Өңірде жаппай тәртіпсіздік пен қарулы шабуыл кезінде жалпы 18 ғимарат, 147 автокөлік, (оның 119-ы мемлекеттік) бүлініп, «М-Ломбард», «Ақмерген» аңшылық дүкендері тоналған. Бұзақылар ішкі істер органында сақтауда тұрған қару-жарақтарды иелену үшін полицияның облыс орталығындағы 3 ғимаратына қарулы шабуыл жасапты.
Департамент басшысының орынбасары 210 адамның дене жарақаттарымен ауруханаларға көрінгенін атап өтті. Жалпы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің кісі өлтіру, террористік акті, жаппай тәртіпсіздік, қарақшылық, билік өкіліне күш қолдану секілді баптары бойынша 59 қылмыстық іс тіркеліп отыр.
– Жаппай тәртіпсіздік және қарулы шабуыл қылмысына қатысы бар деген күдікпен 99 адам ұсталып, оларға адвокаттар белгіленді. Сондай-ақ полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекеттерді болдырмау үшін барлық ұсталғандар сот-медициналық сараптамадан өткізіліп, осыдан кейін ғана қамауға алу шаралары қабылданды. Қазір 22 адам қамаудан босатылды, оның ішінде тергеу органының өтінішімен әлеуметтік жағдайы мен денсаулық жағдайына байланысты, 2 әйел және 1 ер азаматтың бас шарасы жеңіл түріне, яғни үйқамаққа өзгертілді, – деді департамент бастығының орынбасары.
Дүрбелеңді пайдаланып, ломбардтан жалпы құны 300 млн теңге болатын алтын бұйымдар, аңшылық дүкенінен 6 млн 212 мың теңгенің заттарын жымқырып кеткендер де анықталып отыр. Күдікті ретінде Қызылорда қаласының 5 тұрғыны ұсталып, қамауға алынған.
Қазір Өзіндік қауіпсіздік басқармасына азаматтардан полиция органдары қызметкерлерінің әрекетіне қатысты түскен 25 арыз бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Департамент бастығының орынбасары тұрғындарды сабыр сақтап, тергеу органының әрекетіне түсіністікпен қарауға шақырды. Барлық тергеу әрекеттері заң шеңберінде және толық жүргізілетініне сендірді.
ҚЫЗЫЛОРДА