Экономика • 28 Қаңтар, 2022

Утиль алымы азық-түлік бағасына да әсер етеді

495 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Утиль алымы Қазақстандағы санаулы компаниялардың мүддесін қорғауға арналған. Отандық ауыл шаруашылығы техника паркінің жаңармай отыруының негізгі себебі де осында жатыр. Сондықтан қазақстандық аграршылар кәдеге жарату алымына түбегейлі қарсылық білдіріп, жағдай реттелмейінше бір жылға мораторий енгізуді ұсынды.

Утиль алымы азық-түлік бағасына да әсер етеді

Санаулы зауытқа ғана тиімді

«Шопан ата» ұлттық қой өсіру қауым­дастығының төрағасы Алмасбек Садыр­баевтың айтуынша, еліміздегі машина құрастыру саласында 4-5 зауытқа ғана басымдық берілгендіктен техникалық мамандардың санын көбейтуден пайда жоқ. Өнеркәсіп бағытындағы реформалық саясаттың олқылығынан Қазақстанға аграрлық техниканы өндіретін инвесторлар келмейді деген ойда ұйым басшысы. Ал мұндай жағдай жоғарыдағы азын-аулақ кәсіпорынға ғана тиімді. Шаруа кәдеге жарату алымының артықшылықтарын да солар көріп келеді деп санайды.

«Бұл кәсіпорындарды барлығы біледі. Осы 4-5 зауыттың құйтырқы саясаты еліміздің заңынан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақтың аясында көрініс тапқан. Аталған 4-5 кәсіпорыннан басқа компаниялар Қазақстанға кіре алмайды. Келген күннің өзінде жоғарыдағы зауыттармен бірігіп жұмыс істеуіне тура келеді. Тіпті бұған байланысты Еуразиялық кеңестің тиісті шешімі бар. Мұндай мемлекетте жаңа өндіріс орындарын ашу мүмкін бе және сол зауыттарға коллаборация керек пе? Оның жауабы барлығына мәлім. Сондықтан біріншіден, Үкіметтен мұндай қаулыны кім шығарып, неге қабылдағанын сұрастыру қажет. Неліктен Қазақстанда басқа зауыттар салуға болмайды? Түсінесіздер ме, бұл лоббистер біздің заңды былай қойып, Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде жұмыс істеудің жолын тауып отыр. Сол себепті Президент утильдік алымды жинауды бір жылға тоқтатып, миллиардтаған қаражаттың қайда кеткенін анықтаумен бірге тиісті заңдар тексерілуі қажет. Осы мәселені ретке келтірсек, бір жылдың ішінде елімізге John Deere, Massey Fergusson сынды компаниялар да келеді. Ал қазіргі заңнама Қазақстанда өндірістік зауыттарды салуға кедергі келтіріп отыр. Осындай жағдайда техникалық мамандарды оқытудың қажеті бар ма?», деген А.Садырбаев «Шопан ата» ұлттық қой өсіру қауымдастығының атынан осы мәселенің ушығуына жол берген Үкіметтегі лауазымдылардың қызметте қалуына хақысы жоқ екенін айтты.

Азық-түліктің қымбаттауына әкеледі

Қазақстанның ет одағы ауыл шаруа­шылығы техникасына арналған утиль­дік алымның азық-түлік тауар­ларының қымбаттауына әсер ететінін айтып, осыған байланысты бірнеше аргумент келтірді. Осы тұрғыдан алғанда, аталған мәселеге азық-түлік қауіпсіздігі жағынан жіті мән берілуі керек деп есептейді қауымдастық өкілдері.

«Өндірілетін әр бөлке нан мен бір кило ет пен литр сүттің құны утиль алымға байланысты екенін еске салғым келеді. Үкімет ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандырудың орнына кәдеге жарату алымының жоғары мөлшерле­ме­сін қолдап отыр. Кеше вице-премьер Р.Скляр ауыл шаруашылығы техникасына байланысты утиль алымның сомасы қарастырылмайтынын, бұл тек жеңіл автокөлікке ғана қатысты екенін мәлімдеді. Оның өзінде бұл өзгеріс қоғамдық қозғалыс пайда болғаннан кейін ғана қаралғанын жасырмады. Демек, біз әлі конструктивті диалог байқап отырған жоқпыз. Былтыр 30 млрд теңгеге утиль алымы жиналды. Осы орайда тұтастай ауыл шаруашылығы техникасының жаңартылуы 200 млрд теңгеге шыққанын айта кету керек. Былайша айтқанда, осы соманың 15%-ы мақсатсыз жұмсалғанын аңғаруға болады. Осының салдарынан қажетті техниканың бағасы өсіп кетті.

