Бүгінгі таңда Қазақстанда 34 933 үй басқарудың жаңа түріне көшті. Оның ішінде 2 852 үйде мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ), 32 081 үйде жай серіктестік құрылды. Бұл – елдегі көп пәтерлі тұрғын үй қорының 75%-нан астамы.
Басқарудың жаңа нысандарына көшкен көп пәтерлі үйлер саны Алматы қаласында (3 523), Шығыс Қазақстан (2 789), Ақмола (2 523) және Қостанай (2 451) облыстарында көп.
Естеріңізге сала кетейік, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласында жұмыс істеп келе жатқан пәтер иелерінің кооперативтері 2022 жылғы 1 шілдеге дейін қызмет ете алады. Осы мерзімнен кейін олар акт бойынша барлық техникалық, қаржылық және өзге де құжаттарды үй кеңестеріне беріп, заңнамада айқындалған тәртіппен таратылуға тиіс.
МИБ-ке көшу рәсімін жеделдету үшін E-Gov порталында жаңа нысанды тіркей отырып, электронды дауыс беру қызметі іске қосылған.
Авторландыру ЭЦҚ көмегімен жүргізіледі. Онда автоматты түрде тіркеуден өтуге, «меншік иесі» мәртебесін растауға және өз үйі бойынша дауыс беруге бастама көтеруге болады. Жиналыстың күн тәртібін айқындағаннан кейін меншік иелері жиналысқа сілтеме бойынша кіріп, таңдауын жасап, ЭЦҚ-мен қол қояды.
Үйді басқарудың жаңа формалары туралы zhkh.kz порталынан толығырақ білуге болады. Ал тақырыпқа қатысты сұрақтарыңызды suraqtar.kz сайтында қоя аласыздар.