Қоғам • 01 Ақпан, 2022

Сүрбойдақ

513 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кейбір дереккөздерге қарағанда, елімізде 25 жастан асқан шаңырақ құрмағандардың саны 3 млн-нан асады екен. 18 бен 30 жас аралығындағы бойдақтардың саны 5 млн-ға жуықтапты.

Сүрбойдақ

Жарық дүниеге шыр етіп келген әр перзенттің пешенесіне жа­зыл­ған өз міндеті бар. Ер аза­мат­тың міндеті – өмірлік серігі болар жарын тауып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбіту. Әйелдің де міндеті осы төңіректе. Әйтсе де бүгінде бойжеткен қызын, ер жеткен ұлын аяқтандыра алмай отырған ата-ана қаншама?! Себеп неде? Бәсі бесбатпан салмақты сауалдың ас­та­рын ақыл таразысына салып, тал­дап көрелік.

Бүгінгі жастардың бойында ең алдымен жағдайымды жасап алайын деген пейіл бар. Ол да дұрыс шығар, әйткенмен уақыт шіркін төрт құбылаңды тең еткенше қаң­та­рылып, тосып тұра ма? Әне-міне дегенше, жалын атқан жастық шақ жарқ еткен жасындай жылт етіп өте шықпақ. Ал отбасы болуға қам­дану, материалдық игілікке мел­дектеу қарапайым халық үшін ұзақ уақытты талап етеді. Онда да игі­лі­гің үйіріле қойса. Демек, тепсе темір үзетін азаматтардың бойын­да жауапкершіліктен тайсақтау, сәл нақтылай айтсақ, қорқақтау ба­сым. Бұл жалпақ жұртқа тән пси­хология.

– Бүгінгі таңда отбасылық құн­ды­­лықтар күрт өзгерген, – дей­ді психолог Ләззат Беке­нова, – әсі­ресе, қыз балалар ата-анала­ры­ның ырқына, қалауына, жөнін ой­лаған ақыл-кеңесіне көне қой­май­ды. Өз­дерінің пайымымен, өмірге деген өз көзқарастарымен жүр­гі­­лері келеді. Бойжеткендердің ба­сым көпшілігі ресми некеге тұр­ғ­аннан гөрі азаматтық некеде болғанды қолайлы санайды. Ал азаматтар болса, отбасын құрудың жауапкершілігінен қашады. Олар белгілі бір себептерге байланысты өз ұрпақтары алдында отбасының ауыртпалығын арқалап, ұрпақ өрбітуге бейілді емес. Ұл-қызы­ның осындай көзқарасына ата-аналардың да еріксіз көніп отыр­ған­дығын байқауға болады.

Психологтің қалыптасып отыр­­­ған жағдайды сараптауына қа­­ра­­ғанда, отбасын кеш құру­дың не­месе мүлде құрмаудың өзіндік се­бептері саналуан екен. Оның ішінде тұрақты жұмыс ор­нының бол­мауы, сондай-ақ белгілі бір ма­ман­дықты игермеуі де әсер ете­тін сыңайлы. Ұрпақ сабақ­тас­тығына алаңдаған ата-аналар амалсыздан бауыр еті бала­ла­ры­ның бүгінгі болмысына көн­дік­кен. «Ішіме сыйған бала сыр­тыма да сыяды» деген па­йымның түбі тайыздыққа соқ­тыр­ға­нын аңғара алмай отыр.

– Ең бастысы, он үштегі ұлды отау иесі санайтын ұлттық дәстүр үзілді, – дейді Рауза Бәйкенова, – бұл мәселеге жеңіл-желпі қарамау керек. Сүрбойдақтардың елі­міздің демографиясына теріс әсер етуімен бірге, халық қар­тайып кетпей ме? Мұндай мысалдарды қайсыбір шетелдердің тіршілігінен аңғаруға болады. Қазір Еуропада осындай үрдіс қалыптасуда. Біз ел тәуел­сіздік алған жылдары Көк­ше­тауда мұсылман әйелдер лигасын құрып, халқымыздың ға­­сырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұр­пын уақыт тозаңынан аршып алып, жаң­ғыртумен айналысқан ша­ғы­мыз­да осы түйткілді мәсе­ле­мен де ай­налысқан болатынбыз. Соңғы жыл­дары бұл көрініс тіпті көбейіп кетті. Жасыратыны жоқ, ағайын-туыс бас қосқан отырыс­та жиі ай­ты­латын тақырыптың бірі осы.

Ата-аналардың айтуына қа­ра­ған­да, материалдық игі­лік үс­темдік құрып тұрған бүгін­гі заманда бой ж­е­тіп келе жат­қан қыздардың көп­шілігі бай-бағланның үйіне ке­лін болып түссем деп армандайды екен. Сондықтан да таңдау мен талғам басым. Кірпияз көңіл көз­де­гендей ит басына іркіт төгіл­ген молшылық кезіге бере ме? Са­наның сәулесіне мұндай сызат түсуіне ұлттық ұлағатымыздың үс­темдік құруы емес, шетелдік шер­­менде дәстүрдің шым-шым­дап енуі де әсер етіп отыр.

– Біздің ауылда Оңтүстік Корея­ға барып жұмыс істеп келген жас­тар көп, – дейді Көкшетау қала­­сының тұрғыны Сұлтан Сә­кен­ұлы, – барған жастар сол жақ­тың дәстүрін шым-шымдап әкеліп жатыр. Оңтүстік Кореяда қы­рық­қа дейін шаңырақ құрмау етек алып кеткен екен әрі оларда ішкі есеп мықты. Мәселен, біздің жұрт­тың қаперіне бұрын енбеген неке келісімшарты көп, бәлкім тегіс деуге болады. Азаматтық неке­нің күрт көбеюі осындай жат көз­қа­рас­тың қоғам бойына шым-шым­дап енуінен.

Тағы бір көпбалалы анамен тіл­дескенімізде дәл осы ахуалды қайталай айтқаны бар. Он ал­тыға жаңа толған немере­сі­нің «мен тұр­мысқа шықсам, бай жігітке шы­ға­мын, бірден неке келісімшартын жасаймын, тү­бін­де ажырасып кетсем бай­лы­ғы­нан бөліп алмаймын ба?..» деген сөзін естіп, жағасын ұстап отыр­ған жайы бар.

– Мұндай әдеттің пайда болуына күні-түні бір тынбай теледидардан көрсетілетін шетелдік сериал­дардың да әсер етуі әбден мүмкін, – дейді көпбалалы ана Айнаш Сейтенова, – демек алдағы уа­қытта өзіміздің төл дәстүрімізді жан-жақты насихаттап, ұлттық ұстанымнан айрылмауымыз керек. Қазір жасыратыны жоқ, отыздан асқан қыздардың өзім үшін бала туып алуым керек дейтін ұстанымы қалыптаса бастады. Әрине, жалғызбасты адамның алды қараңғы, болашағын кім болжап білген. Күні ертең қолғанат болар жанашыр біреу болсын дейді ғой, бірақ, «арым – жанымның сада­ғасы» деп есептейтін атам қазақ­тың ұстанымы қайда қалады?!

Өмір көрген, тіршіліктің ащысын да, тұщысын да татқан қария­лар­дың айтуларына қара­ған­да, бұ­ры­н­ғылардың «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген түсінігі дұп-дұрыс. Салт бас­ты, сабау қамшылы азаматтың бәрі бірдей босағасына үйірілген бере­ке­ні ұстап тұра ала ма? Әйтсе де қазіргі сүрбойдақтардың көпшілігі жалғызбасты өмірдің әзірге көңіл арбайтын қызылды-жасылды қы­зы­­ғына бой алдырып кеткен сы­ңай­лы. Бойдақ өмірдің бей­не­ті аз деп есептейтіндердің түсінігінше уақытында үйлену мен ұрпақ өр­бі­ту, ата-анасына қуаныш сыйлау ескі түсінік. Әр ұлт өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрімен дамыса ғана көсегесі көгермек.

Психолог Ләззат Бекенованың айтуы­на қарағанда, жасы жетіп қал­­ған азаматтардың бойында тал­ғам­­­паздық сезім пайда болады екен. Бойдақ атанудың, осындай өмірге көндігудің ең басты себебі де осы. Психология ғылымында бұл адамның ақыл тоқтатып, же­ті­лу деңгейі деп көрсетілсе керек. Демек, осынша жасқа келіп, оң-солын танып, ақыл-ойы толысқан азамат жолыққан бой­жет­кеннің тал бойынан мін іздемек. Тырнақ астынан кір іздеген адам әрине, табады. Тапқан соң өз қағынан жеріген киіктей жалтармақ. Бізге дейінгі даланың даналығын бойына сіңірген ақылман аталарымыз күндердің күнінде перзентінің көкі­регінде пайда болатын әлгі сезімді күн ілгері бол­жап білгендей «таң­даған тазға жолығады» деп айтып кетті емес пе?

– Мүмкін халқымызбен бірге жасасып келген көне дәстүрді қайта тірілтсек, бұл тараптағы ол­қы­лықтың орны толар ма еді, – дейді еңбек ардагері Амантай Ескендіров, – бұл менің жеке өз ойым. Бұрынғы бесік құда, бел құда тәрізді әдемі салт-дәстүр қай­та­дан бүр жарса, ұл-қызымыз өз теңін тауып, отау құру көбейер еді. Ертеректе тілегі, ниеті бір адамдар шаңырағында мынау жарық дүниеге іңгәлап біреуінде ұл келсе, біреуінде қыз келсе, бесік құда болған. Мұндай жағдай бір-бірін жақсы білген, сыйлас адамдардың арасында орын алған. «Анасын көріп, қызын ал» деген қағиданы қатты ұстанған қазақы дәстүрдің қателігі жоқ еді. Тіпті әлі іште жат­қан балаларды да бір-бірімен қосу туралы да келісім болған. Мұны атастыру деп атапты. Өз дәс­түрімізді ұстансақ, ұтымды бол­мас па?

Осы тақырыпты індету барысында сүрбойдақтардың бірне­шеуі­мен тілдестік, бағы жанбаған бойжеткендермен де.

– Қазіргі жігіттердің кейбірі мал таппайтын масыл болып кет­ті, – дейді Марал есімді бой­жет­кен, – өтпелі кезеңдегі дағда­рыс­та ер адамдар жерге қарап отырып қалғанда әйелдер ала дор­­басын арқалап Қырым мен Қы­­тайдан тауар тасып, отбасын асырады ғой. Бүгінгі ер адам­дардың боркеміктері сол кезде көрінген. Соңғы уақытта ішімдік­ке салынғандар мен есірткі тұты­на­тындар, құмар ойын ойнайтындар көбейіп кетті. Жеркенішті болса да айтайын, көгілдірлер де кө­бейіп тұр. Болашағыңнан қор­қа­сың. Оның үстіне толық емес отбасында тәрбиеленудің де өз әсері бар. Анасының некесінің сәтсіз болғандығын көрген қыз­дар­дың бойында азаматтарға сен­беу, оларды қадірлемеу сезімі бола­тын шығар, оның үстіне олар әйел адамның жалғыз да күн көре беретіндігін көздерімен көріп өсті ғой. Еріне өкпелеген жалғызбасты ананың тәрбиесі де теріс ықпал етуі ықтимал. Әлеуметтік желіде күйеулерінен жапа шеккен әйел­дер­дің өкпе-назы қаптап жүр, соны көріп, біліп отырған бойжеткен қыздар тәуекел етіп күйеуге қалай шықсын. Ер балалар да жалғызбасты ананың тәрбиесінде болғандықтан, жасық болып өсе­тін­­дігін жасыруға болмас. Қай­раты қабындап тұрмаған соң олар отбасы жауапкершілігін мойын­да­рына ала алмайды. Тағы бір себеп, ажырасудың көбейіп кет­кен­­дігінде.

Өңірде 2020 жылы 30-34 жас аралығындағы адамдардың 690-ы ғана шаңырақ көтерген, осы жастағылардың 195-і ажырасып кеткен. 2021 жылы облыстағы ха­лық­тың саны 734 813 адам болса, ерлер 48,7 пайыз, әйелдер 51,3 пайыз екен. Өткен жылдың қаңтар-қазан ара­лығында 10 874 нәресте жарық дүние есігін ашыпты. Неке құру 3 958 болса, ажырасу 758-ге жеткен.

Қалай болған күнде де жалғыз­дық­­ты жаны сүйетіндердің қата­ры қалыңдап тұрғаны рас. Бұл жекенің емес, жалпының қасіреті. Ұлтымыз өсіп, кемелдену үшін осы бір олқылықтың жолын кесудің жайын көп болып кеңесуіміз керек тәрізді.

 

Ақмола облысы