Жиында сөз алған ҚБФ атқарушы директоры Павлодар облысына 2022 жылғы Қазақстан чемпионатын өткізу мәртебесі жайдан-жай берілмегенін, жергілікті спортшылардың кейінгі жылдардағы оң нәтижелерінің арқасында осындай құрметке ие болғанын жеткізді. Шынында да, былтыр Павлодар облысының былғары қолғап шеберлері бірқатар маңызды жарыста үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтар болсақ, Сабыр Ерболат былтыр Польшаның Кельце қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алса, Милана Аюпова мен Хава Болкоева жастар арасындағы Азия чемпионатының алтын және қола жүлдегерлері атанды.
Сонымен қатар былтыр Павлодар облысы тарихи екі жетістікке қол жеткізді. Жергілікті боксшы Серік Теміржанов өңір тарихында тұңғыш рет Олимпия ойындарында бақ сынаса, екі айдан соң Сербия астанасындағы әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жиын соңында Нағашыбек Әубәкіров Павлодар облысы бокс федерациясының жаңа президенті болып сайланды.