Өнер • 02 Ақпан, 2022

Эпосты бояу тілімен сөйлеткен...

742 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлем халықтары арасында эпос тудыр­ған ұлт  санаулы болса, сол сирек­тердің қатарына  қазақ та кіреді. Бұл дана халқы­мыздың тумысынан сөз дарыған қасиетінен болса керек.  Кейде қаламгерлердің өмірбаяны туралы жазғандарын оқығанда, олардың көбі әдебиетке келуіне бала кезден жаттап өскен батырлар жырының әсері ерекше болғандығын айтады.  Бұл көркем сөз зергерлеріне ғана емес, басқа да өнер иелеріне  тән құбылыс.

Эпосты бояу тілімен сөйлеткен...

Жиырмасыншы ғасыр­дың басында туып, ұлтымыз­дың бар асыл қасиетін бо­йына сіңірген Қазақ­станның халық суретшісі Әубәкір Ысма­йыловтың бейнелеу өне­­ріне келуіне де эпостық жыр­­лардың ық­палы болған. Қыл­­қалам шеберінің ертедегі «Қазақстан суретшісі» журналына шыққан сұхбатында ол кішкентай күнінен қазақтың көне жырларына құмартып өскендігін айтады.

«Халқымыздың эпостық жыр­ларына мен бала кезім­нен қы­зық­тым. Біздің ел Қа­рағанды облы­сын­дағы Нұра деген жерде көшіп-қо­нып өмір сүрді. Біз қыс мезгі­лін бір жерде, жазды басқа жерде өткі­зіп, бірақ қай жерге көшіп бар­сақ та ертегі мен әннен ажыраған жоқ­пыз. Менің есімде қалғаны ұзақ қыс­тың кешінде, далада қарлы боран соғып тұрған кезде анам Қобы­лан­ды мен Алпамыс батырдың ер­лік­те­рін, Қыз Жібек жайлы әсем әндерді шырқаушы еді. Қа­зыналы қарттардың батырлар туралы аңыз-әңгімелерін де ұйып тыңдадық. Біз­дің ауыл­ға ақындардың жолы жиі түседі, олардың келуі − үлкен той. Жан-жақтан жұрт жиналып, ән­дер мен ертегі айтып, соңы ойын-сауық­қа ұласады, ойнаймыз. Менің эпос­пен таныстығым осылай басталды», дейді.

Ұлттық рухымыз батырлар жыры арқылы бойына дарыған талантты тұлғаның есімі эпостық жырлардың кейіпкерлерін бояу тілімен алғаш сөйлеткен қылқалам шебері ретінде тарихта қал­ды. Оның «Қамбар батыр мен Назым қыз», «Қамбар ба­тыр­­дың аңға шығуы», «Қамбар батыр аңшылық­тан кейін ауылда», «Қамбар ба­тырдың қал­мақ ханымен жекпе-жегі», «Жоңғарлармен шайқас. Қа­зақ халқының эпостық жырларына иллюс­трациялар», «Қо­бы­ланды батыр басқыншы­лар­ды талқандауда», «Алпа­мыс батыр», «Қызыл салт атты», «Едіге батыр» және тағы бас­қа іргелі еңбектерін бейнелеу өнеріміздің қазы­насын байытқан сүбелі туын­дылар дейміз. Бұл картина­ларда суретші эпостағы ба­тыр­лар­дың ерен тұлғасы мен ер­лігін ғана емес, солар ар­қылы атадан балаға жал­ғасқан хал­қымыздың ғажа­йып болмысы мен салт-дәстүрін әсем бейнелеген. Осы жұмыс­тар­ды көріп отырып, эпос ке­йіп­керлері өмір сүрген көне дәуірге сапарлағандай әсер­ленесіз.

Әубәкір Ысмайыловтың шығар­машылық жолы қиын-қыстау жылдары басталып, 1928 жылы жас суретшінің бірінші жеке көрмесі өтеді. Отызыншы жылдардың со­ңы­­нан бастап, қазақ эпосына зер салып, сол жайында материалдар жинауға ден қой­­ды. Соның нәтижесінде 1940 жылы халқымыздың қа­­һармандық қасиетін жар­қырата көрсеткен «Қам­бар батыр» мен «Қобыланды батыр» жырларына арналған иллюс­трациялар топтамасын ұсынды. Бұл жұмыстар сол кезде көзіқарақты қауым­ның назарын бірден аударып, отан­дық бейнелеу өнерінің жаңа бір кезеңіне жол ашты.

