барады. Алматы облысында 1,5 жыл бұрын 30 үш ауысымды мектеп болған, қазір оның саны 52-ге жетті. Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында да сондай жағдай», деді Е.Тоғжанов.