19 Наурыз, 2014

Жыраудың асыл мұраты мен аңсар арманы

2432 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Халқымыздың тарихынан белгілі, бір кездері бізге қалай дамимын, қай жолмен жүремін, ұшақты қалай құрастырамын деген емес, жер бетінен жоғалып кетпей, өзге ұлтқа сіңісіп кетпей қалай тірі қалып, ұлт сабақтастығын қалай жалғастырамыз, мынау ұлан-байтақ жерімізді қайтсек сақтап қала аламыз деген ой ең үлкен арман болды. Қасірет құшағында қанға орана тұншыққан, өксіген, зарсіңді арманды асыл кейіптегі арман-азаттыққа айналдыру мақсат болды. Осы арман мен мақсат жолындағы арпалыс талайды жылатты, талайды жұтты. zamaninin zangari3Ұлт болып, ұрпақ болып бағасын түсініп, қадірін білуіміз қажет, бүгінгі Қазақстан тәуелсіздігі – тек жаттанды ұран, жалаң құрметтеуден туатын ұғым емес, кез келгенге бұйыра бермейтін Тәңірдің тартуы, тағдырдың сыйы. Әлем тарихында әртүрлі себептермен жоқ болып, жойылып, жұтылып кетіп жатқан мыңдаған ұлттар мен ұлыстардың тағдырына қарап осылай дей аламыз. Күңіренгенде аспан астын тітіреткен ерлердің, еңірегенде етегі жасқа толған аналардың, шырылдағанда жанұшырған дауысы жер астындағы жеті атаңнан өтіп, жетпіс жеті бабаңның сай-сүйегін сырқыратқан нәрестелердің қасіретінің өтеуі, тілегінің қабыл болуы. Ислами түсінігімізден аян, «ешкімді тумаған, ешкімнен туылмаған» Алла тағала ешкімге қарыз емес, бірақ барынша мейірімді, жомарт. Он сегіз мың ғалам иіріміндегі біздің шап-шағын халқымыз осы мейірім-шапағатқа бөленді. Осыған шүкір етуіміз керек және барды, бергенді бағалай білуіміз керек. Қазір Қазақстан дамудың жолын таңдап, әлемдегі аймүйізді алып елдердің қатарынан өз орнын іздей бастады. Ғасырлар бойы кеткен есені түгендеу жолында. Расында, мемлекетті құраушы ұлтымыздың атын ту еткен еліміз әлемге танылып, келешек ұрпақтарымыз қайғысыз өмір сүрсе – одан асқан бақыт жоқ. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Мәңгілік Ел» идеясы осы мақсатты меңзейді. «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы» деген сөзі оған барар жолдағы бағыттарды ұсынады, қиындықтар мен кедергілерді көрсетеді. Оларды еңсеру тетіктерін нұсқап, арман арқалаған алыс жолда жұдырықтай жұмылып бір болуға шақырады. Жай ел болудың емес, Мәңгілік Ел болудың әңгімесін айтуымыз – жақсылықтың, жайлылықтың белгісі. Жалпы, «ел болу» идеясы – қазақ қоғамының ажырамас бөлігі. «Орхон-Енисей» жазбалары деген атпен белгілі ескерткіштегі Күлтегін аты көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Осы Күлтегіннің тасқа қашап жазған кіші жазуында «Өтүкен иыш олүрсар беңгүл ел тұта олыртачысың» деген жол бар. Мұны әркім әрқалай аударады, әрқалай түсіндіреді. «Моңғол» халқының атауы «Мәңгі ел» сөзінен шыққан десе, біреулер «Мәңгі ел – бірлестіктің, одақтың атауы» дегенді айтады. Енді біреулер бұл мемлекет атауынан гөрі, идеологиялық ұстаным дегенді алға тартады. Бірақ, қай аударманы, қай түсінік-талдауды алсаңыз да – «мингу ел», яғни «мәңгі ел» сөзімен ұшы­­расасыз. Демек, бұл ұғым, бұл ұста­ным бізге көк түріктер заманынан мирас. Ал берідегі тарихымызға көз салып, рухты жырлардың үніне құлақ түрсек – ең алдымен еске Қожаберген жырау Толыбайұлы оралады. Қазақ тарихының алмағайып бір ғасырының тірі куәгері болған, әрі қайнаған қан майданның қақ ортасында жүрген саңлақ ер, қолбасшы батыр, өткеннің ескі сарынымен суарылып, көненің күмбірін көкірегіне тоқыған шежіреші-жыраудың шығармалары бізге көп нәрседен хабар береді. Бұл туралы қазақтың асыл ұлдары Б.Момышұлы, М.