Бұл орайда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды әрі басты мәселе екеніне тоқталып, бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды тапсырды. Өңірде өткен жылы мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 40,1 мың жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып, нақты 54,2 мың жұмыс орны ашылған. Оның 20,3 мыңы тұрақты болса, 34 мыңы – уақытша жұмыс орындары. Осылайша, бекітілген жоспар 135,2 пайызға орындалды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуына қарағанда, былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 101 мың адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау жоспарланып, 102 609 адам қатысты. Бағдарлама шеңберінде 900 адам қысқамерзімді оқуды аяқтап, оның 90 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Аталған бағдарлама аясында 1 276 азамат 6 млрд 089,9 млн теңгенің шағын несиесін алды. Шағын несие алушылар тарапынан 1 402 жаңа жұмыс орны ашылды. Түзілген келісімшарттарға сәйкес шағын несиелеу жұмыстары 2022 жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Жұмысқа орналасқандардың 83,8 пайызына міндетті зейнетақы жарнасы аударылған. Жыл басындағы жағдай бойынша 42,3 мың отбасы немесе 237,5 мың адамға 12,3 млрд теңгеге АӘК тағайындалды, олардың ішінде еңбекке жарамды 68 367 адамның 52,6 мыңы жұмыспен қамтылған. Облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған «Қамқорлық» бағдарламасы шеңберінде тұрмыстық қиын жағдайға тап болған 1 036 отбасына 308,5 млн теңгеге демеушілік қолдау көрсетілді, 33 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ облыста «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 370 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасқан. Бұдан бөлек пробация қызметінде есепте тұрған 259 азаматқа квота берілген. Мысалы, Келес ауданында былтыр 4 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның ішінде пробация қызметінде есепте тұрған 21 және 200 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту шараларына биыл 3 мың орын бекітілген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының талабына сәйкес биыл 2 800 азаматты кәсіптік оқыту жоспарланған. Мамандардың айтуынша, облыста 96 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар, оның 58 мыңы еңбекке қабілетті, қазір 19 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылған.
Облыс бюджеті есебінен былтыр «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен – 229 адам, ал «Жастар практикасы» жобасымен 5 500-ден астам азамат жұмысқа орналастырылған. «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасының мерзімі 12 айға ұзартылып, еңбекақысы 91 890 теңгеге жетті. Сонымен қатар «Алғашқы жұмыс орны» жобасының мерзімі 18 айға дейін ұзартылып, айлық мөлшері 91 890 теңгеге өскен. Биыл «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасының іске асырылуы жанданады. Аталған жобаның басты мақсаты – азаматтардың өз ісін ашу мен дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау. Ұлттық жоба 10 міндеттен тұрса, оның 3-і халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған», дейді басқарма басшысы Әсия Темірбаева. Жалпы, биыл халықты жұмыспен қамту шараларына 70 мың адамды тарту жоспарланса, 240 мыңнан астам аз қамтылған азаматты қолдау көзделген. Халықты жұмыспен қамту шараларына 22,6 млрд теңге қаралған. Оның ішінде «Жастар практикасына» 5 658 жас түлекті қатыстыруға 6,2 млрд теңге, «Алғашқы жұмыс орнына» 396 адамды тарту мақсатында 436,7 млн теңге қарастырылған. «Сондай-ақ өз ісін дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары аясында мемлекеттік грантты 2 765 адамға ұсынуға 3,4 млрд теңге қарастырылды. Аталған жұмыстар аясында 2022 жылы жұмыссыздық деңгейін 5,2%, жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,6 пайыздан асырмау көзделуде. Аз қамтылған азаматтарды қолдау бойынша атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін 240,4 мың адамға 18,8 млрд теңге қаралды. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінен жұмыспен қамтылуы тиіс азаматтардың үлес салмағын 74,7 пайызға жеткізу, сәйкесінше кедейлік деңгейін 12,4 пайыздан асырмау белгіленді», дейді Әсия Құралқызы.
Облыста бүгінде көпшілікті жұмыспен қамтып отырған 142 мыңға жуық, ал Түркістан қаласының өзінде 13 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді.
Түркістан облысы