12 Мамыр, 2010

ІЗДЕНІСТЕР – ТАБЫС КЕПІЛІ

603 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ақжайықта аталмыш саланың жай-күйі Жолдау қойған міндеттерге сай сараланды Мемлекет басшысы Нұр­сұл­­тан Назарбаев “Жаңа он­жылдық – жаңа экономи­ка­лық өрлеу – Қа­зақстанның жаңа мүмкін­дік­тері” атты Қа­зақстан халқына ар­на­ған Жолдауында 2014 жылға дейін еліміздің агроөнеркәсіп сала­сын­дағы еңбек өнімділігін екі есеге дейін көтеру міндетін қой­­ғаны белгілі. Батыс Қазақ­стан облысындағы Теректі ауданының орталығы Федоров кентінде болған ауыл шаруа­шы­лы­ғы қызметкер­лері­нің кеңесінде осы міндетті іске асыру жолдары жан-жақты талқыланды. Мұнда қол жеткен жетіс­тік­­терден гөрі алда тұрған мін­деттерді талқылауға басым­дық­тар берілді. Ең алдымен егістік мәдениетін көте­ру, оған жаңа өміршең тех­но­логия­ларды енгізу жолдары жан-жақты сөз болды. Өсімдік ша­руа­шы­лығында ылғал сақтау, там­шы­латып суару тәжіри­бе­лері өңірде бұ­ған дейін қа­лып­тасып үлгерді. Со­ған қара­мас­тан, жергілікті шаруа қожа­лық­тары жетекшілерінің ба­сым бөлігі тіпті жауын-шашын мол түскеннің өзінде гек­та­рына көп дегенде 8-10 цент­нерден ғана өнім алады. Ал жоғарыда айтыл­ғандай, бүгінгі заманғы техно­ло­гияларды қолданып тыңайт­қыш­тар себу арқылы гектар бере­ке­лі­лігін екі-үш есе көтеруге болар еді. Өңірде тыңайған жерлер үлесі жеткілікті. Өнімділігі тө­мен жайы­лымдарды шабын­дықтарға айнал­дыру үшін құрғақшылыққа төзімді көп жылдық бидайық шөптер егу ісі қолға алынуда. Сондай-ақ, жо­ға­рыда айтылған тыңайған жер­лерді қайта қалпына кел­тіру шаралары белгіленді. Со­нымен бірге, Орал ауыл ша­руа­шылығы тә­жірибе стан­са­сында бидайық және басқа да көп жылдық өсім­діктерді өсіру жолға қойылмақ. Кеңесте көктемгі егіске қа­жетті тұқым сапасын жақсарту жөнінде де құнды пікірлер айтылды. Осы­дан шығатын бір түйін: алдағы уақытта тұқым ша­руашылығын облыстық бюд­жеттен қолдау тәр­тібі өз­гертілмек. Бұдан әрі негі­зінен дәнді-дақылдардың өнім­ді­лігі мол сорттарын көбейтіп, эли­талық тұқым түрлерін пай­далану қолға алынбақ. Сонымен бірге, жиында азық-түлік қауіпсіздігін ұдайы назарда ұстау қажеттілігі де қоса қам­тыл­ды. Облыста же­міс-жидек, көк­өніс, сүт өнім­дерінің басым бөлігі өңірден тысқары жерлерден жет­кізіліп жүр. Осы айтылған өнім түр­лерінің үлес салмағының ұл­ғай­ту шаралары да өзекті істің бірі ретінде белгіленді. Әрі бұл орайда көкөніс өндірісіне ба­сымдық беріп отырған Зеле­нов ауданының тәжі­ри­бесі өзге аудандарға үлгі ретінде ұсынылды. Осы негізде об­лыс­та көкөніс өнімдері қауым­дастығын құру қажеттілігі жөнінде де ұйға­рым жасалды. Ауыл шаруашылығы сала­сын­да­ғы бір олқылық – аудан­дарда ауыл шаруашы­лығы өнімдерін тұрғындардан сатып алу, қайта өңдеу және өткізу орталықтары мен кооперативтері құрылмаған. Облыста қазақтың етті ақбас сиы­рының тұқымын өсіруге қолдау жан-жақты көрсетілуде. Соған қа­рамастан, облыстағы малды өңір­лер – Қаратөбе, Сырым, Шың­ғыр­лау аудан­да­рында асыл тұқымды мал ша­руашылығын дамытуға жет­кілікті көңіл бөлінбей келеді. Жыл сайын бюджеттен 30 мил­­лион теңгеге жуық қара­жат бөлі­нетіндігіне қарамас­тан, мал өнім­ділігін арттыру, қолдан ұрық­тандыру мәселе­лерінде де көңіл аударатын жәйттер жеткілікті. Қайткенде де мал ауыл тұр­ғын­дары үшін негізгі табыс көзі бо­лып қала беретіні талас туғыз­байды. Әйтсе де басқо­суда белгілі болғандай, соңғы жылдары облыс­тағы ауыл тұр­ғындары мал ұстауды азайта бастағаны байқалады. Бұған дәлел ретінде жиын­да тө­мендегідей дерек кел­ті­рілді. Яғни, облыс аума­ғын­дағы 84 мың ауыл аула­ла­рының 26 600-інде мал мүл­дем ұсталмайтын болып шық­ты. Мұның басты себебі, жем­шөп бағасының қымбаттауы болып отыр. Әсіресе, биылғы ұзаққа со­зылған қыста жем­шөп тапшылығы анық бай­қалғаны жиын үстінде ашық айтылды. Биылғы көктемде мал шаруашылығымен шұғыл­да­на­тын облыстың оңтүстік өңірін­дегі аудан аумақтарында жеткілікті ылғал қоры жа­сақталды. Бұл алда­ғы кезде қажетті мал азығын дай­ын­даудағы маңызды фактор­лар­дың бірі болмақ. Сондай-ақ, биыл­дан бастап жемшөп дай­ындауды субсидиялау үшін облыстық бюд­жеттен тоқсан миллион теңге қара­жат бөлін­бек. Қысқасы, тұрақ­ты жем­шөп базасын құру мал ша­руашылығын одан әрі дамы­тудың басты қазығы болып қала бермек. – Елбасының биылғы Жол­дауында агроөнеркәсіп кешенінің жәй-күйін жақсар­туға қатысты міндеттер тайға таңба басқандай айқын тұжы­рымдалған. Бұл бәрі­міз үшін іске басшылық болып та­бы­лады. Жолдауда қойылған мін­дет­терді агроөнеркәсіп кеше­нінің әр саласы мен тар­мақ­тары бой­ынша алға бастыру, оны ғылыми ізденістермен байыту, алдағы атқа­ры­латын істерді таразылау кезек күт­тірмейді. Осыған орай біз Жол­дауда қойылған міндет­терді об­лыс­тық ауыл шаруа­шылығы қызмет­керлерінің кеңесінде талқылауды қажет деп таптық. Осы кеңесті ұйым­дастырып, агроөнеркәсіп саласына қатысты Жолдауда қойылған мін­деттерді нақты істермен ұштастыру арқылы талаптар үдесінен шыққан секілдіміз. Ендігі міндет соны ой­да­ғыдай іске асыру, әрі аяғына жет­кізу, – деді кеңес жұмысының қорытындысы жөнінде газет тілшісіне Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бе­тов. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.