Президенттің тапсырмасы бойынша халыққа жеңілдікпен автонесие берудің жаңа бағдарламасы әзірленеді. Қазіргі уақытта бағдарламаны қайта іске қосудың бірнеше нұсқалары қарастырылып жатыр. Мәселен, көпбалалы отбасыларды, күш құрылымдары қызметкерлерін, дәрігерлер мен мұғалімдерді қолдау жөнінде кіші бағдарлама қосу ұсынылады. Сондай-ақ «Бірінші отбасылық автомобиль» кіші бағдарламасын қосу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетелік, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылы іске қосылды. Бұл 20 жылға есептелген және «револьверлік» әдіске негізделген. Қаржыландырудың жалпы шегі – 82 млрд теңге. Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап револьверлік қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 млрд теңгеге
30 525 қарыз берілді. Қазірдің өзінде 80 мыңға жуық адам отандық автокөліктерді сатып алған.
Жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасының шарттарына келсек, 1 жеңіл автокөлік құны – 15 млн теңгеден, несие мерзімі – 7 жылдан, соңғы қарыз алушы үшін номиналдық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспауға тиіс. Соңғы қарыз алушы ЕДБ алдындағы несиесін өтеген кезде қайтарылған қаражат есебінен отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушыларға қайта несие беріледі.
Бүгінгі таңда осы бағдарламамен сатып алу үшін елімізде құрастырылған: Hyundai, KIA, JAC, Chevrolet және LADA сияқты автомобильдер қолжетімді.