1988 жылы мектепте оқып жүрген кезімде әкем Кеңестің «Жанар Айжанова деген жас қыз қазақтың қара домбырасымен сахнаға шығып, құйқылжытып Шәкәрім Құдайбердіұлының «Анадан алғаш туғанда» деген әнін салғанда, көрермендер ұйып тыңдады, ризашылығын білдіріп гүл сыйлап жатыр», деп мақтағаны әлі күнге дейін есімде.
Арада 26 жыл өтіпті, қазір сол әкем (марқұм) мақтаған Жанар Айжанова әпкеміз, Айгүл Иманбаева қарындаспен бірігіп «КТК» телеарнасынан «Той Bеst star» деген бағдарламаны басқарып жүр. Күні кеше, 15 наурызда кешқұрым телеарнаны қосқаным сол-ақ еді, әлгі бағдарлама жүріп жатыр екен. Бұрынырақта да қарап тұратын бағдарлама еді. Қазақы дастарқанның қадір-қасиетін көрсетуде жан-жақты жұмыс жүргізетініне де куәміз. Ет асқан аспаздардың шеберлігін салыстырып, мүшелеудің мәнісін түсіндіріп, салт-дәстүрімізді өтімді тәсілдермен насихаттап жататын. Ал бұл жолы көргенім жанымды түршіктірді. Алдымен сахнаға бір жігіт өлең айтып шықты, артынан екі қыз келіп басынан бір табақ борщты құйып жіберді, артынан бір қыз келіп басынан екі литр коланы асықпай құйды. Ән айтып тұрған жігіт ешқандай қарсылық көрсетпей, одан бетер тамақтың үстіне секіріп билеп, жалғастыра берді. Одан кейін сайқымазақтың киімінде бір жігіт шығып, ән айтып тұрған жігіттің бетіне қолындағы тортын жақты. Қызыл-сары бояу құйды, құстың жүнін үстіне төкті. Залда отырған көрерменмен қосыла Жанар мен Айгүл бетін басып, езуі екі құлағына жеткенше күлді. Кола құйған қыз өлең айтқан жігітке «алғыс хат» тапсырды. Сол бағдарламаға қонақ болып келген, үнемі кемпірдің рөлін сомдайтын Ерболат деген жігіт қосылып күлді.
Өлең айтқан жігітке Айгүл мен Жанар «Бәрекелді! Жарайсың, нағыз жігіт екенсің» деп айтып жатты. Бұл не, тойынғандық па? Әлде азғындағандық па? Қалай түсінуге болады? Құдайым-ау, нанның ұсағын жинап алып жеп қоятын қазақ бүгінде тамақтың үстіне би билеп, өлең айтуға шығыпты. Мұндай сорақылық әлемнің бірде-бір елінде жоқ. 1931-32-жылдары ашаршылықтан талай миллион қазақ қынадай қырылып еді, «қарны тойғанда, қарның аш кезді ұмытып кетесің» дейтұғын біздің ауылдың ақсақалдары. «Американский пирог» деген фильмнен үзінді алғанға ұқсайды. Сол кинода үйленіп жатқан ерлі-зайыптылар бір-біріне пирог жағып мәз болады. Ол АҚШ, ал біз Орталық Азияда тұратын мұсылман еліміз.
Оның үстіне бағдарламаға қатысушы жігіттер мен қыздар да өңкей өзіміздің қаракөздер. Осы бағдарламаны еліміздің миллиондаған жастары көрді, олар кімдерді үлгі тұтып, кімдерге қарап өсетіні түсініксіз. Әлгі бағдарламаға қатысушылар мен кейіпкерлердің бәрі дерлік ешқандай ата-ананың тәрбиесін көрмеген, ешқандай ұстаздың алдында болмағандай әсерде қаласың. Біресе орысша, біресе қазақша сөйлейді, сахнадағы әдеп, әдемілік дегеннен жұрдай. Не болса, соған қол шапалақтап, алды-артын білмейтін сәбиді есіңе түсіреді, бет алдына ыржалақтай береді, шетінен ата-бабасы тіріліп келгендей, мәз-мейрам.
Өткенде қазақтың киелі ұлттық тамағы – етіне тиісіп, «Бешбармақ шоу» деп бір бүлдіріп еді, енді «Той Best star» шықты. Алғашқыда атының өзінен шошып едік. Осыдан кейін ойыңа «біз алаңсыз тынған халық екенбіз» дедім ішімнен, түнімен ұйықтамай шықтым. Балаларымның болашағына алаңдадым. Әкем жатса-тұрса «Жанар Айжанова өте жақсы өлең айтады» деп мақтап отыратұғын. Басқа-басқа, жанға жайлы дауысымен халық әндерін сызыла тұрып шырқайтын, өзі де қазақы мінезді Жанарға не көрінген?! Әбубәкір Кердері бабамыз:
«Қызды көркем жаратқан,
Мінездің ауыр салмағы.
Осы күннің қыздары,
Жалтақ-жалтақ қарайды,
Біреуде бардай алмағы.
Оның аты қыз емес,
Шайтанның ұшқан қаңбағы» демеуші ме еді.
Жұмамұрат ШӘМШІ,
тарих ғылымдарының кандидаты.
АСТАНА.