Екіншіден, кәдеге жарату алымы техника паркінің жаңару үдерісінің бәсеңдеуіне алып келді. Аграрлық техниканың басым бөлігі әбден ескірген. Мұның кесірінен егінді жинау науқанында шаруалар шығынға батып жатады. Осыдан кейін өнімнің бағасы еріксіз қымбаттайды. Техниканы жаңартуды ынталандырудың орнына керісінше бұл процесті баяулату жұмысы жүріп жатыр. Былтыр техниканы жаңарту жұмысы 20% төмендепті. Бұл қалай орын алады? Шартты түрде айтсақ, құны 100 млн теңге тұратын John Deere комбайнына утиль алым 20 млн теңге көлемінде белгіленді делік. Бұл ретте отандық өндірушілер өз өнімдерін сатарда кәдеге жарату алымның сомасы қосылмайтынын алға тартады. Алайда қазақстандық өндірушілер сатылатын өнімнің бағасын автоматты түрде 20%-ға қымбаттатып жібереді. Өйткені бәсекелестерінен қалмау керек деген желеулері бар. Сондай мега пайда табу үшін жағдай жасап отырғанымызды байқауға болады. Бұдан бөлек, олар 12%-ға ҚҚС және 10%-ға баж салығынан босатылды. Демек, мемлекет автоматты түрде оларға 40%-ға табыс табуға жағдай жасап отыр. Неге мұндай мүмкіндік тек 4-5 зауытқа ғана беріледі? Қазір нарықтық экономиканың дәуірі емес пе?!», деді Қазақстанның ет одағының өкілі Мақсұт Бақтыбаев.

Қарағандылық «Шанс» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк айтқандай, қымбат техника мен утиль алым барда Үкіметтің аграршылардан әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын көтермеуді талап етуі орынсыз.

«Осы 2 жыл көлеміндегі елімізде жолға қойылған өндіріс орындарын бағамдасақ, 5 трактор зауыты және 4 комбайн зауыты жұмыс істеп тұрғанын байқауға болады. Қазақстанда осы техниканы сатып алатын шамамен 10-15 мың шаруа бар. Мұндай үрдіс басқа елдерде жоқ. Бұдан мардымды нәтиже шығады деп айту қиын. Егер зауыт салынса, оның жылына 4-5 мың трактор шығара алатындай қауқары болуы шарт. Ал 200-400 тракторды ғана шығаратын кәсіпорынның рентабелділігі өте төмен болатыны белгілі. Сондықтан біздің ұсыныстарымыз бен талабымызды Үкімет естіп, ауыл шаруашылығы техни­ка­сына арналған утиль алымды алып тастайды деп үміттенеміз», деді И.Жабяк.

Қазақстан фермерлер қауымдасты­ғының өкілі Ақпар Мәуленовтің пікірі­не сүйенсек, отандық агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру үшін та­уар өндірушілерге қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл үшін тарифті қайта қарау туралы әңгіме қарастырылмай, керісінше бұл сегменттегі төлем жүйесін біржолата алып тастау ұсынылды.

«Бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатырмыз. Президент­ке, Үкіметке осы мәселеге байланысты хат жазғанбыз. Кәдеге жарату алымына тоқталсақ, ол қалдықты өңдеуді өтеу үшін жұмсалатын төлем түрі. Бірақ ауыл шаруашылығы техникасында қандай қалдық болуы мүмкін? Неге десеңіз, бұл техника кем дегенде 20-25 жыл пайдаланылады. Екіншіден, экологиялық мақсатқа арналған алым дейді. Ауыл шаруашылығына арналған техника далада жұмыс істейді. Одан экологияға ешқандай зиян тимейді. Төлем жинау міндетін бір компаниядан келесі мемлекеттік ұйым­ға тапсырды. Бұл бастаманы да қол­дамай­мыз. Біздің нақты ұстанымымыз – ауыл шаруашылығы техникасына арналған кәдеге жарату алымын түбегейлі алып тас­тау қажет», деді А.Мәуленов.