Әлбетте, бейбіт шеруге шыққандардың, дүкен тонағандардың, өзгенің мүлкін қиратқандардың, сонымен бірге қолына қару алып теріс пиғылға барғандардың аражігі жер мен көктей. Яғни қылмыс деңгейіне сай күдікке ілінгендердің жазасы да сан қилы көрініс табуға тиіс. «Қаңтар оқиғасына» қатысты ұсталғандарды тергеу жұмыстары қалай жүріп жатыр деген сауалды Қауіпсіздік Кеңесінің жанынан құрылған арнайы жұмыс тобының мүшесі, адвокат Тельман Аленовке қойған едік. Заңгердің пайымынша, тергеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанына жалпылама баға беру қиын.
– Бұл тұрғыда пікір сан қилы. Дегенмен мәселеге кең ауқымда қараған дұрыс. Күдікке ілінгендердің қатарында бейбіт шеруге шыққандар бар, сол секілді бұзақылар да, ұрымтал тұсты ұтымды пайдалануды көздеген қарақшылар да, экстремистік топтар да, билікке қарсы шыққандар да бар. Олардың әрқайсысын жеке-жеке бөліп, жіктеп, анықтап алған абзал. Қылмыстың өтемі – жаза. Ал жазаға әркім өз ісінің салмағына сай жауап беруі керек. Ол үшін әр күдіктінің қылмыстық ісімен бөлек-бөлек танысу қажет. Содан кейін ғана істің әділ не теріс жүріп жатқаны туралы сөз қозғауға болады. Қоғам үні ескеріліп, тергеудің әділ жүруін қадағалауға арналған комиссиялардың құрылып жатқанын білесіздер. Қаншама азаматтар ақталып шығып жатыр. Келеңсіздік кезінде неше түрлі жаға ұстатар жағдайлар орын алды. Оның бәрін ақтап алуға келмейді. Айталық, менің Алматыда судья болып жұмыс істейтін Мұрат Абраев есімді жолдасым снайпер оғы тиіп қайтыс болды. Ол не шеруге шықпаған, кездейсоқ кетіп бара жатып осындай оқиғаға тап болған. Сол секілді жазықсыз құрбан болғандар қаншама?! Олардың обалы кімге? Мұның бәрі аяқсыз қалмай, мұқият зерттелуге тиіс. «Қаңтар оқиғасы» халықтың жағдайын, біздің қоғамның ішінде әлі де тәртіп сақтамайтын адамдардың бар екенін көрсетті, – дейді Тельман Аленов.
«Қаңтар оқиғасын» зерделеу жұмыстарының бел ортасында жүрген Ішкі істер министрлігіне қарасты Жедел криминалистика департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Садықовтан күдіктілерді анықтау жұмыстарының қалай жүріп жатқанын сұрадық.
– Криминалистердің жұмысында мүлт кетуге болмайды. Олай болуы мүмкін де емес. Себебі біз нақты дәйектермен ғана жұмыс істейміз. Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде бірнеше жанармай бекеттерінің тоналғанын білесіздер. Қылмысқа қатысқандарды қалай анықтадық? Саусақ іздері, аяқ-киім іздері, көлік дөңгелектерінің іздері тұтастай дерлік тексерілді. Бейнебақылау құрылғыларының көмегіне жүгіндік. Мәліметтер базасы арқылы сараптама жүргіздік. Істі әрі қарай жалғастыру үшін анықталған қорытынды мәліметтерді тиісті мамандардың қолына тапсырдық. Бейберекетсіздік кезінде Алматыда тонау жасағандардың басым бөлігі бұған дейін ұрлық, қарақшылық секілді қылмыстармен істі болғандар екені анықталып отыр. Қазір біздің жұмысымызда жүктеме өте көп. Келіп түскен әрбір дәйекті затты жіті зерттеп, анықтаймыз. Табылған оқтың қандай қарудан атылғанын, ол қарудың кімге тиесілі болғанын, кімге қалай тигенін анықтау қажырлы еңбекті талап етеді. Мойнымызда үлкен жауапкершілік бар. Әр істің артында адам тағдыры жатыр. Біз анықтаған мәліметтер тергеу кезінде және сотта үлкен рөл ойнайды, – дейді Серік Садықов.
Құқық қорғау органдарының назарына ілінген қылмыстардың көпшілігін Алматы қаласының сауда нысандарына жасалған ұрлық туралы істер құрайды. 127 қылмыстық іс атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау, тағы 30 іс оларды ұрлау дерегі бойынша тергелуде. Сонымен бірге 63 қылмыстық іс мүлікті қасақана бүлдіру және жою, 12 – автокөлікті айдап кету, 24 – қарақшылық және тонау, 23 – құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану және олардың өміріне қол сұғу фактісі бойынша тіркелген. Ал 274 адам ұрлық жасау ісі бойынша күдікке ілінген. Қару ұрлағаны үшін 98 адам және суық қаруды сақтағаны үшін 61 азамат жауапқа тартылған.
Жауапты ведомство тергеушілердің қылмыстық істер бойынша барлық шешімдері заңнама талаптарына сай жүргізілетінін, күдіктіні ұстау, олардың іс-әрекеттерін саралау, сондай-ақ бұлтартпау шараларын таңдау секілді барлық негізгі іс жүргізу шешімдері міндетті түрде прокурормен келісілетінін мәлімдеген болатын.
Әлеуметтік желіде ұсталғандардың туыстары өз жақындарының полициядағылардан заң аясынан тыс жәбір көріп жатқанын дәлелдейтін бейнежазбалар мен суреттер жариялауы толастар емес. Бұл мәселе қоғамдық комиссиялардың назарына ілініп, бірнеше заң қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Егер оларға таңылған азаптау фактісі дәлелденер болса, олар да заң аясында жауап береді.
Бейбіт шеруден жаппай тәртіпсіздікке ұласқан бейберекетсіздік салдарынан ел бойынша 225 адам қаза тауып, 700-ден астам автокөлік пен көптеген мәдени-әкімшілік нысан мен қоғамдық орынға залал келді.
АЛМАТЫ