Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, жапониялықтар Сюко Аояма – Ена Шибахарамен шеберлік байқасты. Анна мен Беатрис жуырда ғана Сиднейдегі WTA турнирінде бұл қарсыластарын тізе бүктірген болатын. Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық-бразилиялық жұп басым түсті – 6:4. Екіншісінде жапониялықтар есе қайтарды – 7:5. Үшінші, шешуші сетте Анна мен Беатрис қайтадан таразы басын өздеріне аударып, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Анна Данилина өзінің спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің финалына шықты. Анна мен Беатрис финалда доданың 1-ракеткалары, чехиялықтар Барбора Крейчикова және Катерина Синяковамен кездеседі.
Сонымен қатар осы турнирдің жасөспірімдер арасындағы бәсекесінде өнер көрсеткен отандасымыз Аружан Сағындықова жұптық сынның жартылай финалына шыға алмады. 17 жастағы А.Сағындықова ресейлік Екатерина Хайрутдиновамен бірге ширек финалда канадалықтар Кайла Кросс – Виктория Мбокомен кездесіп, 2:6, 2:6 есебімен қарсыластарына жол берді.