Ақжайықта аталмыш саланың жай-күйі Жолдау қойған міндеттерге сай сараланды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2014 жылға дейін еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы еңбек өнімділігін екі есеге дейін көтеру міндетін қойғаны белгілі. Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының орталығы Федоров кентінде болған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесінде осы міндетті іске асыру жолдары жан-жақты талқыланды.
Мұнда қол жеткен жетістіктерден гөрі алда тұрған міндеттерді талқылауға басымдықтар берілді. Ең алдымен егістік мәдениетін көтеру, оған жаңа өміршең технологияларды енгізу жолдары жан-жақты сөз болды. Өсімдік шаруашылығында ылғал сақтау, тамшылатып суару тәжірибелері өңірде бұған дейін қалыптасып үлгерді. Соған қарамастан, жергілікті шаруа қожалықтары жетекшілерінің басым бөлігі тіпті жауын-шашын мол түскеннің өзінде гектарына көп дегенде 8-10 центнерден ғана өнім алады. Ал жоғарыда айтылғандай, бүгінгі заманғы технологияларды қолданып тыңайтқыштар себу арқылы гектар берекелілігін екі-үш есе көтеруге болар еді.
Өңірде тыңайған жерлер үлесі жеткілікті. Өнімділігі төмен жайылымдарды шабындықтарға айналдыру үшін құрғақшылыққа төзімді көп жылдық бидайық шөптер егу ісі қолға алынуда. Сондай-ақ, жоғарыда айтылған тыңайған жерлерді қайта қалпына келтіру шаралары белгіленді. Сонымен бірге, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында бидайық және басқа да көп жылдық өсімдіктерді өсіру жолға қойылмақ.
Кеңесте көктемгі егіске қажетті тұқым сапасын жақсарту жөнінде де құнды пікірлер айтылды. Осыдан шығатын бір түйін: алдағы уақытта тұқым шаруашылығын облыстық бюджеттен қолдау тәртібі өзгертілмек. Бұдан әрі негізінен дәнді-дақылдардың өнімділігі мол сорттарын көбейтіп, элиталық тұқым түрлерін пайдалану қолға алынбақ.
Сонымен бірге, жиында азық-түлік қауіпсіздігін ұдайы назарда ұстау қажеттілігі де қоса қамтылды. Облыста жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдерінің басым бөлігі өңірден тысқары жерлерден жеткізіліп жүр. Осы айтылған өнім түрлерінің үлес салмағының ұлғайту шаралары да өзекті істің бірі ретінде белгіленді. Әрі бұл орайда көкөніс өндірісіне басымдық беріп отырған Зеленов ауданының тәжірибесі өзге аудандарға үлгі ретінде ұсынылды. Осы негізде облыста көкөніс өнімдері қауымдастығын құру қажеттілігі жөнінде де ұйғарым жасалды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы бір олқылық – аудандарда ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрғындардан сатып алу, қайта өңдеу және өткізу орталықтары мен кооперативтері құрылмаған. Облыста қазақтың етті ақбас сиырының тұқымын өсіруге қолдау жан-жақты көрсетілуде. Соған қарамастан, облыстағы малды өңірлер – Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандарында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Жыл сайын бюджеттен 30 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінетіндігіне қарамастан, мал өнімділігін арттыру, қолдан ұрықтандыру мәселелерінде де көңіл аударатын жәйттер жеткілікті.
Қайткенде де мал ауыл тұрғындары үшін негізгі табыс көзі болып қала беретіні талас туғызбайды. Әйтсе де басқосуда белгілі болғандай, соңғы жылдары облыстағы ауыл тұрғындары мал ұстауды азайта бастағаны байқалады.
Бұған дәлел ретінде жиында төмендегідей дерек келтірілді. Яғни, облыс аумағындағы 84 мың ауыл аулаларының 26 600-інде мал мүлдем ұсталмайтын болып шықты. Мұның басты себебі, жемшөп бағасының қымбаттауы болып отыр. Әсіресе, биылғы ұзаққа созылған қыста жемшөп тапшылығы анық байқалғаны жиын үстінде ашық айтылды. Биылғы көктемде мал шаруашылығымен шұғылданатын облыстың оңтүстік өңіріндегі аудан аумақтарында жеткілікті ылғал қоры жасақталды. Бұл алдағы кезде қажетті мал азығын дайындаудағы маңызды факторлардың бірі болмақ. Сондай-ақ, биылдан бастап жемшөп дайындауды субсидиялау үшін облыстық бюджеттен тоқсан миллион теңге қаражат бөлінбек. Қысқасы, тұрақты жемшөп базасын құру мал шаруашылығын одан әрі дамытудың басты қазығы болып қала бермек.
– Елбасының биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің жәй-күйін жақсартуға қатысты міндеттер тайға таңба басқандай айқын тұжырымдалған. Бұл бәріміз үшін іске басшылық болып табылады. Жолдауда қойылған міндеттерді агроөнеркәсіп кешенінің әр саласы мен тармақтары бойынша алға бастыру, оны ғылыми ізденістермен байыту, алдағы атқарылатын істерді таразылау кезек күттірмейді. Осыған орай біз Жолдауда қойылған міндеттерді облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кеңесінде талқылауды қажет деп таптық. Осы кеңесті ұйымдастырып, агроөнеркәсіп саласына қатысты Жолдауда қойылған міндеттерді нақты істермен ұштастыру арқылы талаптар үдесінен шыққан секілдіміз. Ендігі міндет соны ойдағыдай іске асыру, әрі аяғына жеткізу, – деді кеңес жұмысының қорытындысы жөнінде газет тілшісіне Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.