Медицина • 03 Ақпан, 2022

Инновациялық операция жасалды

509 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бойдағы кінәраттың жеңілі болмаса да, кеселдің ең ың­ғай­сызы, жағымсызы – көтеу. Ер-азаматтарда да, әйел адам­дарда да жиі кездесетін бұл дерт­тің шығу себептері де, емдеу жолдары да көп. Енді басталса, емдеу қиын емес, алайда ас­қы­нып кетсе, соңы операция за­лынан бір-ақ шығарады.

Инновациялық операция жасалды

Ал қазіргі заманауи медицинаға келсек, таяу күндері Алматыдағы Қалқаман шағын ауданындағы №7 аурухана дәрігерлері көтеуге күрделі эндо­васкулярлық операция жасады.

Бес жылдан бері жаны қиналып жүр­ген 46 жастағы пациент ауруха­наға тік ішегінен қан кеткеннен кейін хабарласқан. Соңғы айларда созылмалы геморройы асқынып, дәретке отыруы мүлдем азапқа айналған. Дәрігерлер тиісті диагностикалық тексерулерден өткізгеннен кейін оған ІІ дәрежелі созылмалы геморрой диагнозын қойып, операция жасауға шешім қабылдады. Осылайша, па­циент­тің тік ішек артерияларына эндо­васкулярлық эмболизация жасалды.

Проктолог маман Марат Кален­баев­­тың сөзіне сүйенсек, опе­ра­ция­ның бұл түрі кәдімгі дәстүрлі опера­ция­ның қауіпсіз баламасы екен.

«Бұл процедура наркозсыз жаса­ла­ды. Және тоқ ішекті алдын ала да­йын­даудың қажеті жоқ. Зақымсыз отаның нәтижесінде пациент бірнеше са­ғаттан кейін орнынан тұрып жүре бастайды, дәретке де қиналмай барады. Операция жүргізілген кезде тілік жасал­майтындықтан, отаның орны ауыр­майды, әрі жара болмайды», дейді М.Каленбаев.

Жалпы, клиниканың интервен­ция­лық хирургия бөлімінің меңгерушісі Сәкен Анартаев жетекшілік еткен мұндай тік ішек артерияларының эн­до­ва­скулярлық эмболизациясы тұң­­ғыш рет жасалып отыр. Ең қуа­ныш­­­тысы, бұл операциядан кейін па­циент көп ұзамай сауығып, отбасына оралды.

Мамандардың айтуынша, аталған емдеу тәсілі 1, 2 және кейде 3-саты­да­ғы сырқаттарға қолданылады. Па­­циент проктолог-дәрігерге қанша­лық­ты ерте қаралса, қауіпсіз тәсілді қол­да­нып емдеу мүмкіндігі де жоғары бол­мақ.

Мұндай инновациялық операция МӘМС аясында да қалалық №7 ауруханада тұңғыш рет жасалды. Қолдағы заманауи технологиялар мен жоғары білікті мамандардың арқасында операция сәтті шықты.

 

АЛМАТЫ