Қазақстан • 01 Ақпан, 2022

«Қазақфильм» жұмысымен танысты

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының жұмысымен танысты.

«Қазақфильм» жұмысымен танысты

Бұл кездесуге Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, КСРО халық әртісі, киностудияның көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, сондай-ақ киностудияның әкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі вице-президенті Айдархан Әділбаев, өндіріс жөніндегі вице-президенті Айдар Баталов, «Қазақфильм» президентінің стратегиялық мәселелері бойынша кеңесшісі Әли Шәукенов, т.б. кино мамандары қатысты.

Кездесу барысында министр киностудиядағы Қазақ киносының музейін аралап, ескі кинокамералар, қолданылған костюмдер, Шәкен Айма­новтың жинаған коллекциясы мен өзі қолданған жеке заттары сақталған ұлттық кино өнерінің тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен танысты.

Сондай-ақ Дәурен Абаевқа 2021-2023 жылдарға жоспарланған жаң­ғыр­ту бағдарламасы шеңберінде сатып алынған заманауи түсірілім техникасы – камералар, жарық құралдары және басқа да жабдықтар көрсетілді. Одан бөлек соңғы екі жылда түсірілген фильм­дер туралы жан-жақты баяндалып, еліміздің басты кино алаңының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алға қойған жос­парлары айтылды. Киностудияның вице-президенті Айдархан Әділбаев «Қазақфильмді» жаңғырту бойынша егжей-тегжейлі баяндап, қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішін білдірді.

– «Қазақфильм» – еліміздің бренді. Киностудия елдің көңілінен шығатын сүбелі туындыларды түсіруі керек және осы бағытта жұмыс істеуіміз керек, – деді министр. 

Киностудияның көркемдік жетек­шісі Асанәлі Әшімов Мәдениет және спорт министріне «Қазақфильмге» ке­ліп, ұлттық кино өнерінің мәселелеріне көңіл бөлгеніне алғысын айтты. Сон­дай-ақ қазақ киносының абызы құра­мына Олжас Сүлейменов, Дулат Иса­беков, Смағұл Елубаев сынды басқа да көрнекті қайраткерлер кіретін беделді көркемдік кеңес құруды ұсынды. 

Басқосуда «Ұлы дала таңы» тарихи фильмінің жұмыс нұсқасы тамашаланды. Айта кетсек, фильмнің режиссері Ақан Сатаев оқшаулану режімінде болғандықтан, кездесуге қатыса алмады. Алайда фильмнің көрсетіліміне басты рөлді сомдаған актерлер – Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов, фильмнің кеңесшісі тарихшы, про­фессор Берекет Кәрібаев, киносту­дия­ның Директорлар кеңесінің мүшесі Ар­ман­жан Байтасов және басқа да өнер қайраткерлері қатысты.

Тарихи кинотуындыны көрген қо­нақ­тар жоғары баға беріп, фильм­нің тартымды желісі мен басты кейіп­кер­лердің рөлін сомдаған актерлердің шеберлігін атап өтті.