Технология • 31 Қаңтар, 2022

Нанотехнология жол жырына нүкте қоя ала ма?

478 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жол сораптарының пайда болуы Алматы қаласы үшін өткір мәселенің біріне айналып отыр. Әсіресе соңғы жылдардың бедерінде бұл проблеманы еңсерудің тың тәсілдері қарастырылғанымен, оңды шешім табыла қойған жоқ. Соңғы зерттеуге сәйкес, отандық ғалымдар ойлап тапқан көміртекті нано ұнтақтың жол сапасын жақсартуға айтарлықтай септігі байқалған.

Нанотехнология жол жырына нүкте қоя ала ма?

Жол сораптары дегеніміз – қара­па­йым тілмен айтқанда, асфальт бе­тін­де айырықтар мен ойықтардың пайда болуы һәм жолдардың беріктік қуаты төмендеп тез бүлінуі. Бұл – ауа ыл­ғал­дығы жоғары аймақтарға тән құ­былыс. Көшесінен бір сәт кө­лік үзілмейтін шаһардағы транс­порт­тық ағыннан болған шамадан тыс жүк­теме аталған жайды тіптен күр­де­лендіріп отыр. Әсіресе жүк кө­лік­тері жүйткитін айналма жолдарда көктем шыға осы көрініс белең алады. Мамандар жол сораптарының пайда болуымен күресудің тың жолы ретінде нанотехнологияға иек артқан жөн деп есептейді.

Біз тілге тиек етіп отырған проблеманы ертерек еңсерген елдерде нанотехнологияны әр салада кәдеге жарату мықтап қолға алынған. Бұл тұрғыда АҚШ, Қытай, Ресей мен Еу­ропа елдерінің тәжірибесі ерек.

Өткен жылдың қазан айында Алматыда бұл бағыттағы алғашқы тә­жірибе жүзеге асып, Төле би көше­сі­нің бойына асфальтбетонды жа­бынның жоғарғы қабатына көмір­текті нано ұнтақ қосылған тәжірибелік алаң салынған болатын. Жүз метрге төселген тың тәжірибені ҚазжолҒЗИ мамандары іске асырған.

– Кәдімгі жолда қолданылатын би­тумға Қазақстанның көмірінен алын­­ған нанокөміртек ұнтағын қостық. Салмағы бойынша 0,5 пайыз қосқан­ның өзінде кәдімгі битумның физи­калық қасиеті өзгергенін байқадық. Ал енді біз оны 2 пайызға арттырып, мықты битум және қасиеттері жоғарылатылған асфальтбетон алдық. Бұл битумды отандық нанобитум, ал асфальтбетонды қазақстандық нано­­асфальтбетон дейміз. Бұл – таза, әрі түбегейлі Қазақстанның нано­тех­но­ло­гиялық өнімі болып саналады. Се­бебі біріншіден, мұны қазақ­стан­дық ға­лымдар іске асыруда, екін­ші­ден, тек қана отандық материалдар қол­да­­нылған, – дейді Қазақстан жол ғы­лыми-зерттеу институның прези­ден­ті Бағдат Телтаев.

Қала билігіндегі жолға жауапты мамандар жақсартылған асфальтбетон формуласы мәселені оңтайлы шешуге көмектеседі деген болжам айтып отыр. Ведомство басшысы жолдардың бүлінуін қозғалыс қарқындылығының артуымен, әсіресе бөлінген жолақтар бойымен жүретін қоғамдық көлік қозғалысымен байланыстырады.

– Алматы жолдарында ойықтардың пайда болуы өзекті мәселеге айналды. Жақсартылған асфальтбетон формуласы мәселені шеше алады деп ойлаймыз. Үлкен күштің тротуарға ұдайы әсер етуі сораптардың пайда болуына әкелуде. Бізді 2009 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген Абай даңғылындағы жолдардың жоғары қарқыны алаңдатады. Қуанышқа орай, қаламызда ҚазжолҒЗИ мен құзы­ретті жеке жол зертханалары бар. Олармен бірлесе отырып, асфальтбетон қоспасының физика-ме­ха­никалық қасиеттерін жақсарту бо­йынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2022 жылы жол саласы ғалымдарымен бірлескен ізденістер жалғасады. Осы жылы біз не істеуге болатынын көре­міз. Ең жақсы сипаттамалары бар материал болашақта қала құры­лы­сында қолданылады. Биыл осы мәселемен күресудің шешімін табуымыз керек, – деп мәлімдеді қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ғани Мұрзаханов.

Жергілікті ғалымдар жаңа асфальт­бе­тонның сапасы кәдімгі асфальбетоннан жоғары болатындығына сенімді. Жаңа технологиядан күтілетін нақты шешім – төменгі температуралық сызаттанулар мен жаз айларында орын алатын сораптарды азайту.

Миллиондар тоғысқан мегаполис жолдарына тиімді технологиялар ұсынуға бағытталған басқосуда нанотехнология жолдың қызмет көрсету мерзімін ұзартып, ірі экономикалық тиім­ділікке әкелуге тиіс деген пікір айтылды. Жаңа технологияларды ен­гі­зу мақсатты түрде қолға алынаты­нын мәлімдеген ғалымдар, бұл тәсілді арнайы стандарттар арқылы бе­кі­те­тін­дік­терін де баса айтты.