Бұл мәселе Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында да кеңінен талқыланған болатын. Осы орайда көңілге түйген мына мәселелерге тоқталып өткім келеді.
Біріншіден, дарынды балаларды қолдаудың маңыздылығы. Маған дарынды балаларға арналған мектепте оқып, осындай мектепті басқару бақыты бұйырды. Дарынды балаларға лайықты ұстаздар керек екені баршамызға анық. Бұл инклюзия мәселесі болып саналады. Осыған байланысты биылғы жылы біз Абай университетінде Honors College жобасын қолға алып отырмыз. Бұл жоба «мықты» студенттерді анықтауға және даярлауға, оларды одан әрі қосымша біліктілікті арттыру курстарымен, ерекше бағыттағы мектептерде өндірістік практикадан өткізумен ынталандыру және шәкіртақылар беру үшін қосымша қаржыландыруды тартуға бағытталатын. Бұл жобаны РФММ, НЗМ, БИЛ әріптестері қолдап отыр.
Екіншіден, болашақ ұрпақты тәрбиелеу мәселесі. Тәрбие – бұл белгілі бір бұқаралық іс-шараларды өткізу емес деген тезис қатты ұнады. Жалпы алғанда бұл тұтас тұлғаның қалыптасуы. Университетімізде осы мәселені ұйымдастыру барысында Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын басшылыққа аламыз. Жалпы жаңа тенденциялар мен құндылықтарымызды (Абайдың «Толық адам», X, Y, Z және мүмкін альфа буындарының айырмашылығы, т.б.) ескере отырып, біз «Ұлттық тәрбие» орталығын аштық. Бұл орталықтың жұмысы балабақшалар мен мектептермен бірлесе жүргізілетін болады.
Үшіншіден, техникалық және IT мамандықтары бойынша гранттар 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылады. Алғашқы білімім саясаттанушы болса да, мен бұл шешімді қолдаймын, өйткені бүгінде бізде технарлар мен мықты IT мамандар жетіспейді. Бүгінде бүкіл әлемде технологиялық прогресс жүріп жатыр. Жұмыстар, алгоритмдер және дрондар біздің күнделікті өмірімізді ыңғайлы етті. Бізге де осы жалпыадамзаттық прогреске үлес қосатын технарлар мен IT мамандары қажет.
Төртіншіден, өткен жылы ғылымды қаржыландырудың екі есеге артуы ғалымдар үшін үлкен жаңалық болды. Бүгінгі таңда жоғары оқу орны зерттеу жүргізусіз толыққанды жұмыс істей алмайды. Әлемде университет профессорының үш жұмыс бағыты бар деп саналады: зерттеу жүргізу, оқыту және қоғамға қызмет ету. Егер оқыту және қоғамға қызмет ету арнайы қаржыландыруға мұқтаж болмаса, зерттеу жүгізуді қаржыландырусыз қалдыру мүмкін емес.
Бесіншіден, жаңа онлайн-университеттер ашылады. Онлайн білім беру – қалыпты жағдай және қажеттілік. Онлайн университет – бұл зум дәрістері емес. Сoursera немесе edx бойынша оқығандар мені міндетті түрде түсінеді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін де IT мамандары мен технарлар қажет болады.
Шыңғыс НҰРЛАНҰЛЫ,
Абай атындағы ҚазҰПУ,
Әлеуметтік даму жөніндегі проректор