Білім • 31 Қаңтар, 2022

Шәкіртақының өсуі – студенттердің ынтасын арттырады

509 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында білім мен ғылымның өзекті мәселелері талқыланып, өткен жылдың барысы сарапталған болатын. Бұл жиында осы жылғы келелі міндеттер айқындалған-ды.

Шәкіртақының өсуі  – студенттердің ынтасын арттырады

Жиын барысында мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарының жұмысындағы өзгерістер, білім беруді дамыту және дарынды балаларды қолдау шаралары туралы айтылды. Талқыланған мәселелердің ішінде - инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету, құндылықтар жүйесін қалыптастыру, салалық менеджментті трансформациялау, кадрлар даярлауға жұмыс берушілерді тарту, жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту және оны интернационалдандыру, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ғылыми жобаларды қаржыландыру болды. Өзгерістер педагогика саласындағы білім сапасын жақсартуға бағытталған.

Өткен жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы өсті, бұл жастардың мұғалімдік кәсіпке деген қызығушылығын арттырады. Абай университеті ең дарындыларды таңдап, оларға жоғары сапалы білім беруде. Оқытушыларымыз өз біліктіліктерін үнемі арттырып отырады, қысқы және жазғы мектептерге, цифрлық сауаттылықты арттыру курстарына қатысады. Ғалымдар өздерінің ғылыми жобаларын жүзеге асыруға барлық жағдайды жасаған. Біз педагогикалық зерттеу университеті болуға ұмтыламыз. Ғылым саласын дамытуда гранттар бағдарламасы енгізіліп, ғылыми-консультативтік кеңес құрылды. Мұның барлығы отандық ғылым мен білімді дамытуға бағытталған. Ал шәкіртақының өсуі студенттердің, әсіресе, педагогикалық мамандықтарда оқитындардың ынтасы мен жауапкершілігін арттырары сөзсіз. 

Кез келген университет түлегінде кездесетін басты мәселе – жұмысқа орналасу. Абай университеті жұмыс берушілермен тиімді қарым-қатынас жасау арқылы түлектердің 96%-ына мамандығы бойынша жұмыс табуға көмектесті. Сонымен қатар, Абай университеті QS халықаралық талдау агенттігінің (Quacquarelli Symons) рейтингіне алғаш рет қатысып, «Жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі» көрсеткіші бойынша 38-ші орын алды.

Министрлік білім мен ғылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқаны қуантады. Жоғары оқу орындары Мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмасын жүйелі түрде орындайтынына сенімдімін.

 

Дархан БІЛӘЛОВ,

Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры