Сал ауруларына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы «Парасатты өмір» бағдарламасының тұсауын кесті. Бағдарлама аясында орталық төрт бөлме ашқан. Емдеу-шынықтыру бөлмелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар тағдырлас адамдарымен пікірлесіп, әңгімелеседі. Бұл бөлмелерде арнайы дәрігер-реабилитолог, дәрігер-неврапотолог қызмет көрсетеді. Релаксация бөлмесі жүйке жүйесін тыныштандыратын заманауи құралдармен, спорттық-денешынықтыру бөлмесі электрлі велотренажер, вертикализатормен жабдықталған. Орталықта инватакси қызметі жұмыс істейді. Қазір екі көлік бар. Инватакси қызметі мүмкіндігі шектеулі жандардың қала ішінде жүріп-тұруына қолайлы. Орталық қызметкерлері осындай арнайы жабдықталған тағы бір көлік болса дейді. Сонда бұл көліктің қызметін пайдаланушылардың сұранысын анағұрлым қамтамасыз етуге мүмкіндік тумақ. Бұл жерде жаттығу тегін. Сонымен бірге, орталықта қоғамдық қабылдау, әлеуметтік қызметтер бөлімі, «Д.А.Р» еріктілер клубы жұмыс істейді. Қажет болса логопед, заңгер, психолог қызметтері де ұйымдастырылады. Ақтөбе қалалық сал ауруларды қолдау қоғамы директорының орынбасары Гүлмирам Сражованың айтуынша, аталған бағдарлама мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалтуға, өмірге қайта оралуына бағытталып отырған көрінеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.