Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мәншүк 1942 жылдың тамыз айында Алматыда құрылған 100-атқыштар бригадасының құрамында өз еркімен майданға аттанды. 1943 жылы қазан айының басында 100-атқыштар бригадасы Невель қаласын азат етуге тиіс болды. Невель – Беларусь, Балтық жағалауы, сондай-ақ Ленинград бағытындағы темір жол торабы бойында орналасқан стратегиялық маңызды қала болатын. Осы шайқас алдында 11 қазан күні Мәншүк анасы Әминаға төмендегіше хат жолдады: «Ардақты анашым! Қазір мен алдыңғы шепте жүрмін. Тағы да хат жаза алам ба білмеймін, сондықтан открытка салып отырмын. Әзірге денсаулық жақсы. Қымбатты анашым, бізден бәлкім делегация барар болса, қалған жаңалықты естіп біле жатарсыз. Көп жазудың қисыны қазір келмейді. Менен ендігі хатты алдағы ұрыстардан кейін күтіңдер. Хатты жиірек жазыңыз. Барлығыңызға менен сәлем. Мен үшін Динаның бетінен шөпілдетіп сүйіңіз, ал ол Сізді тыңдайтын болсын. Хош, Сізді қатты құшып сүйемін, қызыңыз Мәншүк. 11.10. 43 ж.». Бұл Мәншүктің анасына жазған соңғы хаты болды. 15 қазан күні Невель қаласы үшін болған ұрыста ол ерлікпен қаза тапты.
Қаһарман Мәншүк Мәметованы мәңгі есте қалдыруды көздеп, Невель қалалық кеңесі атқару комитетінің бірінші мәжілісінде қаланың бұрынғы Приамурская көшесін пулеметші қазақ қызы Мәншүк Мәметованың есімімен атауға шешім қабылданды. Бұл жөнінде жазушы Ә.Нұршайықов «Невель түбінде» атты повесінде: «1943 жылдың мамыр айында, біз қорғаныста тұрған кезде, бригада командирінің жауынгерлік жұмыстар жөніндегі орынбасары болып, подполковник Әбілқайыр Баймолдин келді. Ол өте ұлтжанды, жігерлі, жалынды азамат еді. Бұл азамат келгеннен кейін бригадада қалған аздаған қазақ жігіттерінің еңсесі көтеріліп қалды. Ол Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы саяси академияны бітірген алғашқы қазақ еді... 100-бригада Невельді азат етуге қатысып, фашистерді қуғаннан кейін Баймолдин сол қаланың коменданты болып тағайындалды. Сол ұрыстарда опат болған атақты пулеметші Мәншүк Мәметова мен бригаданың атақты мергені Ыбырайым Сүлейменовтің денесін Баймолдин Невель қаласының орталығына әкеліп қойғызды. Невель қалалық кеңесінің қаулысын шығартып, Невельдің екі көшесін Мәншүк пен Ыбырайым атына бергізді», деген мәлімет береді. Жазушының дерегіне қарағанда, 100-атқыштар бригадасы І атқыштар дивизиясына айналғанда подполковник Ә.Баймолдин дивизия командирінің орынбасары болып, полковник атағын алады. Осы дивизияны басқарып жүргенде 1944 жылы 5 қаңтарда Калинин майданында қаза табады. Осы тұста Калинин, Солтүстік-Батыс, Брянск, І, ІІ Прибалтика, І, ІІ Белоруссия майданына және «Багратион» операциясына қатысқан атақты І гвардиялық шабуылдаушы авиациялық корпустың радиобайланысшысы, Бас Қолбасшы И.Сталиннің 6 мәрте алғысхатына ие болған жерлесіміз Ғарифа Рахметова: «1943 жылдың қараша айында, біздің корпус Невель қаласынан 2-3 шақырым жерде тұрды. «Отан үшін» атты майдан газетінен Невель қаласын азат етуге қатысқан 100 және 101-ші ұлттық қазақ атқыштар дивизиясының шабуылы және жерлесім Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы оқып білген едім. Қасыма бір жауынгерді ілестіріп, бұдан бір ай бұрын шайқас болған жерге келіп, қаза болған жауынгерлердің және топырағы әлі кеппеген Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың жерленген жерін көрдім», деп жазған.
Демек ардагер Ғарифа Рахметованың бұл естелігіне тереңірек үңіліп, ой түйіндесек, жоғарыда Ә.Нұршайықовтың дерегінде айтылған командир Ә.Баймолдиннің батыл шешіміне дейін батыр қыздың денесі әуелгі кезде ұрыс даласында жерленген.
Қаһарман қазақ кызының жауынгерлік ерлігі кеңестік миллиондаған жастың жүрегінде зор патриоттық сезім, мақтаныш туғызғанын айтып, Мәншүктің анасына жазылған хаттар осылайша толассыз келіп жатты. Жалпы, Әмина анамызға Мәлік Ғабдуллин, Әзілхан Нұршайықов сияқты қазақ қайраткерлерінің де жазған хаттары белгілі. Ал алыстағы америкалық антифашист Стив Гаррисоннан келген хат туралы біріміз білсек, біріміз білмейміз. Енді мақаламыздың арқауына айналып отырған осы хат жөнінде айтсақ, «Правда» газетінің 1982 жылғы 26 қазан күнгі (№299) санында «Помнят Маншук» атты шағын мақала жарияланған. Мақала авторы А.Птущенко Семей медицина институты жанынан М.Мәметова атындағы музейдің жаңадан ашылғандығын жазады. Сондай-ақ ол музейдің көрме залындағы құнды жәдігерлердің арасында Мәншүктің анасына жазған хаттары және оның анасы Әмина Сүлейменоваға Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан америкалық антифашист суретші Стив Гаррисонның жазған хаты да бар екенін айтады. Ендеше Стив Гаррисонның Әмина Сүлейменоваға 1977 жылдың қазан айында жазған хатында: «Құрметті Мәметова ханым, мен фашизмге қарсы күресте Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер ретінде мақтанамын. Қазақ халқының қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың батырлығы америкалықтардың да жүрегін тебіренткені менің жадымда сақталып қалды. Қазақстан туралы ешбір мәліметі жоқ менің балаларым мен жас америкалықтар үшін қазақ қызының ерлігі туралы жазылған майдан газетінің қиындысын өзіммен бірге сақтап, елге алып келдім. Арада көп уакыт өтсе де, сол соғыс жылдарынан басталған арманым – жас қыз Мәншүктің бейнесін фрескаға түсіруге бел байладым. Осылайша, менің көп жылғы жан толғаныстарымның нәтижесі фрескаға түсірілген Сіздің қызыңыздың, яғни Шығыстың батыр қызының, бейнесі болмақ. Бұл тәрбиелік мәні зор шығарма болатынына сенімдімін, өйткені бүгінгі жас америкалықтар қазақ даласында туып, Ресей жері үшін ерлікпен қаза тапқан батыр қыздың бейнесі арқылы Отан үшін ерлік көрсетудің үлгі-өнегесін танып біледі. Демек Сізден Мәншүктің майданнан жазған бір хатымен бірге суретін жіберуіңізді өтінемін», деп баяндалған. Осы орайда ғалым Г.Нұрбекова 1988 жылы жарияланған «Женщины Казахстана – фронту» атты монографиялық еңбегінде жоғарыда айтылған, «Правда» газетіне сілтеме жасай отырып, Семей медицина институтының М.Мәметова музейінде суретші С.Гаррисонның хаты сақталғанын жазған (Нурбекова Г.Д. Женщины Казахстана фронту. – Алма-Ата: Казахстан. 1988. 22-бет.). Осы дерек бойынша, енді біз Семей медициналық университетінің жанындағы Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова және университет тарихы музейінің директоры Сандуғаш Құттыбаеваға хабарласқанымызда, өкінішке қарай, америкалық суретшінің хаты музей қорында сақталмағандығын жеткізді, бірақ жоғарыда айтылған А.Птущенконың суретші Стив Гаррисон туралы мәліметтер сұрастырып, 1986 жылы 19 сәуір күні «Британ-Кеңес достығы» журналының редакторы, К.Маркс атындағы Лондон кітапханасының жетекшісі А.Ф.Родштейнға жазған мына төмендегі хатты жіберді. Оқырманға түсінікті болу үшін хат мазмұнын толық күйінде бергенді жөн санадық. «Қымбатты Андрей Федорович! Сіздің 1986 жылдың 8 наурыз күні жазған хатыңыз үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. Мәриям Хакімжанованың «Мәншүк» поэмасының көшірмесін қайта басып жазу қарекетімен жүріп, Сізге жауап хатты кешігіп жазып отырғанымыз үшін кешірім өтінеміз. Бұл поэманы Сізге міндетті түрде жіберетін боламыз. Сіздің қажырлы еңбегіңіздің нәтижесінде «Британ-Кеңес достығы» журналының сәуір айындағы санында жарияланатын «Мәншүктің жұлдызды сәті» атты кітабы жөніндегі мақаланы асыға күтеміз. Бұл хабар кітап туралы пікір жазған А.И.Халимулдинаны да қуантатын болды. Сіздің Алматы қаласында тұратын жерлесіміз Әміржановамен таныстығыңыз бізді қуантады. Біз ол кісіге хат жазып, Сізбен кездескен Лондон сапары туралы білмекпіз... Сізге Мәншүктің 1985 жылы 1 сәуірде қаза болған анасы Әмина Сүлейменованың туысқандарына жазылған қазанама жарияланған, «Казахстанская правда» газетінің 1985 жылғы № 5 санын жібергелі отырмыз, Қымбатты Андрей Федорович! 1977 жылы америкалық антифашист суретші Стив Гаррисонның Мәншүк Мәметованың бейнесін фрескаға салуды ұйғарғанын айтып, Әмина Сүлейменоваға Мәншүктің хатымен бірге суретін сұрап хат жазғаны белгілі. Өкінішке қарай, біздің осы америкалық суретші туралы ізденісіміз нәтижесін бермей келеді..
Сізден үлкен өтініш, америкалық суретші Стив Гарриссон туралы және оның қазақтың батыр қызының бейнесі салынған фрескасы жөніндегі ізденіс жұмысымызға өзіңіздің қандай ақыл-кеңесіңізді айтар едіңіз. Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы музей кеңесінің төрағасы доцент А.Л. Птущенко. Семей қаласы. 19 сәуір 1986 жыл.».
Демек ғалым А.Л.Птущенконың бұл ізденісін жалғастыруды жөн санаймыз. Өйткені бұл Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ халқының ұлттық мінезі мен қасиетін әлем халқына паш еткен қаһарман қыз Мәншүк Мәметова мен Шығыстың батыр қызының ерлігіне тәнті болған америкалық антифашист суретші Стив Гаррисонға Тәуелсіз Қазақ елінің құрметін арттыра түсері хақ. Ұлы тұлғаларды ұлықтап, ұлттық рухты жаңғырту – тарихи сананы серпілтудің басты динамикасы.
Бақтылы БОРАНБАЕВА,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты