Экология • 03 Ақпан, 2022

Мақсат – Ойылдың суын ортайтпау

344 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлбетте, Ойыл өзенінің өр суын Қызылқоға ауданын­дағы төменгі арнасына жеткізудің бірден бір жолы оның бассейнінде орналасқан еліміздің заң талаптарына сай келмейтін иесіз немесе тиімсіз мемлекеттік-коммуналдық бөгеттерді өзен арнасынан түгелдей алып тастау екендігі баршаға мәлім.

Мақсат – Ойылдың суын ортайтпау

Бұл ретте, аталған өзеннің табиғи ағысын тіреп тұрған 49-дан астам заңсыз бөгет бар екені бірнеше мәрте респуб­ликалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жазылып, телеарналарда айтылса да, су ресурстарымен айналысатын құзыр­лы органдар нәтиже шы­ға­руға құлықсыздық та­ныт­ты. Сондықтан «Ойыл өзені» қоғамдық қоры «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясын» сотқа беруге мәжбүр болды. Бірнеше күнге созылған сот процесінің нәтижесінде талап қоюшы мен жауапкер татуласу келісіміне қол қойып, тараптар нақты шарттармен келісімге келді.

Айталық, жауапкер «Су ре­сурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жө­ніндегі Жайық-Каспий бас­сейндік инс­пекциясы» РММ (басшысы Ғ.Азидулин): «Құ­қық бел­гілейтін барлық құ­жаттарға то­лық ревизия жүр­гізуге, бекі­тілген жобалық құжаттама белгіленген тәр­тіпте болуы және Ойыл мен оның салалары бойында ор­наласқан гидротехникалық құрылыстардың заң талаптарына сәйкестігін тексеруге Ақ­төбе облысының прокурату­расына және Қазақстан Рес­пуб­ликасы Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нис­трлігінің Су ресурстары ко­митетіне 20.01.2022 жылға дейін және Ойыл бассейнінде салынған 49 гидротехникалық құрылыстарын тізімге сәйкес (қосымша) транзиттік режімге (өзеннің табиғи арнасында 3 метрден кем емес) ауысты­ру және өр суы кезінде су арнасын­дағы кедергілерден тазарту жұмыстары туралы орналасқан жеріне байланысты жергілікті атқарушы органдарға 20.02.2020 жылға дейінгі мерзімде орындалысы туралы жауап шартымен Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда ауданы әкімінің аппа­раттарына 20.01.2022 жыл­ға дейін ұсыныс хат жол­дайды. Қазақстан Рес­публикасы Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің Су ресурс­тары комитетінен шағын өзендерден су пайдалануға арнайы су пайдалану рұқ­саттарын беру кезінде Қа­зақстан Республикасы Су ко­дексінің 121-бабының 3-тар­­мағын қолдану тәртібі туралы 25.01.2022 жылға дейін жазбаша түсіндірме сұрайды. Ақтөбе облысы аумағындағы Ойыл өзені мен оның салаларында орналасқан иесіз гидро­техникалық құрылыстарға қа­тысты күні бүгінге дейін 20.05.2021 жылғы қажетті іс-ша­ра­ларды орындамай отыр­ған жергілікті атқарушы орган­дардың әрекетсіздігіне шара қолдану туралы ұсыныс хатты 25.01.2022 жылға дейін Ақтөбе облысының прокура­тура органдарына жолдайды» деген жауапкершілікті мойнына алса, талап қою­шы «Жа­уапкерді талап қою­шының 2021 жылғы 29 тамызда жол­даған хаты бойынша ешбір іс-шара атқармағаны әрекет­сіздік деп тану және жауапкерге заң­сыз орнатылған бөгет­терге қа­тысты әрекет­сіздіктен және Қа­зақстан Рес­публикасының су заңна­масын бұзудан келген зиян үшін кінәлі тұлғаларға осы зиянды өтеу туралы» талаптан бас тартатын болып келісілді.

– Біз осылайша келісімге келдік. Соттың арнайы ұйға­ры­мы да шықты. Көктемгі өр суының тасуына екі айдай уа­қыт қалды. Ақтөбе облысына қарасты Ойыл өзені бассей­ніндегі салалардағы бөгеттер сол мызғымаған күйі тұр. Аталған облыстың жер­гілікті атқарушы органдары 49 бө­гетті транзиттік жағдайға кел­­­­тіруге ықпал етіп, егер орын­­­­­дамаған жағдайда Қазақ­стан Республикасы Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 708 бабы, 1,2-тармақтары бойынша ла­уа­зымды тұлғаларға айып­пұл салу Жайық-Каспий бас­­­сейндік инс­пекцияның функ­ционалдық міндеттеріне кіреді.

24 қаңтар күні Су ре­сурста­рын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жа­йық-Кас­пий бассейндік инс­пек­ция­сының басшысы Ғ.Ази­дуллиннен «Татуласу келісімі» шарттарына сәй­кес, жергілікті атқарушы ор­гандарға, Қазақстан Рес­публикасы Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің Су ресурс­тары комитетіне, Ақтөбе об­лы­сының прокуратурасы­на инспекция тарапынан хат жол­данғандығы туралы мәлімдеме келді. Жақын күндері аталған инспекцияға өтініш түсіре отырып, бұлақ басында бөгет салып, оны пайдаланып отырған шаруа қожалықтардың су заң­ды­лықтарына байланыс­ты мәселелері бойынша әр бө­­гетке «Ойыл өзені» қо­ғам­дық қоры атынан іс-шара қа­был­дайтынымызды қапер­ле­ріңізге береміз, – дейді «Ойыл өзені» қоғамдық қоры­ның мүшесі, та­биғат жанашыры Есенбай Нұров.

Сайып келгенде, Ойыл өзе­­нінің ауданға жетпеуіне көрші облыстың жауапты ме­ке­мелерінің де ықпалы бар екен­дігі заңдылық тұрғыда дәлел­деніп отыр. Бұл ретте, Су ре­сурстарын пайдалануды рет­теу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының өз мойындарына алған міндеттемелерін орындауға әкеліп соғып отыр­ғаны анық. Ендеше, ендігі кезек құзырлы органдардың заң­дылық тұрғысында әрекет етуге тіреліп тұрғаны сөзсіз.

 

Бауыржан АМАНҰЛЫ,

«Қызылқоға» аудандық газетінің бас редакторы

Атырау облысы