Адамға ас-су ғана емес, қорқыныш пен қуаныш та қуат беретінін өз көзімен көріпті. Шаршаған баласы жүре алмай қалса осы жерге тастап кетемін деп қорқытады екен. Сонда қорыққан баласы томпаңдап алдына түсетін болыпты.
Оразбай атамыздың өзі елге пайдасын тигізген, халық арасында беделді адам болған. Әкесінің есімі – Мұқыш. Ол – жазушы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында айтылған атақты «шешен Мұқыш». Елге қадірлі, малды-жанды, би болған адам. Мұқыш атамыз үлкен баласы Қабдоллаға Жанбура Керейдегі Кәлекен байдың қызы Дәметкенді айттырады. Бірақ Қабдолла Қызылжарда қызмет істеп жүргенде айықпас дертке шалдығып, қайтыс болады. Мұқыш атамыз айттырылған келіні болған соң Дәметкенді әмеңгерлік жолымен оның інісі Оразбайға қосады. Одан Сейіт туады. Қуғын-сүргін жылдарында енем Дәметкен осы Сейітті Ішке аман жеткізген.
Сейіт қанша қиыншылық көріп жүрсе де оқып, мал дәрігері болды. Екеуміз қосылып, Ресейдің Түмен облысында тұрдық. Аштықтан аман қалған құт мекенді Сейіт қимай, Қазақстанға көшпей, сондағы бір кеңшарда тұра бердік. Дәметкен шешеміз 1968 жылы қайтыс болды. Сейіт қатты қайғырды, өзі де 68 жасында қайтты. Артында 4 ұл, 4 қызы қалды. Кейін біз Қазақстанға қоныс аудардық.
Біздің атамыз Оразбайдың ағасы Қасымнан Ахметжан, Ахмедия, Ағыбай есімді үш ұл және Түкірік атты бір қыз туған. Ахметжанның үлкен баласы Ақжан ағайынның ұйытқысы болып, басымызды қосып жүретін. Ақжанның арқасында туыс-туғанды іздеп Ресейге талай барушы едік. Қысты қыс демей, жазды жаз демей барып жүрдік. Тіпті ұшақпен де барған күніміз болды. Бертін келе Ресейдегі туыстар өткен аруақтарға бата қылып, келіп-кетіп жүрді. Ақжан ағайын-туыстың үлкені болғасын Ресей мен Қазақстанның басын қосқандай ел-жұртты жинап, бәрін бір-біріне таныстыратын. Соның арқасында ағайын арасы суымады.
Сейіт көзі тірісінде Ресейдің Лопаткино деген жерінде қайтыс болған атасы Мұқыштың басына 1960 жылдары тас орнатып еді. Өзімен бірге Мұқыштың баласы Әлім, Бейсен, Алпан, Байтас деген әкелерін, олардың кемпірлері Кәмел, Сәлкендерді де ала барды. Шешесі Дәметкенді де апарған.
2002 жылдары Ақжанның інілері, елге танымал Қасымовтар әулеті қазіргі Тимирязев, Шал ақын аудандарының аумағында өмір сүріп, би болған Құртай деген ұлы атамызға там салып, 2-3 ауылдың жұртына ас берді. 2012 жылы ауылдық округті жер атымен «Құртай ауылдық округі» деп атауға қол жеткізді. Одан кейін де бірнеше рет еске алып, ас беріп жүрді. 2015 жылы Сейіттің қайтқанына 20 жылдық еске алу асын балалары мен туыстары бірігіп берді. Аруақтарға берген дұғасы қабыл болғай, жандары жәннатта, иманды болсын деп тілек тілеймін. Артында қалған туған-туыс, бала-шаға, үрім-бұтақтарына Алла жар болсын.
Өзімнің әкем Қожахмет Еркәліұлы Кеңес Одағы орнағанша медресе бітірген адам екен. Кеңес жұмысында болып, амалсыз компартияға өткен соң намазды жұртқа білдірмей оқитын болды. Жамбыл ауданындағы «Баян» ұжымшарын сол кісілер құрған. Әр ағаштың бауырында отырған 40 үйлі Қантай Керейдің ұрпақтарын бір жерге көшіріп, «Баян» ұжымшарын ұйымдастырып, оның алғашқы төрағасы да менің әкем болады. Ауылды «Баян» деп атаған себептері де бар. Ол Қантай атамыздың бәйбішесі екен. Ұжымшардың алғашқы қадасын қаққан Исабай Калин, Қажымұрат Үмітбаев деген ағаларымыз: «Баян дегенде алдымен Қантай атамыздың бәйбішесін еске аламыз. Екіншіден, баянды бірлікте боламыз», депті. Сол сөзді бәрі құптап, ауыл «Баян» атанады. Ол сол маңдағы ауылдардың арасында алдыңғы қатардағы елді мекен болды, орта мектеп те алғаш рет осында ашылды. Көптеген көршілес ауылдың жастары мектепті Баянда бітірді. Менің әкем осы ұжымшардың басқармалығынан кейін ферманың меңгерушілігіне ауысты. Мен және басқа балалары осы ауылда өмірге келдік. Сондықтан бұл ауыл біз үшін киелі жер.
Әкеміз білімді адам болды. Қартайған шағында бізге білгенін айтып отырушы еді. Өз білгенін қағазға араб әріптерімен жазып отыратын. Біз «әке теріс жазба» деп күлетінбіз. Сөйтсек ол кісі дұрыс жазады екен-ау. Оқыған дұғаларын, жазған жазуларын балалар тиіспесін деп орамалға орап жоғарыға іліп қоятын. Әкеміздің бес қызы, бір ұлы болды. Қазір, Аллаға шүкір, бір ұлы мен екі қызы бармыз – мен, сіңлім және інім. Мен 85-темін, сіңлім Ұлболсын 83 жаста, ініміз Жанұзақ 74 жаста. Бәрі де балалы-шағалы.
Біздің балалық шағымыз соғыс жылдарына тап келді. Тұрмыс өте ауыр болды. Киерге киім, ішерге тамақ жоқ. Қыста жағып жылынар отын да жоқ. Көмір дегенді білмейміз. Орманнан ағаш кесіп әкелсең, айыппұл төлейсің. Тіпті соттап жіберуі де мүмкін. Сондықтан отынды орманнан түнде ұрлап әкеліп, кесіп, жарып, жертөлеге тығып қоямыз. Дымданып тұратын ағашты жағудың өзі оңай емес, ал далада қырық градус аяз болады. Үй толы бала-шаға болдық, өзіміздің үйдің бес баласы, әкемнің қарындасы, шешемнің екі інісі – бәріміз бірге тұрамыз. Әкеміз бастық болса да үйге бірдеңе алуға қорқады, қит еткенді көрсететіндер көп. Кезінде медреседе оқығанын түртіп жіберсе сотталып кететінін біледі, сондықтан аш болса да кеңшардан бірдеңе әкелуден қатты қорқады. Тіпті ауданнан келген қонақтарды да үйде күте алмай, сатушының үйіне түсіретін. Әкеме қарағанда шешемнің ебі бар еді. Ол қырманда істейтін, кіші баласын емізуге апарғанымызда жаялыққа орап екі уыс бидай беріп жібереді. Соны қол диірменмен үгіп, жалғыз сиырдың сүтіне шылап, талғажау қыламыз. Негізгі қорегіміз сол. Жалғыз сиырдың сүтін де өзімізге толық бұйыртпайды. Одан 10 кило май алып, ауылнайға салық ретінде өткіземіз. Оны орындамасаң сиырды тартып алады немесе тіпті соттап жіберуі де мүмкін. Майды шыртылдақ қылып, қайнатып өткіземіз. Кеңшар адамдарға көк тиын төлемейді, тек өкіметке астық өткізу орындалған соң ғана еңбеккүн деп халыққа жарты немесе бір қапшық бидай береді. Күздің қара суығында бала атаулы жалаңаш-жалпы масақ теруге шығамыз. Тышқанның інін тауып алсақ қуанамыз, өйткені ол жерден бір уыс дән шығатын...
Оны үгіп нан қылу бір азап, қол диірменнің ауыр тасын шынашақтай қолдарымызбен күні бойы айналдырып отырамыз. Неткен өмір десеңші... Бала болып бақыт дегенді сезінбедік, аш-жалаңаш болғанның үстіне үнемі қорқып-үркумен тіршілік кештік. Күн ыстықта егіннің арам шөбін жұлуға апарады. Ауру болсаң да, сау болсаң да бармаймын деген сөз жоқ, бәрін бірдей бригадир қуып барады. Түскі тамаққа айран, сүт апарамыз. Олар ашып кетеді... Барлық ауыл тұрғындарының көрген күні осы болды. Соғыс бітіп, елде тыныштық орнаған бір жылы әкемізді жұмысты жақсы істеді деп, Москваға ВДНХ көрмесіне жіберді. Мәскеуді аралатып, бәрін көрсетіпті. Сол жолы Мәскеуден бізге бірсыдырғы жаңа киімдер сатып әкеліп, қатты қуантты.
1956 жылы әке-шешемнің қалауымен өзімнен 10 жас үлкен Сейітке тұрмысқа шықтым. Екеуіміз 38 жыл өмір сүрдік. 10 құрсақ көтердім, екеуі шетінеп кетті. Қалған балалар аман-есен жүріп жатыр. Неше бала болса да, солардан қызық-қуаныш көргеніме ерекше қуанамын. Әттең, Сейіт өмірден 68 жасында ертерек кетіп қалды. Қазір балалардың бақытын тілеп, олардың жақсы хабарына марқайып отырамын. Кеңес өкіметінің қиындықтары, адамдарды ит құрлы көрмей қинағаны, аштық, жалаңаштық жасап, қу қабырғаға телмірткені еске түссе, тіпті осы күні арқам мұздап кетеді. Қандай асыл азаматтарды туған жерге сыйғызбай, көзін құртты ғой. Ондай күндер де, ондай өкімет те енді ешқашан келмесін.
Мәрияш ОРАЗБАЕВА,
зейнеткер
Солтүстік Қазақстан облысы