19 Наурыз, 2014

Ғылыми ықпалдастыққа ұмтылыс

296 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
интеграцияӨткен аптада Орал қаласында «Ғылым. Білім. Тәжірибе» тақырыбында төртінші интеграциялық конгресс өз жұмысын аяқтады. Мұны тұтас бір кластерлік триада десе де болады. Бірден айтарымыз конгресті ұйымдастырушылар легі мейлінше толыққанды. Оның геоэкономикалық ауқымы мейлінше кең. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Ре­сей тауар өндірушілер одағы, Ре­сей мен Қазақстанның инженер­лік академиялары және Қазақ­стан­ның инновациялық және теле­коммуникациялық жүйелер уни­верситеті (КазИИТУ) бар. Осының өзінен іргелі халықаралық жиын Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы көрнекті ғылым қайраткерлерінің басын қосқанын бірден байқауға болады. Бұған дейін газетімізде хабар­ланғанындай, Орал қаласындағы ҚазИИТУ базасында соңғы жылдары дәстүр мен тәжірибеге айналған Еуразиялық өзен аралығы жобасы жаңа технологиялар мен өміршең ғылыми идеялардың генераторына айналып келеді. Бұл бағытта көршілес мемлекеттер арасында сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңбе­рінде бірлесіп қолға алынған шаралар шоғыры сан салалы. Әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл­ғы қаңтар айында Қазақстан хал­қына Жолдауында қойылған мә­селелер өте көкейкесті болып отыр. Бұл интеграциялық ғы­лым мен тәжірибенің басты шикі­за­ты рөлін де атқара алады. Осы орайда, қолданбалы ғылым мен инновацияның негізгі операторына айнала білген Еуразиялық өзен аралығы жобасының орны айрықша. IMG_3494 Айталық, Батыс Қазақстан облысы мен Ресейдің шекаралас губерниялары арасында өзара ынтымақтастық пен тату-тәт­ті көршілік жөніндегі келісім­шарт­тарға қол қойылған. Бұл игі іс, өзгесін айтпағанда, ғылы­ми инте­грацияның жаңа мүмкін­дік­терін ашуға да айтарлықтай септігін тигізді. Ал жоғарыда айтылғандай, Оралда өткізілген төртінші интеграциялық конгресс бұл байланыстың мәні мен маңызын тағы бір биікке көтеріп, оған жаңаша серпін берді десек қателеспейміз. Иә, кешегі күндері конгресс қызметі шеңбері мен ауқы­­­мында ғылым мен энергети­ка бағы­тындағы бірқатар интегра­циялық жобалар мен үдерістер жан-жақты талқыланды. Соның ішінде шекаралас аймақтар арасындағы инновациялық әлеуеттің мүмкін­діктері және инженерлік ғылым мен ғарыштық технологияларды дамыту жөнінде қос елдің ғалымдары жаңаша әрі тың ой-пікірлер қозғады. Бір сөзбен айт­қанда, ғылыми интеграция эконо­миканың жаңа өміршең салалары мен жүйелерін құруға қызмет жасауға тиіс. Яғни, көршілес мемлекеттер арасындағы қазіргі басымдық мақсат-мұраттар – ғылым мен білімді түбегейлі түрде жаңғырту, оның өміршең нақты тәжірибемен байланысын тереңдету, ақпараттық әлеуеттің көкжиегін кеңейту, бизнес пен ғылымда көршілес елдердің өзара іс-қимылының үй­лесімділігіне қол жеткізу бол­мақ. Міне, конгресс кезінде оған қа­тысқан ТМД ғалымдары жасаған тағы бір түйін осындай. Қалай дегенде де «Ғылым. Білім. Тәжірибе» атауын иеленген кластерлік триада тек осындай үздіксіз үрдіс арқылы ғана алға қойған мақсатына жетері анық. Конгресс жұмысы кезінде тек құрғақ инновациялық идея­лар айтылып қоймай, бүгінгі күнгі ғылым мен білім берудегі нақты интеграциялық байланыс­тар жөнінде көптеген мысалдар келтірілді. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің профессоры Сер­гей Кибальниковтің ай­ту­ынша, өткен жылдан бас­тап Дубна университетінде Қазақ­­­­стан­ның инновациялық және теле­ком­муникациялық жүйелер универ­ситетінің жас мамандары қатарынан магистранттар дайындаудың арнайы бағдар­ла­масы қолға алынған. Бұл үрдіс Ресей­дің Самара қаласындағы жоғары оқу орындарында да өз жалғасын тауып отыр. Инновация мен жаңа технологияны трансферттеуге көршілес мемлекеттер ғалымдары осылайша үн қосып келеді. ОРАЛ. Суретте: конгрестен көрініс.