Андрей ЧЕБОТАРЕВ,
«Альтернатива» талдау орталығының директоры:
– Қазір нақты болжамдар жасауға ертерек. Өйткені, конституциялық заңнамалық актілердің қалай өзгеретінін білмейміз. Президент Үндеуінде Парламенттің рөлін күшейту үшін заңнамаларға өзгерістер енгізілетінін айтты. Бұл Францияның моделін еске түсіреді. Кезінде осындай модель көп талқылауға түскен еді. Үкімет пен Парламент салыстырмалы түрде тәуелсіз болады. Дегенмен, барлығы өзгерістер мен толықтырулар енгізу мазмұнына байланысты болмақ.
Марат ШИБҰТОВ,
саясаттанушы:
– Суперпрезиденттіктен президенттік билік жүйесіне ауысып жатырмыз. Көпшілік осылай болғанын қалап отыр. Енді Парламенттің өкілеттігі едәуір кеңейеді, ал Үкімет анағұрлым дербес болады. Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асырылады. Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн деп ойлаймын. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады.
Екіншіден, күрделі мәселе – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде жүргізу керек. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлі күшейеді. Парламент сайлауында жеңіске жеткен партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл Министрлер Кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағы атқарушы билікке бақылауды күшейтеді.
Мұхтар ТАЙЖАН,
Б.Тайжан атындағы қордың президенті:
– Еліміз Парламент пен Үкіметтің рөлін арттыру арқылы демократиялық жолға түсті. Мұны қуана құптауымыз керек. Президент өкілеттігін Парламентпен және Үкіметпен бөлісуі өте дұрыс деп есептеймін. Мұндай тәжірибе әлемде кең таралған. Үкімет Парламент алдында жауап беруі қажет. Ал сайлаудың кем дегенде жартысы мажоритарлық жүйе, қалғаны пропорционалды жүйе бойынша құрылғаны жөн.
Марат БӘШІМОВ,
саясаттанушы:
– Біз Үкімет Парламентке есеп беруге міндетті модельге келе жатырмыз. Парламенттік басымдық Үкіметті қалыптастырады. Еліміз қалыптаса бастаған кезде аса күрделі кезең болатын. Соған байланысты Президент өз өкілеттігін пайдалана отырып, заң күші бар жарлықтар шығарды. Енді Елбасымыз биліктің барлық тармақтарының келісілген қызметін қамтамасыз етуді өзіне қалдырып отыр.
Бұдан шығатын қорытынды, Президентке жыл сайын Жолдау жасау, сыртқы саясат және басқа өкілеттіктер қалдырылады. Үкіметке жаңа құрылымдар мен бағдарламалар әзірлеу және оларды бекіту жүктелмек. Ал Үкімет Парламент алдында жауап беруге міндетті болады. Мұның барлығы саяси және мемлекеттік басқару жүйелерінің тұрақтылық қорын құруға негізделген.
Жазып алған
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»