Қозыбаев бастаған жазушылар, ғалымдар айтты да. Енді ғана қолға алынып, өзіндік сүрлеуін қалыптастыра бастаған қожабергентану ғылымы әлі талай жауһардың қақпағын ашатыны анық. Біздің айтпағымыз – бүгінгі «Мәңгілік Ел» идеясы мен Қожаберген шығармалары арасындағы үндестік, мәңгі ел болу арманының жырау жырларында көрініс табуы. Қожаберген жыраудың заманы, жоғарыда айтқанымыздай, ел болып қалуды көксеген заман. Қытай мен орыс екі жақтан қыса сығып, айдап-айтақтауы мықты қалмақ ойнақ салып, діні мен ділі бір өз ағайындарымыздың көңіліне көлеңке жүгірген кезең. Қан қасап болған қазақтың жартысынан көбінен айырылып азып-тозған шағы. Ел азаматтарының мақсат-міндеті тек – елді аман алып қалу, жерден айырылмау болды. Бұл кездегі аласапыран тірлік Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында анық көрінеді. Халық тарихынан, сол кездегі сұрқия саясаттан, жер-су атаулары мен түркітектес өзге ұлттардың жай-күйінен, ел ішін­дегі хан-сұлтан, төре, қожалардың өз­ара қырқысуы салдарының неге соқ­тырғанынан кең түрде хабардар ететін дастан ұлтты сүюдің, қорғаудың озық үлгісін ұсынады. Біз бүгін азат елдің ауасын жұтып, тұрақты даму жолына түскен тыныш ел ретінде мәңгі болуды ойлап, «Мәңгілік Ел» идеясын айтсақ, Қожаберген жырау кезінде осы ой замананың запыранымен астасқан зар түрінде «елім-ай» болып ақтарылды. Жырдың басты идеясы – ел болу. Жырыма құлағың сал, азаматым, Ұнаса менің айтқан насихатым. Кеудеңде шыбын жаның болса егер Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын! деген бір шумақтың өзі Қожабергеннің, оның замандастарының аңсар тілегін айғақтайды. «Жер бетінен қазақ атын жоғалтпау» дегеннің «мәңгілік ел болуды» айтып тұрғаны түсінікті. Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Прези­денті Н.Назарбаев мықты ел болу үшін экономикалық әлеует, өнім өндіру, экспортқа тауар шығару, адами сапа, ширақ әскер, білікті кадр мәселелерін басты бағыттар ретінде ұсынады. Қожаберген шығармаларында да осы ізгі қасиеттерді қазақтың бойынан көрсем деген арман менмұндалап тұр. Бір мысал. Ел басына күн туған қысылтаяң шақта қарусыз қазақ әркімге қол жайып, бір мылтыққа зар болады. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, Хиуа, Бұқар, Қоқан бектері ағайындар қолұшын беріп, қару сатпақ түгілі, сол қаруды өзімізге кезенуге даяр тұрады. Жоңғарлар қорғасын оқ боратқанда, Найза ұстап, садақ асып қарсы шықтық, деп қарусыз қазақтың қан-жоса боп қырылғанын бейнелейді. Орал тауын мекен еткен Мамай ұстаны көшіріп әкеліп, қамқорлығында ұстап, «Күлдірмамай» атты мылтық соқтырған әкесінің әрекетін айту арқылы, қазақтың өз қаруын соғу қажеттігін білдіреді. Бұл бүгінгі қазақ армиясын нығайту, отандық қару-жарақты, әскери кемелерді өндіруді дамыту мақсатымен үндеседі. Сондай-ақ, Елбасы биылғы Жолдауда «мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады» деп мүгедектерге қолдау көрсету керектігін баса айтты, мүмкіндігіне қарай оларды жұмысқа орналастыруды міндеттеді. Сондай-ақ, қазақ қоғамы үшін жетімдер мәселесі де өзекті кү­йінде тұр. Ұлтын сүйген Қожаберген жырауға да мұндай жағдай кездескен екен. «Күлдірмамай» жырындағы То­лыбайдың Мамай ұстаға ұстахана салып қамқорлауы, іні етіп ертіп, жиырмадан асқан жігітті өзі ұнатқан қызға құда түсіп үйлендіруі, сондай-ақ Қожабергеннің Айбек, Ермек атты екі жетім ұлды өзінің 17 ұлы мен 1 қызына қосып асырауының бүгінгіге, әсіресе, қалталы азаматтарға берер үлгісі зор. «Белгісі мұсылманшылық сол болады, тірлікте бір-біріне жәрдем бермек» деп түсінетін жырау қос жетімге найза кезеп, қылыш сермеуді, жауынгерлік өнерді үйретіп, ел қорғауға баулиды, қазіргінің тілімен айтсақ «әр қазақ менің жалғызым» деп қарайды. Ал тіл мәселесіне «Баба тілі» деген көлемді дастан арнап, бай, құнарлы қазақ тіліне синонимдік, антонимдік тұрғыда талдау жасап, мысал кел­­тір­­ген жырау тілдің өзге тілдермен шұ­барланбауын қатаң тапсырады. