Өнер • 02 Ақпан, 2022

Қош, маэстро!

343 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құдай берген өнердің төркінін, тегін сұрап қайтеміз. Оның үстіне өнер ұлт таңдамайды. Градский қайтқанда, оның «Как молоды мы были» деп ән айтып тұрған бейнесі қарашығымызға қоныстанып алды. «Ресей дауысы» ұлттық байқауын тамашалап отырып, оның талғамына, музыканы түсінуіне, нотаны дөп тануына, жалпы ішкі әлеміне қайран қалушы едік. Ажалына да дәл солай таңғалдық. Айқайлағанның бәріне бұрала бермейтін ақсүйек әнші эстраданың шыңы еді. Қош, маэстро!

Қош, маэстро!

Тақырыпты тарқатпас бұрын шағын аңдатпа айта кетсек. Біз «Как молоды мы были» әнін тәржімалауға батпадық. Шығарманың қазақша баламасын сауат­ты оқырман өзі салмақтап алар деген ой қылаң берді.

Эфирге соңғы рет шыққанда кіш­кен­­тай көздері боталап, орындықта қушиыңқырап, ұзын шашы желкесіне түсіп, төменшік күйде отырған еді. Сөзін қырмызыдай созып, жібектей талдап айтқанда бергі бетте отырған біз де ақ сөйлегеніне аңтарыла қол ша­па­лақтағанбыз. Әсіресе қазақ эстра­дасының жұлдызы Әлішер Кәрімовке жалғыз өзі таңдау жасағанда. Ақыры жерлесіміз ұстазы бағалағандай топ ішінен суырылып алға шығып, соңғы мәреге дейін жетіп, көрерменнің көзайы­мына айналды. Тұлпарды тұры­сы­нан таныған Градскийдің бұл шешімі шы­найылығымен шырайланбай, оның ұлы музыкант екенін де дәлелдей түсті.

Аяғын мамырлап басып, сахнаға шыққан бозбала Градский кеңес дәуірінде рокерлер аллеясын қалыптастырды. Қара көзілдірігімен қиыла қарағанда бойжеткен біткен бойтұмарындай биік тұтып, қараша халық өнеріне бірден бас иді. Сол шақта лирикалық әндердің анасына айналған композитор Александра Пахмутованың шығармашылығына рок-музыканттар қызығады деп ешкім ойламаса керек. Алайда бұл аксиомаға Александр Градский нүкте қойды. Алғашында оның дауысы мемлекеттік радиоларда, көркем фильмдерде күніге естіліп жатты.

1970 жылы Градский «Мос­фильмде» дыбыс инженері Виктор Ба­бушкиннің қолқалауымен «Ғашықтар романсы» фильміне ән жазады. Бұған дейін Бабушкин атақты Пахмутовамен жұмыс істегендіктен, сол сәтте-ақ оның талғамына сай, келесі саундтректерді орындайтын әншіні тап­қанына қуана кетеді. Осылайша жас әншіге «Қаһарлы құрылыс отряды» перкуссиясын және «Как молоды мы были» лирикасын жазып алуды ұсынады. Екі туындыны да Александра Николаевна «Үшінші курстағы махаббатым» фильміне арнап жазған еді. Сыралғы сазгер әуенді кез келген әртіс орындай алатын тыныш камералық ән ретінде қабылдады. Сөйтіп алғашында белгілі орыс әртісі Елена Камбурованы үміткер ретінде таңдайды.

«Михаил Шатровтың «Үшінші курс­тағы махаббатым» пьесасы бойынша түсірілген кинокартина саундтрегін орындауға ұсыныс түсті. Шынымды айтсам, бұл ән маған мүлдем ұнамады», дейді өз естелігінде Е.Камбурова. Сол сәтте Александр Градский «Мосфильм» киностудиясының павильондарын аралап жүрсе керек, композиторға «ән жоғары регистрде дыбысталса жақсы болар еді» деген ұсыныс тастайды. Қараңызшы, алғашқы кездесуде-ақ партитураны көрсетуді сұраған Град­ский композиторды таң қалдырады. Пахмутова тәкаппар ұзын шашты жігітке таңдана қарап, есеп береді.

«Мен партитураға қарадым, мұны үшінші тармақта орындау қызықты болуы мүмкін екенін түсіндім. Қандай да бір шарықтау шегін жасау керек болып көрінді. Композитор алып шыға алатыныма күмәнмен қарады. Мен барымды салдым», дейді бертінде өзі. Әннің хитке айналарына автор да, ақын да сенбесе керек, тек бозбала әнші өжеттігімен елді мойындатады. Иә, бұл тұста жас Градскийдің жанкештілігіне қайран қалмасқа болмас. Оның арқасында үшінші тармақтың дыбыс үндесуі тұтас октаваға көтеріліп, лирикалық ән драмалық күшке ие болады.

 Ән жарыққа шыққаннан кейін Градскийдің беделі шарықтады. Ол бір сәтте Спорт сарайларына мыңдаған көрермен жинай алды және бағасы қымбат әншілердің бірі саналды. Әрине, оның басты себебі – «Как молоды мы были» әні еді.

Ал жасампаз Пахмутова оған дейін де, кейін де қаншама ән жазды, бі­рақ ешқайсысы аталған туындының дең­гейіне жетпеді. 26 жасында «қайран, жастық» деп ән шырқаған Градский енді өмірде жоқ. Көзден кеткен, көңіл­де көмескіленген сүгіреттерді қайта ес­ке түсіріп, жасамыстың жанарына жау­қазын жас ұялатқан жарық жұлдыз мәңгі аспан төріне жайғасты.