19 Наурыз, 2014

Достық – ұлы туымыз

848 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
100-824Достық. Қан­дай қа­си­ет­ті сөз. Қай халықтың да мақал-мәтел­дерінде достық туралы  көп айтылады, тамаша айтылады. Бірлікті барлық, байлық, бақыт деп білеміз біз. Бірлеспеген елдің білегі әлсіз келеді. «Біріккен екі бірлігі жоқ жетіні жеңеді» дегенді де қазақ айтқан. Достықты, туысқандықты ту етіп ұстағандықтан да Қазақстан халқы көпэтносты мемлекеттің мығымдығының үйренерлік үлгісі болып отыр. Елбасымыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің таңсәрі шағында, егемендіктің елең-алаңында-ақ біздің еліміздің болашағы тек қана бірлікке байланысты екенін басын ашып айтты. Жас мемлекеттің алғашқы қадамдарынан бастап ұлттық саясатты сарабдал жүргізе білді. Адамдарды нәсіліне, тегіне, ұлтына қарап бөлуге ешқандай жол берілмейтінін салған беттен аңғартты, Қазақстанда әр Пириевадам өзінің іскерлігіне, біліктілігіне, парасаттылығына ғана қарап бағаланатынын мәлімдеді. Іс жүзінде дәл солай болды да. Сондықтан біздің еліміздегі қандай этностың өкілі де өзін Қазақстанның төл перзенті, патриоты санайды. Осы елдің қызығын бірге қызықтайды, қиындықтарын бірге еңсереді, табыс­тарына бірге қуанады. Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамашылдығымен құрыл­ған Қазақстан халқы Ассамблеясы – жер жүзінде бұрын-соңды болмаған бірегей ұйым. Ортақ үйімізде татулық пен келісім болсын, осында өмір сүріп жатқан барша этностың және бүкіл Қазақстан халқының болашағы үшін маңызды мәселелер талқыланатын алаңға айналсын деп құрылған Ассамблея өткен жолға және  болып жатқан қоғамдық-саяси үдерістерге талдау жасау, ұлттық саясатты жүзеге асырудың оңтайлы жолдарын белгілеу үшін таптырмас мінбер екенін алғаш­қы жылдардың өзінде көрсетіп үл­герді. Қоғамдық тұрақтылықты қалай сақтап, нығайту керек, ел өмірін реформалауды қалай тездету керек деген мәселелерді Ассамблея мүшелері шын жанашырлықпен талқылай бас­тады. Мұның нақты нәтижесін қазір көріп те отырмыз. Бүгінде Қазақстан Республикасы экономикасы қуатты, саясаты сарабдал, ішкі тұрақтылығы мықты мемлекет ретінде  алысқа да, жақынға да бірдей қадірлі. Еліміздің Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа сайлануы мұның айшықты айғағы. Бізге осындай сенім көрсету ең алдымен Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың арқасы. Нұрсұлтан Назарбаев  өзге елдерде кемшілік деп саналып келген көпэтностылықты мемлекеттің артықшылығына айналдыра білді. Бұл қандай қадамын да алыстан ойластыратын, кемеңгер саясаткерге тән белгі. Мен – түрік халқының өкілімін. Астана­­­дағы қалалық түрік этномәдени бірлес­­­­тігі­нің төрағасымын. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде еліміздегі татулыққа, бірлікке, достыққа, ынтымаққа қолымнан келгенше үлес қосып жүрмін. Бізге өзіміздің төл мәдениетімізбен су­­­сындауға да барлық жағдай жасалған. Осы жақында ғана Астанада, Бейбіт­шілік және келісім сарайында  Түрік Республикасының мемлекеттік «Ха­лық биі» ансамблі өз өнерін көрсетті. Таяу күндерде Қазақстан халқына ортақ мерекені – Наурызды тойлаймыз. Бір-бірімізге құтты болсын айтамыз, жақсы тілектер тілейміз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сияқты бүкіл әлем  таныған, мойындаған Елбасымыз бар, тату-тәтті халқымыз бар, еңбекқор еліміз бар, жердің астын да, үстін де толтырған байлығымыз бар, ырыс қонған жұртпыз. Осы ынты­­­­мағымызды, осы бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз, бала­ларымызға, немерелерімізге, шөбере­лерімізге үлгі етіп, өнеге етіп айтуымыз, аманатқа қалдыруымыз керек. Солай ету арқылы біз елдегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың ойдағыдай жүзеге асырылуына жағдай жасаймыз, өзіміздің берік те баянды болашағымызды қамдаймыз.  Әскер ПИРИЕВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Астана қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы.