Қазақстан • 31 Қаңтар, 2022

Сенім алға жетелейді

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл Мемлекет басшысының қаңтар оқиғаларынан кейінгі бірінші сұхбат беруі. Шындығында сұхбатты халық күтті және бәрімізді көптен бері мазалап жүрген сұрақтарға нақты жауап берілді.

Сенім алға жетелейді

Президент айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрамыз десек, онда дәл қа­зір­гі уақытта ашықтық саясаты керек. Ең алдымен кешегі сұхбатта «Қасіретті қаңтарға» қалай тап болғанымыз жөнінде, сол уа­қыттағы бізге беймәлім болған жайттар ашық айтылды. Еліміз үшін қиын сәттерде тың шешім­дер қабылдау қажеттігі туын­да­ғанынан хабардар болдық. Осы орайда күні кеше өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде Мемлекет басшы­сының жаңа Қазақстан құру үшін өткенімізді еш уақытта ұмыт­­пауға тиіс екендігімізді баса айтқаны еске түседі. Елі­міз­­дің қауіпсіздігі, еліміздің тәуелсіздігі, бұл – қазіргі кезеңде көзі­міз­дің қарашығындай сақтай­тын құндылықтар. Сондық­тан бүкіл халық болып осы мәсе­лені дұрыс талқылап, оң шеші­мін табуымыз қажет және бола­ша­ғымыз үшін жұмыс істеуге тиіспіз.

Мемлекет басшысы еліміз парламенттік республика болуы мүмкіндігіне қатысты да пікірін білдірді. Жалпы, Мәжілісте мықты партиялар болса, олар шынайы халықтың ортасынан табылып, нақты жетіс­тіктерге қол жеткізе алса, онда бұл да басқарудың бір жүйесі болар еді. Бірақ бұл бүгін-ер­тең бола қоятын жайт емес­тігін бәріміз де түсінеміз. Ал болашақта мұның да қажеті бар шығар. Оны да ойлауға тиіспіз. Демократиясы дамыған Еуропа елдерінде мемлекеттік басқарудың президенттікпен қатар парламенттік жүйесі де тиімділігін көрсетіп отыр. Түптеп келгенде Президент сұхбатынан кейін Қазақстанның болашағына қатысты ой қалыптасты. Яғни Мемлекет басшысы еліміздің болашағы білімде, ғылымда, жаңа технологияларда және қазақстандықтардың әл-ауқа­ты­ның артуында екендігін айтты. Сондықтан ата-бабамыз аңсаған жаңа Қазақстанды құру кезеңінде бұл да дамудың бір үрдісі болары анық. Демек үміт сөнбейді, арта береді.

 

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры