Аймақтар • 28 Қаңтар, 2022

Сілеусіннің де сұрауы бар

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заң бойынша рұқсат етілмейтінін біле тұра аң аулап нелері бар еді?! Ұлан ауданы, Каменка ауылының екі тұрғыны итпен сілеусінге шыққан. Бір емес, екі сілеусінді рұқсатсыз қанжығаға байлаған олар із суытпай табиғатты қорғау полициясының қолына түсіпті.

Сілеусіннің де сұрауы бар

Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 19 қаңтардан бастап Шығыс Қазақ­стан облысының поли­цей­лері күшейтілген режімде қызмет ете бастаған. Жедел алдын алу іс-шарасының ал­ғаш­қы алты күнінде ғана 138 қылмыс тіркеліп, оның 93-і ашылды. Бұдан басқа, «Құқықтық тәртіп» шең­бе­рінде 2533 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық, ты­ныштықты бұзу, қоғамдық орындарда спирттік ішім­дік­тер ішу, кәмелетке толма­ғандардың түнгі уақытта тұр­ғын үйден тыс жерде болуы, тағысын тағы. Учаскелік поли­ция инспекторлардың қа­тысуымен 1160-қа жуық жал­дамалы пәтер, 72 қараусыз қалған үй, 1747-ден астам саяжай тексерілді.

Сонымен қатар жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полицейлер жол ережесін бұзған көлік жүргізушілерін анықтап, әкімшілік жаза қолданысты. Осы уақыт ішінде облыс жолдарында 27 жүргізуші мас күйінде көлік тізгіндеп, ұсталған екен. Басқасын қой­ғанда, спирттік ішімдік ішіп, темір тұлпар тізгініне отыру – өзіне ғана емес, өзгеге де қауіпті екенін жаза-жаза жауыр еткенбіз. Соның өзін­де заңға бағынбай жүрген жүр­гізушілер баршылық. Мас күйде қолға түскен ол аза­мат­тардың автокөліктері арнайы тұраққа қойылып, өздері заң аясында жауап береді.

Ал сілеусін аулаған аңшы­лар 21 қаңтар күні анық­талған. Терісін кәдеге жаратамыз деді ме екен, кім білсін, Ұлан ауданы, Каменка ауылының маңындағы Хансар учаскесіне ит ертіп шыққан. Рұқсатсыз аң аулағандарына қарасақ, жедел алдын алу іс-шаралары жүріп жатқанын білмесе керек. Әйт­песе, әр қадамын аңдып басар ма еді?! Ұлан аудандық поли­ция бөліміне қарасты таби­ғатты қорғау полиция тобы­ның аға инспекторы Әсет Сәбиев Хансар учаскесінде иттермен, екі сілеусінді заң­сыз аула­у фактісін анықтап үлгірген. Аталған факті бойынша тиісті рұқсатсыз аң аула­ған Ка­менка ауылының 32 және 49 жас­тағы екі тұрғыны  ӘҚБтК-нің 382-бабы, 1 бөлігі, яғни «Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әрқайсысына 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Статистикалық деректерге қарасақ, қылмыс азаяр емес. Айыппұл салынып, темір торға тоғытылғанымен, түгелі тәртіпке бағына бермейтіні өмір заңдылығы. Айналып кел­генде, «тәрбие – тал бесік­тен басталуы» керек шығар.

 

Шығыс Қазақстан облысы