Суретшінің «Қамбар батыр мен Назым қыз» атты туындысы тура­лы өнертанушы Самал Мамы­това: «Мұнда ауыл­дан сапарға ат­тан­ған Қам­­барды Назымның қимай шығарып сал­ған кезі бейнеленген. Жеңіл бояулардың үйлесім­ділігімен құрылған композиция­да негізгі басым­дылық Қамбар бей­не­сіне берілген. Суретші бұл кейіп­керді ерекше қозғалыспен көрсе­тіп, батырлығына көңіл бөледі. Композицияның әр бөлігінің өза­ра қарым-қа­ты­­насы бір-біріне сәй­кес емес. Сондықтан да туын­ды шы­найылықтан гөрі аңыз-ерте­гіге жақын. Автор алты қа­нат­ты ақшаң­қан үйлер мен алыс­тан көрінген көл және төбе­шіктерді ақшыл-көгілдір түс­термен берген» деп ой қо­ры­­тады.

Қылқалам шеберінің қазақ батырларының айбыны мен намысын көркем кестелеген туынды­ла­­ры­ның қатарына Қобыланды батыр­­ға арнал­ған иллюстрацияны жатқыза­мыз. Мәселен, 1941 жы­лы сал­ған «Қобыланды батыр бас­қын­­шыларды талқандауда» атты тік форматты компози­ция – соны жаңалығымен, тартымдылығымен, бояуы­ның өзгеше түстерімен ерек­шеле­неді. Осындағы кейіп­керлердің шай­қастағы сәтін тік форматта жет­кі­зуі­нің ас­тарында да үлкен сыр бар. Мұнда автор соғыс­тағы қи­мыл-қозғалысты сол күйінде көрсе­ту үшін иіріле түскен сызықты ком­­­по­зициялық ­ше­­­шімдерді сәтті қолданған. Өнер­танушылар осы туындыда автордың шығыс үлгісі­не тән декоративтік дүниелер мен ба­тыр­дың сауыты, аттың жабуы, тіпті қол шоқпар, қал­қан мен садақ­тың өрнегіне дейін ұлттық нақышпен көркем­дегенін келтіреді. Әсі­ре­­се, картинадағы жыл­қы­­­лардың кісі­негенін көркем­­деген тұсын көрген­де, бойы­ңызды үрей билейді. Сон­­дай-ақ «Алпамыс батыр» ат­ты жұмысындағы авто­р­дың батыр­д­ың жан серігі Байшұ­барды ұстаған сәтін бей­неле­гені де ұтымды шыққан.

Саңлақ суреткер 1942-1943 жыл­дары атақты Едіге ба­тырдың ерлі­гін сипаттаған «Едіге батыр» атты аква­рель­дік туындысын өмір­ге әкел­ді. Акварель – кескін­деме жан­­­рының түрлі-түсті бояуға то­лы әсем түрі. Осы жанрда жаңа­ша мектеп қалыптастырған сурет­шінің «Тоқтамыс елші­лерінің Еді­ге батырға келуі», «Исатай мен Ма­хамбет На­рын­құмда», «Сарбаз­дар ба­сындағы Қарасай батыр», «Қа­зақ халқының қолбасшы­сы Кенесары Ка­сымұлы», «Ақан Сері және Сы­рымбет» атты картиналары бейнелеу өнерінің үздік үлгілеріне айналды.

Белгілі қаламгер Қали Сәр­сен­бай Әубәкір Ысма­йы­ловты шешен, әңгімешіл болған­дығын жазады. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат ре­тін­дегі ол кісінің сурет­ші­­ліктен басқа, актерлік, ре­жис­­серлік, бишілік өнері де жұрт­шылықтың жа­дында қал­ды. Қорыта айтқан­да, көр­­нек­ті қылқалам шебе­рі­­нің эпос батырларының қай­­таланбас об­ра­зын жасап, ке­йінгі ұрпаққа тамаша дү­ние қал­дырып кеткені, дара­боз­дарға ғана лайық еңбек екендігін түсінеміз.