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген Елбасымыз бүгін ана тілі ахуалын күн тәртібінен қалдырған жоқ, жыл сайынғы жолдаулардың салмақты да сүбелі бөлігі осы тіл мәселесі болып келеді. Мемлекетіміздің алдында тұрған еңселі істерінің бірі – маман, ұлттық кадр мәселесі. Жоғары әрі терең білім алу, жан-жақты, заманауи талаптарға сай болу, бірнеше тіл білу – бүгінгі жастардың алдындағы міндет. Елдің ырысын еселеп, мәртебесін биіктетер жұмыстарға кім көрінген емес, білімді, білікті, ұлтжанды азаматтар тартылуы тиіс. Үш медреседе білім алып, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік білген, тіл білуі ақылымен ұштасып, Тәуке ханның тұсында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы, түрікмен елдері арасында елшілік қызмет атқарған Қожаберген 1688-1710 жылдар аралығында 22-23 жыл бойы қазақ, қарақалпақ, ноғайдың біріккен жасағына қолбасшы болады. Күллі Орта Азия аумағына танылған қайраткерлік даңққа даңғойланып, атаққа малданбайды, 1710 жылы 27 жасар Бөгенбай батырды өз орнына бас сардар ретінде ұсынып, ұсынысын Тәуке ханға қабылдаттырады. Ол заманның желінен қорқу емес немесе өз-өзіне сенбеушілік емес, ел қорғайтын кейінгі көшелі ерді көзі тірісінде тәрбиелеу үрдісі. Қожаберген жыраудың дастандары мен өлеңдерін оқи отырып, Отанды, елді, ұлтты сүюдің асқан үлгісін сезінеміз. Туған елге деген лапылдаған шекіз махаббат әрбір өлең жолынан аңғарылып тұрады. Себебі неде? Қазақта «Қасіреттен ғана қасиетті жыр туады» деген тіркес бар. Жалпы, поэзия бола ма, басқа бола ма – сөз өнері қасиетті ұғым. Солай бола тұра, «қасиетті жыр» деп айшықтап айдар тағу – оның айтпақ ойы, шертпек мұң-зары, арқалаған салмағына байланысты болмақ. Демек, Қожаберген жыраудың әрбір өлеңінің қасиетті болуы – ұлтын шын сүйгендігінде, өмір бойы қазақ деп әрекет еткендігінде. Жеті атасы түгел ат үстінде ел қорғаған батыр әулеттің бұтағы Қожаберген үшін ел қорғау – дәстүр. Көзі тірісінде өзінен туған 17, асырап алған екі баласын қосқанда 19 баласының біразын жау жалмаған, күш-қайраты қайтқанға дейін өзі де тұлпар мініп, ту ұстап қан майданда жүрген батыр жырау үшін ең басты мақсат – жауды жеңу, қазақты құтқару. Осы ой-мүдде жеке мүддеден әлдеқайда биік, қымбат болып кеткені соншалықты, Қожаберген Толыбайұлы «кеудеде шыбын жаны бардың жер бетінен қазақ атын жоғалтпау үшін» жұмыстануы қажет екендігін ескертті. Міне, Қожа­берген жырының қасиеті, осында. Қасиетті, киелі нәрсеге күйе жұқпайды, уақыт өткен сайын жарқырай түседі. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясымен бірге Қожаберген жыраудың асыл мұраты, аңсар арманы жарқырай түсті. Осыдан келіп, Қожаберген жырауды «мәңгілік елдің мәңгілік жыршысы» десек орынды. Осы қасиет-киенің күші болуы керек, Қожаберген рухы халқымен қайта табысты. Халқымыздың айтулы ғалымдары, жазушылары, талантты ұл-қыздарының қолдап-атсалысуымен қожабергентану аясында біраз игілікті істер атқарылды. 2013 жылы дулығалы дауылпаздың 350 жылдығы және «Елім-ай» дастанының 290 жылдығына орай Алматы қаласында «Қожаберген жырау – ұлы дала дауысы», Астана қаласында «Ел тұтастығы үшін күрескен қаһарман тұлға –Қожаберген жырау» ғылыми-тәжірибелік конференциялары өтіп, талай тарихтың беті парақталып, талай сырдың көбесі сөгілді. Тарихшы, әдебиетші ғалымдар, мәдениеттанушылар мен мемлекет, қоғам қайраткерлері қатысқан жиындар ұлы жырауды терең зерттеуге, толық тануға апаратын жолға бастады. Батырдың туған жері Солтүстік Қазақстан облысында мерекелік шара өтіп, мектепке, алаңдарға аты берілді, мүсіні орнатылды. Ұлыларымызды ұлықтаған мұндай істерге қуануымыз керек, осы тектес істерге мұрындық бо­­­­­­­­­лып жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз. Қожабергентану ғылымының бү­гінге дейін жеткен, атқарылған іс-шараларын айқындайтын жинақты «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырымдылық қоры «Заманының заңғары» деген атпен «Зерде» баспасынан шығарып, халық игілігіне жаратылуына үлкен ықпал етті. Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері.