Ал қасындағы қалқан құлақ сары бала танымал журналист, қазіргі таңда елорда тұрғыны Төлеген Жәкітайұлы. Осы орайда сурет сырын білмек мақсатпен біз әуелі бұрыннан бүйір түйістіріп, бірге жүрген Төлеген бауырымызға хабарластық.
– Бұл сурет 1998 жылдың 9 мамыр күні Алматы облысы Кербұлақ ауданына қарасты Ш.Уәлиханов ауылының іргесіндегі шағын төбешік үстінде түсірілген, – дейді Төлеген ініміз. – Осы жылы Ұлы Жеңіс мерекесіне орайластырып Кербұлақ ауданының әкімі Тынышбай Досымбеков деген азамат Нұрғиса Тілендиев пен Нұрғали Нүсіпжановты арнайы қонаққа шақырған болатын. Өйткені Нұрағаң Ұлы Отан соғысының ардагері. Сөйтіп, екі күн қатарынан мәртебелі меймандар ауданның құрметті қонағы болды. Алғашқы күні олар Сарыөзек кентінде орналасқан әскери бөлімшеге барып, концерт берді. Нұрағаның жұбайы Дариға апамыз Жетісудың тумасы болғандықтан, күллі ауыл-аудан атақты композиторды жезде тұтады екен. Кез келген жерде жайылып жастық, иіліп төсек болып бәйек...
Сарыөзектен аттанған күні Шоқан Уәлиханов ауылына келіп қондық. Нұраға түн ауғанға дейін көсіліп, әңгіме айтып, жұрттың шерін тарқатты. Көпшілік түн ауса да кете қоймады. Тегі қалжыраған болуы керек Нұрағаң көпшілікке қарап: «Осы сендер ұйықтамайсыңдар ма?», деді. Ел сонда барып, қадірлі мейманның демалайық деген ишарасын түсініп тарқады. Қонақтарға басқа жерден ұйықтайтын орын-жай әзірлеп қойған екен. Оған Нұрекең барғысы келмеді, әлде үй иесінің ықыласын аттап өтуге қимады ма, «Мен ешқайда кетпеймін, ана төргі бөлмедегі үлкен диванға төсек салып беріңдер?» деді. Жұрт «Мына баланы қайтеміз?» дегендей маған қарады. Нұрекең: «Тура менің аяғыма тіреп, бұл балаға төсек салып беріңдер!» деп бұйырды. Жұрт дереу диванға тіреліп тұрған шкаф, бірдемелерді сүйреп тастап, көлденең төсек салып берді. Сөйтіп, сол түні ағамның тобығын жастанып ұйықтап шықтым. Бірақ таңғы бесте ұйқым шайдай ашылды. Басымды көтеріп қарасам, Нұрағам да ояу жатыр екен. Жарықтық құс ұйқылы адам еді. «Бала, оянсаң киін, сыртқа шығамыз!», деді. Ауыл ішінде қолтықтасып жүрген бізді көріп, жұрттың бәрі жамырай ұмтылды, аздан соң маңайымызға адам толып кетті.
– Сізді бұл сапарға Нұрағаның өзі ертіп алды ма?
– Бұл сапардың өзі аяқасты басталды. Ол кезде «Ер Дәулет» баспасында қызмет атқарып жүрдім. Таңертең жұмысқа ертерек келіп отыр едім, телефон шырылдады. Көтерсем Нұрғиса көкем екен.
– Әй, бала қайдасың?
– Жұмыстамын.
– Әдіресіңді айт!
– Сейфуллин мен Жұмабаев қиылысы.
– Қазір барып сені алып кетеміз. Жолға дайындал! Сарыөзек жаққа қонаққа барамыз, – деді. Дереу жиналып, күре жолдың бойында күтіп тұрдым. Келді. Көліктің тізгінінде Нұрағаның жақсы көретін шәкірті, қазіргі таңда Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Самат Мәлімбай отыр. Артқы орындыққа Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз жайғасыпты. Сапар осылай басталды. Атап өтерлік дүние, Нұрғиса аға сапарға шыққанда керемет көңілді һәм маңайын жақсы әсерге бөлеп жүреді екен. Одан кейін ол кісінің есте сақтау қабілеті жойдасыз. Жолай келе жатып «Әй, Нұрғали ана төбелер сенің әлгі табаның тілініп, қой жайып жүрген жерің емес пе?» деп жатаған қыраттарды көрсетті. Нұрғали аға «Оныңыз рас, сіз қайдан білесіз?» деп күліп жатты.
Осы сапарында Шоқан атамыздың басына бармай кеткеніміз жарамас деп ғалымның зиратына барып дұға оқытты. Жолай Қоскеліншек тауының табиғи бітіміне қарап ұзақ тамсанды. Нұрағаның аузы сөйлеп отырса, құлағы жан-жағын қалт жібермей тыңдап, көзі қырандай қиядағыны шалып түсетін қасиеті барын осы сапарда көрдім. Бірде, есілтіп әңгіме айтып келе жатып шопырға жалт қарап «баспа, баспа» деді. Біз ештеңе түсінбей қалдық. Шопыр жылдамдығын азайтып, жайлап жүрді. Сөйтсек, көзкөрім жерде асфальттің үстінде жорғалап бара жатқан екі тасбақаны көріп қалып, шопырға «аналарды басып кетпе» деп ескерткені екен.
Сапар аяқталғанша маған ойына түскен дүниелерді ескертіп, белгілетіп отырды. Нәтижесінде, 30-40 оқиғаны түртіп алдым. Алматыға келген соң қойын дәптерімді ашып жіберіп, тақырыптарды айта қоямын, жарықтық тігісін жатқызып әңгімелеп береді. Мен қағазға түсіремін. Нәтижесінде, Нұрағамның әңгімелері 2007 жылы «Нұрғиса Тілендиев» деген атпен жеке кітап болып шықты. Бұл бір өмірімде кездескен керемет, құтты сапар болды.
– Нұрағамен қалай танысып жүрсіз?
– 1997 жылдың сәуір айы болатын. «Ер Дәулет» баспасының директоры Кыдырбек Рысбекұлының таныс-досы әрі балуан Қуаныш Бәкірланов деген азамат келіп-кетіп жүретін. Осы жігіт бірде үйінің қасындағы паркте серуендеп жүрген атақты композитор Нұрғиса Тілендиевпен жолығып қалады. Әңгіменің реті келгенде, Қуаныш өзінің спортшы, балуан екенін айтса, Нұраға «Менде спортпен айналысқанмын, боксшы Шоқыр Бөлекұлының алғашқы шәкірттерінің бірі болғанмын, оның сыртында соғыс басталған жылдары ел аралап, өнер көрсетіп, майданға жылу жинаған күш атасы Қажымұқанның қасында жүріп, ол кісі дем алған тұста, жиналған жұртқа күй тартып беріп, көңілін көтеретін едім» деп біраз көсілген екен.
Содан Қуаныш ағамыз «Нұреке, сізді халық композитор ретінде таниды. Спортшы екеніңізді екінің бірі білмейді. Менің таныс журналистерім бар. Солар сізден сұхбат алса қалай?» деп өтініпті. Көңілденіп отырған ағамыз «сол журналшың келсін» депті. Нұрағаның уәдесін алған Қуаныш шапқан күйі бізге келген беті екен. Мұндай сәтті қалт жібермейтін Қыдырбек Рысбекұлы «Төлеген, басқа жұмыстарды доғар, дереу Нұрағаға тарт» деп бұйрық берді. Нұрғиса Тілендиев ол кезде Қазақ филармониясы жанынан құрылған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің жетекшісі еді.
Алашапқындатып филармонияға келсем, Нұраға кабинетінде отыр екен. Рұқсат сұрап кіріп, келген мақсатымды айттым. «Сіздің боксшы болғаныңызды жазуға келдім». Жарықтық көңілі жылып сала берді. Бетіме қарап жымиып күлді де, кабинетте отырған анау-мынау адамдарды айдап шықты. Содан жарты сағат әңгімелестік. Арада төрт күн өткенде «Жұдырығы күрзідей Тілендиев» атты мақалам «Жас Алашта» жарық көрді. Екі-үш газетті қолтықтап алып, Нұрағама желпілдеп жеттім. Бұрынғыдай емес, еркіндеумін. Ол кісі газетті бір-ақ шолып оқи салатын, түйсігіне түсіріп терең пайымдайтын адам. Мақала ұнады. Осыдан кейін ол кісі басынан өткен дүниелерді шолып-шолып маған айтады, мен онысын жазып алып газетке шығара қоямын. Сөйтіп, шығармашылық байланыс орнатып алдым. Осы шығармашылық байланысты үзіп алмай, жалғастыра беруіме жазушы Қыдырбек Рысбекұлының әсері көп болды.
Ақыры бір-бірімізге бауыр бастық. Жарықтық бір күні филармонияның концерт залына келе қал, сені күтіп отырмыз, деді. Салып ұрып барсам, расында сахнаға күллі оркестрді қаққан қазықтай отырғызып қойыпты. Өзі қарсы алдында буырқанып тұр. «Келдің бе бала, құлағың қалқайып қайда жүрсің. Елу адамды күттіріп қойып? Сенің құрметіңе мына бір күйді алғаш орындатқалы отырмын» дейді. Әрине, қалжың. Музыка менің қолым емесін жақсы біледі. Содан дүниені дүркіретіп бір күй кетті. Атшаптырым залда жалғыз көрермен – мен. Бір заманда жаныма Нұрағаның бір шәкірті сүйкеніп келе қалғаны. «Мынау не күй?». «Терісқақпай» ғой. «Ол не?». Мынаған қайран күйді қор қылған Нұрағам-ай дегендей бетіме бедірейіп бір қарады да, ол да кетті. Сөйтсем, Нұрғиса көкем әкесі Тілендінің күйлерін оркестрге түсіріп соны тыңдасын деп мені шақырған екен. Жарықтық айтатын: «Тіленді менің әкем, ал әкем боп жүрген Атабай арғы атам. Екеуі ауысып кеткен. Әкем Тілендінің «Аққу» күйін ешкімге айтпай өзіме сіңіріп кеттім, аруағынан ұят болмасын деп қалған күйлерін халыққа танытып жатырмын, деуші еді. Менің білетінім Нұраға әке қарызынан құтылды. 1997 жылы 17 қазанда «Отырар сазы» оркестрінің 15 жылдық концертін өткізді. Осы шарада әкесі Тілендінің «Арман», «Терісқақпай», «Сарыбидің Желмаясы», «Ақ бөкен», «Қоянкөз ана», «Қабан жыраудың құла жорғасы» қатарлы алты күйін оркестрге орындатты.