Коронавирус • 03 Ақпан, 2022

Қауіптің беті қайтатын емес

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаман тұмаудың қарқыны үдей түсуде. Облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның мәлімдеуіне қарағанда, жыл басынан бері өңірде індет жұқтырушылардың саны 16 есеге көбейген.

Қауіптің беті қайтатын емес

Соңғы тәулікте ғана 700-ден астам індет жұқ­тырған. Оның 536-ы ересек адам бол­са, қалғандары – 14 жасқа де­йінгі бала­лар. Індет әсіресе, Көк­шетау, Степ­но­горск қала­ла­ры мен Бура­бай, Ерей­мен­тау, Атба­сар аудан­дарында жайылып барады.

Қауіпті дертке оқушылар да жиі ұшы­рау­да. Мәселен, төрт­күл дүниенің апшысын қуыра жеткен КВИ дерті бас­тал­ғалы
5 742 оқушы індетке шал­дығыпты. Жаңа оқу жылынан бері 3 мыңнан астам оқушы ауыр­ған. Жоғары және орта оқу орындарының студенттері де індет жұқтырушылар қата­рын­да. Олардың саны 300-ден асады.

– Қауіптің бетін қайтару үшін әрбір тұрғынның екпе қабылдауы қажет. Әрине, екпе қабыл­дағаннан кейін де дерт­ке ұшы­рағандардың бар еке­нін жасыруға болмас, – дейді өңірдің бас санитарлық дәрігері, – бір жақсысы, екпе қабыл­да­ғаннан кейін індеттің әсері жеңілдеу болады.

Бүгінде өңірде 150-ге жуық вак­цина пункттері жұмыс істеу­де. Сөз арасында осы бір жауап­кершілігі мол істе Қосшы қала­сы­ның тұрғындары көш бастап тұрғандығын айта кетсек артық болмас. Қала тұрғындары түгел вакцинаның бірінші және екінші компонентін алып үлгерген. Тиімділігі осы жерде көрініп тұр. Сараптап қарасаңыз, індет қар­­қыны бұл қалада өте төмен. Демек, вакцина салудың тиім­ді­лі­гі көзге көрініп тұр.

– Бүгінге дейін ревакцинаны тұрғын­дар­дың 50 пайызы ғана алды. Бұл барлық көлемнің жартысы ғана. Көпшілігі – мектеп мұ­ғалімдері мен медицина қызметкерлері, – дейді бас санитарлық дәрігер.

Өңірде 207 мониторинг тобы жұмыс істеу­де. Жыл басы­нан бері олар 200-ден астам бақылау жұмыстарын жүр­гіз­ген. Нәти­­же­сінде, карантин шара­ла­рын бұзған 4 нысан анық­та­лып­ты, 2 мыңнан астам тұр­ғын оқшаулау талабын бұзған, 522 облыс тұрғынына 27,6 млн теңге айыппұл са­лынған.

Бүгінгі таңда облыстағы 17 стационарда
1 205 төсектік орны бар. 700-ден астам сырқат ем қа­былдауда. Жан сақтау бөлі­мін­де 23 нау­қас жатыр. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры қам­та­­масыз етілген.

Қауіптің бетін қайтаратын жалғыз жол – екпе қабылдау екенін мамандар айтып отыр. Де­мек, жалпақ жұрт жанашыр сөзге құ­лақ асулары қажет.

 

Ақмола облысы